Түркістан облысы – еліміздегі мақта өсіретін жалғыз өңір. Бұл бағытта 25 мың агроқұрылымда 70 мыңға жуық адам еңбек етеді. Жыл сайын 120 мың гектарға жуық мақта егіліп, 300 мың тоннадан астам шитті мақта жиналады. Мақтаға қатысты өзекті мәселелер де жыл сайын көтеріліп келеді.

Мақта – қоршаған ортаға, ауа ра­йына, топырақтың құнарлылығына, әсiресе күн көзi мен ағын суға талғамы жоғары техникалық дақыл. Бұл орайда мамандар Түркістан өңірінің мақталы аудандарында топырақтың сорлануы, ағын судың тапшылығы себебінен басқа дақыл егуге мүмкіндік жоқтығын, сондықтан шаруалар мақта егуге мәжбүр екенін айтады. Мақта дақылымен айналысатын шаруа қожалықтары кейінгі жылдары жақсы өнім жинай алмай, табыс табудың орнына тек шығындарын өтеп, кей жағдайда қарызға батып келеді. Жуырда Сенат депутаттары шаруалардың жағдайына алаңдаушылық танытып, мақта саласының жылдан-жылға нашарлауына себеп болған факторларды атап, Үкімет басшысына сауал жолдады. Сенаторлар қаражаттың болмауы, шаруалар агротехникалық шараларды толық көлемде жүргізе алмауы, судың, сапалы тұқымдардың тапшылығы жоғары өнім алуға мүмкіндік бермейтінін алға тартты.

«Орташа өнімділіктің, мақта бағасының төменділігі шаруаларды қатты күйзелтіп отыр. Бұл жағдайға алып келіп отырған негізгі себеп, өндірілген өнімнің басым көпші­лігі делдалдар арқылы экспортқа шығарылады. Ал импорттаушы елдерде (Еуропа, Түркия) энергия бағасының өсуіне байланысты мақта талшығын өңдеудің өзіндік құны едәуір өскендіктен, мақта талшығына сұраныс күрт төмендеді. Бұл жай экономикамыздың сырт­қы факторларға тәуелділігін тағы да көрсетіп отыр. Елімізде мақ­та талшығын терең өңдейтін 3 кә­сіпорын ғана бар, олардың үлесі

15%-дан аспай отыр. Жиналған мақтаның 85%-ы шикізат күйінде экспортталады. Мақта өнімін қайта өңдеу қызмет ақысы – тоннасына 150-170 мың теңге. Салыстырма­л­ы түрде мақта саласы бойынша алғашқы ондыққа кіретін көршілес Қытай мен Өзбекстанда қызметтің бұл түрі тоннасына 40-60 мың теңгені құрайды. Яғни өңірдегі өңдеу қызмет ақысы 3 есе артық. Соны­мен қатар халықаралық нарықта өңдеуден өткен мақта талшығы 35-60 см болған жағдайда жоғары бағаланады, біздегі өндірілген мақ­та талшығының басым бөлігі 20-25 см, ең жаңа зауыттарда 30-35 см-ге әзер жетеді», деп жазылған сенаторлардың депутаттық сауалында.

Сондай-ақ депутаттар жоға­рыда аталған 3 кәсіп­орынның дайын өнімді ішкі нарықта өткізе алмауын мақта шаруашылығының дамуына тежеу болып тұрған факторлардың бірі ретінде атады. Мысал ретінде «Azala Textile» компаниясының жұмысын кел­тірді. Фабрика тауар­ларын өткі­зе алмау себе­бінен 2025 жылы наурыз айынан бас­тап өз жұмысын тоқтатқан. Бірақ жыл сайын елі­міздің ұлттық компаниялары тоқыма тауарларын сатып алуға миллиардтаған қаржы жұмсайды. Бір ғана «Қазақстан темір жолы» компаниясының осы бағыттағы сатып алу үлесі 40 млрд-тан астам теңгені құрайды. Сондықтан сенаторлар мақта кластерін дамыту үшін отандық зауыт-фабрикаларына офтейк келісімімен қолдау көрсету қажет деп есептейді.

Мақта кластері демекші, «ақ алтын» нарығына экспорттық тәуелділікті жою, елімізде тоқыма-тігін саласын дамыту мақсатында 2023 жылы облыста «Мақта ша­руашылығын дамы­ту­дың және мақта-тоқы­ма кластерін қолдаудың 2027 жыл­ға дейінгі өңірлік жол картасы» бекітілген. Жол картасы егістікті әртараптандыру, тұқым­мен қамтамасыз ету, жаңа техноло­гияларды енгізу, мақта кластерін құру сынды 4 бағытты қамтиды. Облыс әкімдігі мақта бағасының жыл сайын өзекті болуының басты себебі ретінде шитті мақтаны сату бағасының экспортқа тәуелділігін атап отыр. Бұл орайда елімізде тоқыма, тігін өнеркәсібін дұрыс жолға қою маңызды. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков туындап отырған мәселелерді шешу бағытында жол картасына сәйкес 5 мақта-тоқыма кластерін құру қолға алынғанын айтады. Бұл жобалардың өңдеу қуаты жылына – 193,3 мың тонна, 7 030 мың жұмыс орындары ашылады. Нақтырақ айтсақ, Түркістанда «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС, Мақтарал ауданында «Global textile» ЖШС, «Cotton makta» ЖШС, Жетісай ауданында «TST Jetisay textile», Сауран ауданында­ «Казтекс» ЖШС мақта-тоқыма клас­­терін құру инвестициялық жобалары бойынша жұмыс басталған.

Мақталы аудандардағы ша­руалардың мәселесін шешу бағы­тында облыстық деңгейде қолға алынған жұмыс жетер­лік, мемлекеттік қолдаулар да аз емес. Биыл облыста мақта дақылын 135 мың гектарға орналастыру жос­парланды. Былтыр 106,4 мың гек­тарға егілген еді. Бұл жалпы егістіктің 12%-ын құрады. Орташа өнімділік гектарына 28,2 центнерден түсіп, жалпы 301,2 мың тонна өнім жиналды.

Мақта дақылын өсіріп-баптауда жаңа технология ендіруді қолға алған «Алтын дала мақта» ЖШС-ның серіктес шетелдік инвес­то­ры­мен облыс әкімдігі тарапынан келіссөздер жүргізіліп, нәти­же­сінде, «Xinjiang Lihua (Group) Co., «LTD» компаниясы 40 мың тонна шитті мақта сатып алды. Сондай-ақ шитті мақтаны сатып алу жөнінде Өзбекстан, Қытай елдерінің компанияларымен келіссөздер жүргізіліп, мақта өңдеу зауыттары тауар өнді­рушілерге алдын ала тоннасына 200 мың теңгеден төлем жасады. Түпкілікті бағасы – шитті мақтаның сапалық көрсет­кіштеріне байланыс­ты 220-250 мың теңгені құрады.

«Өсімдік шаруашылығын мем­лекеттік қолдау аясында облыс­та қаржылардың басым бөлігі мақта ша­руашылығын дамы­туға бағытталып отыр. Тех­но­ло­гиялық карта бойынша 1 га мақта өсіру шығыны 330,5 мың теңгені құрайды. Орташа 2,5 тонна өнім алынса, 1 тонна мақтаны өсірудің өзіндік құны 132,2 мың теңге. Бұл ретте мемлекет тарапынан орташа есеппен 1 гектарға 74,1 мың теңгеден мем­­­­лекеттік қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, мақ­та шаруа­шы­лықтарына 4 бюджеттік бағдар­лама бойынша 9 685 агроқұрылым­ға 5,1 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл – облыстың өсімдік шаруашылығына бөлін­ген қаржының 61%-ы. «Тұқым шаруашылығын қолдау» бағ­дар­ламасы бойынша облыс әкімдігінің ұсыныстары негізінде қағидаға өзгерістер енгізіліп, мақта шитінің нормативтері 1,5-2 есеге дейін ұлғайды. Бірегей сұрыптың тоннасына 700,0 мың теңге бекітілді, ескі нормативте бұл баға 497 мың теңгені құраған. Жаңа қағидаға сәйкес «Элита» – 653,1 мың тг/тн (ескі нормативте – 300,0 мың тг/тн), «R1» – 275,0 мың тг/тн (ескі нормативте – 175,0 мың тг/тн), «R2» – 237,5 мың тг/тн (ескі нормативте – 137,5 мың тг/тн). Жалпы тұқым шаруашы­лығын қолдауға биыл 482,2 млн теңге, мақта шаруашылықтарына 307,4 млн теңге қаржы бөлін­ді. Сонымен қатар биыл Өзбек­стан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі жанын­дағы «Тұқым шаруа­шылығын дамыту орталығы» мекемесімен келіссөздер жүр­гізіліп, сапалы (1,9 мың тонна) шитті импорттау келісілді, 891 тонна сатып алынды. «Минералды тыңайтқыштардың құнын субси­дия­лау» бағдарламасымен 2024 жыл­дан бастап аванстық төлем жүйесі ендіріліп, отандық тыңайт­қыштар 60%-ға субсидияланды. Облыстық бюджеттен 8,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Қаржының 51%-ы (4,3 млрд теңге) мақ­та шаруа­шылықтарына төленіп, 58 мың тонна тыңайтқыш енгізілді», дейді Н.Тұ­рашбеков.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндіру­шілердің аса қауіпті зиян­­кес­терге қарсы өңдеу шығын­да­рын азайту мақсатында сатып алын­­ған пестицидтердің 50%-ы суб­­си­дияланады. Облыс тауар өндіру­шілері «Кең дала», «Кең дала 2» несие бағдарламалары бойынша 18,8 млрд теңгеге қар­жы­лан­дырылды. Оның ішінде мақ­та шаруашылықтары 8,9 млрд теңгеге несие­лендірілген. Ауыл шаруашылығы тауа­рын өндi­ру­шiлерге су беру қызметі құнын субсидиялау бағытында өткен жылы облыстық бюджеттен 42 млн теңге қолдау қар­жы бөлінген. Мақта шаруа­­шы­лық­тарына 24,3 млн теңге қолдау көр­сетілді. Су үнемдейтін тех­нология­ларды пайдалан­бай суару кезінде ағын судың субси­дия мөл­шері 2025 жылы тарифтің 40-65%-ын құрайды. Су үнемдейтін технологияларды пайдалана отырып суару кезінде ағын суының субсидия мөлшері тарифтің 60-85%-ын құрайды.

Сенаторлар нарықтық эконо­микаға сай барлық тараптардың құқығы қорғалып, әділ бәсеке­лестік пен сапалы өнім алу мақса­тында арнайы мақта саласын дамыту туралы заң әзірлеу мәселесін қарастыру қажет деп есептейді. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға шаруа қожалықтарынан мақтаны сатып алу бойынша тұрақтандыру қорын құруды, аграрлық несие корпорация­сы шаруалар өнімді сатқанға дейін несиелер бойынша қайтару мер­зімін ұзарту мәселесін шешуді тапсыру керек. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп мақта кластерін құру мәселесін қарастыруы қажет. Депутаттар, сонымен қатар Үкімет басшысына жолдаған сауалында отандық мақтаның сапасын жақсарту, әлемдік нарыққа шығару үшін мақта шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасын әзірлеп, енгізу қажеттігін, оған жергілікті атқарушы органдар мен мақта өндірушілері тартылуға тиіс екенін айтады. Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі мен Сауда және инте­грация министрлігі жоғары сапа­лы мақта сұрыптарын сатып алу мәсе­лесін, өңдірілген сапалы өнім­дерді сұранысы мол Азия мен Оң­түстік-Шығыс Азия елдерінде өт­кі­зу жолдарын қарастыруы керек.

Түркістан облысы