Ел экономикасының құрылымы өзгеріп жатыр.

Тың жобаларға қомақты қаржы қажет. Президент шетелдік инвесторлар кеңесінің 37-ші пленарлық отырысында Қазақстанның әлеуетін таныстырды. Қазір шикізатты терең өңдеп, жаңа буындағы өнеркәсіп құру жолына түскенімізді айтты. Стратегиялық транзиттік хаб ретінде мықтап қалыптасуға күш салынып жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ халықаралық серіктестерді цифрлық және жасанды интеллект инфрақұрылымдарын бірлесе дамытуға шақырды. Агроөнеркәсіп кешенін көтеруге үндеді. Ал жобаларды қолдайтындар заңдық тұрғыда толық қорғалатынын жеткізді.

Жаһанда жағдай жайлы емес. Уақыт суытпай арада уағдаластық бұзылып жатыр. Жетекші елдер бірін бірі әбігерге салып, әуселесін бағып жүр. Ал ол әрекеттері әлемдік экономикаға кесірін тигізді. Әзірге тықыр таяна қоймаса да сарапшылар таяу жылдары жаһандық жалпы ішкі өнім өсімі 2,9 пайызға дейін баяулайтынын болжаған. Өйткені инфляциялық қысым күшейіп, жеткізу тізбегі үзіліп, іскерлік ортада іркіліс көп. Бұл біздің елге де оңай тиіп жатқан жоқ. Бірақ халықаралық сындарлы диалогтың арқасында қыспақтан аман қалдық.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан секілді елдердің экономикасы осындай сын-қатерлер кезінде сыртқы дағдарыстарға төтеп бере алды. Биылғы бес айда Қазақстан экономикасы 6 пайызға өсті. Оған көлік және логистика, құрылыс, сауда, тау-кен өнеркәсібі және өңдеу салалары көп үлес қосты.

Ал инвесторларды үйіру үшін үлгі болу керек. Елдегі инвестициялық штаб «осы жерде және дәл қазір» қағидатымен жұмыс істейді. Бұл қаржы құюдың дүниежүзілік қағидасы. Аталған штаб 70 млрд доллар болатын 137 инвестжобаға қолдау көрсетті. Заңға түйткілдерді шешетін 140 түзету енгізді. Тағы «прокурорлық сүзгі» бар. Яғни биылдан мемлекеттік органдар Бас прокуратураның келісімінсіз инвесторларды тексеруге, әкімшілік іс қозғауға, талап-арыз беруге құқылы емес. Мемлекеттік қызметтерде «бір терезеден» көрсетіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесінде еліміздегі геологиялық барлау жұмыстарына әлемдік ірі ойыншылар – Rio Tinto, Fortescue, Ivanhoe, First Quantum және Tech Resources компаниялары келді. Жаңа Салық кодексінде шикізатты ел ішінде терең өңдеуді ынталандыратын роялти тәртібі қарастырылады. Еліміздің бай минералды-шикізаттық базасы, жер қойнауын пайдаланудағы заманауи заңнамасы мен ашық салық жүйесі жаһандық тізбектегі маңызды минералдарды жеткізу бойынша стратегиялық орнымызды қамтамасыз ететініне сенімдіміз.

Қазақстан шикізатты терең өңдеу және жаңа буындағы өнеркәсіптік өндіріс құру жолына түсті. Машина жасау бойынша теміржол саласында озық компаниялармен ынтымақ орнатылды. Alstom компаниясы 3 жылдан кейін локомотивтердің жаңа буынын шығарады. Ал Wabtec кәсіпорны балама отынмен жүретін жылжымалы құрамға 200 млн доллар инвестиция құйды. Stadler Rail компаниясы жылына 100 вагон шығаратын зауыт салды. Президент елдің агроөнеркәсіп кешенінің жоғары әлеуетіне де тоқталды. Егістік және жайылым көлемі жағынан әлемде алтыншы орында. Астық экспорты бойынша жетекші он мемлекеттің сапында. Сондай-ақ стратегиялық транзиттік хаб ретіндегі мәртебені нығайтуға баса мән беріледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жоспарға сәйкес, 2029 жылға дейін 11 мың шақырым темір жол жаңғыртылып, жаңа 5 мың шақырым темір жол салынбақ. Биыл «Достық — Мойынты» учаскесінде жалпы ұзындығы 830 шақырым болатын темір жол іске қосылады. Жоспарланған мерзімінен екі жыл бұрын пайдалануға берілген стратегиялық маңызды бағыт өткізу қабілетін бес есе арттыруға мүмкіндік береді.

Жалпы елдің халықаралық көлік дәлізі 1600 шақырымға артты. Биыл 13 мың шақырымнан көлік жолы салынып, жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Президент халықаралық серіктестерді цифрлық және жасанды интеллект инфрақұрылымдарын бірлесе дамытуға шақырды. Бекер емес. Қазақстан БҰҰ рейтингінде цифрландыру бойынша көшбасшы 30 елдің санатында. Финтех-компаниялар саны 4 еселеніп, криптобиржалар мен төлем жүйелерін қосқанда «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген компаниялар саны 4 мыңнан асты. Елдегі транзакциялардың 89 пайызы қолма-қол ақшасыз жүзеге асырылады. Ал, соңғы төрт жылда мобильді банкингті қолдану 460 пайызға өскен.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз CryptoCity жаңашыл пилоттық аймағын құруды жоспарлап отырмыз. Онда тауар сатып алуға, қызметтер мен басқа да мақсаттарға криптовалютаны пайдалануға болады. Еліміз үшін жасанды интеллектіні ілгерілетудің стратегиялық маңызы зор. Жасанды зерде мемлекеттің болашақ дамуының, бәсекеге қабілеттілігінің және цифрлық егемендігінің басты факторы.

Ұлттық экономиканың тынысын ашу үшін ұтымды ұсыныс қолдау табу қажет. Егер Үкімет пен әкімдер істі шебер үйлестірсе шешілмейтін түйін жоқ.

Нысаналы Ығыл