«Былқылдақ» көлінде жиналған сынаптың Ертіс өзенінің суымен араласып кету ықтималдылығы туралы мамандар талай мәрте ескерткен. Соған орай аумақ өңірдегі экологиялық өзекті мәселенің біріне айналып тұр.
Еліміз бойынша сынаппен ластанған ең ірі аумақ Павлодар қаласының солтүстік өнеркәсіп аймағында орналасқанын екінің бірі біле бермейді. Аумақтағы топырақ қабаты мен «Былқылдақ» көлінде жылдар бойы шамамен 900 тоннадай сынап жиналған. Кейінгі 20 жылда мұнда кешенді жұмыс қолға алынып, «Жер қабатындағы қабырға» жобасы жалғасып жатыр.
Түсініктірек болуы үшін айта кетелік, «Химпром» деп аталған павлодарлық зауыт 1975–1993 жылдар аралығында жұмыс істеген. Сынапты пайдалана отырып каустикалық сода мен хлор шығарған қауіпті өндірісте 82 электролизер болған. 28 жыл ішінде кәсіпорыннан топырақ қабатына шамамен 1 350 тонна сынап түскен деп шамаланады. Бірақ бұл нақты сан емес. Зиянды зауыт жабылған соң онда құрамында сынап бар қалдықтар мен топырақ полигондары, электролиздер мен өндіріс суын жинайтын суқоймалары анықталды. Сол уақытта мемлекет билігінің алдында халық денсаулығын қорғау және өңірдегі экологиялық ахуалды тұрақтандыру мәселелері тұрды. Қоғам тарапынан бұған байланысты наразылық та күшейіп, жылдар бойы жиі талқыланған тақырыпқа айналды. «Былқылдақ» көлі сол зиянды қалдықтардың ордасына айналған.
«Былқылдақ» көлі мен оның айналасындағы бүгінгі экологиялық ахуал қандай? Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиевтің айтуынша, сынаппен ластану проблемасын шешу – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы Павлодар облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмаларының бірі. Кейінгі 20 жыл ішінде аталған аумақта жүйелі жұмыс ұйымдастырылған. Ластану ошақтарына мониторинг (атмосфералық ауаның, жерүсті және жерасты суларының, топырақтың және т.б. жағдайын бақылау), бұрғылау, қосымша бақылау ұңғымаларын орнату жүргізіліп келеді.
– 2016 жылы отандық, халықаралық сарапшыларды тарта отырып, Павлодар қаласының Солтүстік өнеркәсіптік аймағының демеркуризация және сынаппен ластану объектілерін оңалту жөніндегі тұжырымдама әзірленді. Тұжырымдама қысқа, орта, ұзақмерзімді міндеттерді кезең-кезеңімен шешуді ұсынады, бұл бірқатар ұйымдастырушылық, техникалық шараларды көздейді. Ауыр металды тежеу – басты мақсат. Одан соң 2017 жылы сынап мониторингі бағдарламасы түзетіліп, атмосфералық ауаның, топырақтың, жерасты, жерүсті суларының, қар жамылғысының жай-күйін бақылау, балықтар әлемі мен суда жүзетін құстардың биологиялық үлгілерін, «Каустик» АҚ-да жұмыс істейтін адамдардың шаш үлгілерін талдау енгізілді, – дейді вице-министр.
Аумақта 2019 жылы жерасты суын іріктеу үшін қосымша 41 бақылау ұңғымасы бұрғыланса, 2021 жылы су жинақтағышқа түсетін атмосфералық жауын-шашынды бұру үшін дренаждық арық орнату бойынша жұмыстар жүргізілген.
2022 жылы сынаппен ластанған учаскелерді картаға түсіру жұмысы аяқталды, сынаппен ластану дерекқоры әзірленді. Бұдан бөлек, биыл 2026–2030 жылдарға арналған сынап мониторингі бағдарламасына түзету жүргізілетін болады. Мониторингті биыл аккредиттелген сынақ орталығы – «Gio Trade» ЖШС жүргізіп жатыр. Компания мәліметінше, мамандар 75 атмосфералық ауа, 24 топырақ, 16 жерүсті сулары, 10 қар жамылғысы, 509 жерасты сулары сынамаларын, құстар мен балық әлемін зерттеуді, 9 шаш сынамасын алуды жоспарлаған. Сондай-ақ 15 бақылау ұңғымасын қалпына келтіру көзделген.
Бұл жердегі негізгі қауіп көзі – «Былқылдақ» көлі (су жинақтағышы). Ол 1973 жылы «Былқылдақ», «Шөптікөл» көлдерінің орнында сарқынды суларды жинақтау мақсатында құрылған. Аумағы шамамен 2,1 гектардан асатын су жинақтағыш бұрынғы химиялық зауыттың орнына жайғасқан «Каустик» АҚ-ға 2030 жылға дейін жалға берілген.
Ресми деректерге сүйенсек, өнеркәсіптік аймақта бұрынғы №6 сорғыдан көлге дейінгі автожолдың батыс жағынан «Жер қабатындағы қабырға» – сүзгіге қарсы пердесінің құрылысы аяқталған. Бұл сынап қалдықтары жиналған арнайы орындардағы улы элементтер Ертіс өзені мен жақын маңдағы ауылдарға жетпеуі үшін тұрғызылған. Жер астындағы қабырғаның тереңдігі 8-15 метрді құрайды. Сынапты тұмшалап қоюға арналған қабат түзу үшін әуелі ұзын орлар қазылған. Одан соң шұңқырларға сазды балшық пен тиксотропты сұйықтық төгілген. Нәтижесінде, жер астында ұзындығы 2,4 км химиялық улы зат өтпейтін қорғаныс пайда болған.
– Солтүстік өнеркәсіп аймағының демеркуризация және сынаппен ластану объектілерін оңалту жөніндегі тұжырымдамасын әзірлеу кезінде, әрі бұрын жүргізілген зерттеулердің негізінде көл түбіндегі сынаптың көлемі шамамен 13,2 тонна деп бағаланды. Бірақ сынаптың жерасты суларына араласуы ықтималдылығын анықтайтын қосымша зерттеулер қажет. «Жер қабатындағы қабырғаның» тиімділігін бақылау үшін 25 бақылау ұңғымасы бұрғыланды. Олар арқылы тұрақты мониторинг жүргізіліп келеді. Сынаптың Ертіс өзеніне жету қаупі байқалмайды. 2022 жылдан бастап өзеннің жоғары арнасы – Абай облысымен шекарада, төменгі бөлігі – Ресей Федерациясымен шекарадағы аумақтарда мониторинг жүргізіледі. Кейінгі 3 жылдағы сынамалар сынаптың болуын анықтаған жоқ. Бұл трансшекаралық сипаттағы қауіптің жоқтығын көрсетеді. Өзен суының сапасы өңірде 9 арнайы бекетте тексеріледі. «Қазгидромет» РМК Павлодар филиалы тұрақты гидрохимиялық мониторингтерін жалғастырып жатыр. Мәселен, биылғы алғашқы бес айдың қорытындысында еліміздегі ең ұзын су артериясындағы сынаптың мөлшері 0,00001 мг/дм3-ді құрады. Бұл барлық қауіпсіздік нормативтеріне сай келеді, –дейді Ж.Әлиев.
«Каустик» АҚ сарапшыларының ақпарынша, бұрынғы химиялық зауыттың аумағында жалпы көлемі 900 тонна сынап қалдықтары бар. Олардың басым бөлігі өндірістік қалдықтарға арналған арнайы полигон ошақтарында көмілген. Өкінішке қарай, ондағы сынаптың жерасты суларымен араласу мүмкіндігін зерттеуге ден қойылмай отыр.
«Былқылдақ» көлінің, оның айналасындағы аумақтың мәселесімен Павлодар облысының құзыретті басқармалары шұғылданады. Өңір басшылығы жыл сайынғы қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, Ертіс өзеніне сынап қалдықтарының түспеуін қамтамасыз ететін жұмыстарды тұрақты жүргізіп келеді. Көл маңайындағы 4 бақылау нүктесінде топырақ сынамалары алынып, барлығында рұқсат етілген шекті концентрацияның артуы байқалмаған. Яғни ең көбі 0,18 мг/кгд-ы көрсеткен. Қолданыстағы норматив – 2,1 мг/кг.
Павлодар облысы