Жылдың басынан бері тіркелген 314 дерек — бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда үш есе көп көрсеткіш.
Құзырлы органның бастамасымен ұйымдасқан қылмыстық топ анықталып, 12 алаяқ ұсталды. Олар 350-ге жуық азаматты алдап, опық жегізген. Жамбыл облысы прокуратурасының мәліметінше, бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасып жатыр.
25 жастағы Светлана бірер ай бұрын алаяқтардың арбауына түскен. Ол әлеуметтік желіде қайтарымсыз қаржы алып береміз деген хабарламаға көзі түседі. Содан байланысып, кеңсесіне де барған. Ондағылар кез келген тұрғынға қайтарымсыз несие берілетінін айтып сендірген. Сөйтіп, микроқаржылық ұйымнан 700 мың теңге несие алдырады.
Светлана, қала тұрғыны:
- Телефонмен сөйлесіп болған соң мен олардың қалада орналасқан кеңсесіне бардым. Онда Надежда деген әйел күтіп алды. Сөйтіп, мені суретке түсіріп құжаттарымның көшірмесін алды. Одан соң несие рәсімдеді. Алған ақшаның жартысын өзі алып, қалғанын маған берді. Қайтарымсыз несие деген еді. Бірақ бір айдан асып, коллекторлар хабарласқанда алданғанымды білдім.
Светлана секілді арызданушылар саны 147 адамға жеткен. Прокуратура өкілдері күдіктіні ұстап, оның тағы 6 сыбайласы барын анықтады. Алаяқтар әккі әрекетін 3 жыл бойы жасап, 101 миллион теңгені қалтаға басқан. Сонымен қоса құзырлы орган өкілдері 200 адамның 120 миллион теңгесін жымқырған ерлі-зайыптыны анықтады. Олар ватсап мессенжерінде арзан ыдыс-аяқ сатамыз, деп ақша жиып, тауарын бермеген. Жалпы жыл басынан бері интернет алаяқтықпен айналысқан 12 қылмыскер ұсталды.
Бақытжан Жылгелдиев, Жамбыл облыстық прокуратурасының басқарма прокуроры:
- Ағымдағы жылы жалпы 314 алаяқтық қылмыс тіркелген. Оның ішінде 51 пайызы ашылған қылмыстар. Яғни олар бойынша күдіктілер анықталған, және ұсталған. 72 есепшот бұғатталды. Азаматтық сотпен дропперларға қатысты 16 миллион теңгеге жуық 10 талап арыз қанағаттандырылған. Сонымен қатар екінші деңгейлі банктермен жәбірленушілердің аттарынан рәсімделген кредиттер бойынша жалпы 160 миллион теңгеге жуық тұрақсыз айыптар тоқтатылған.
Облыста былтыр жарты жылда алаяқтық бойынша 102 дерек тіркелсе, биыл жыл басынан бері қылмыс саны 3 есе артқан. Жәбірленушілер саны 400-ге жуықтаған. Шығын көлемі 500 миллион теңге болып отыр. Қылмыскерлер әдетте банктің қауіпсіздік қызметкері немесе құқық қорғау органдарының маманы ретінде хабарласады.
Мұхаммед Қошмағанбетов, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
- Интернет алаяқтықтың құрбаны болмау үшін; қарапайым ереже шаралар бар. Яғни ешкімге өздеріңіздің деректеріңізді айтпау. Сонымен қатар банк картасының нөмірін айтпау керек. Егер де белгісіз бөтен тұлғалар хабарласып жатқан жағдайда олармен сөйлеспей тұтқаны қоя салу. Қазір енді жасанды интелектінің дамыған заманы ғой. Соны қолдану арқылы олар өздерін қазақша сөйлетеді.
Қылмыстың алдын алу үшін былтыр аймақта интернет алаяқтыққа карсы мекемеаралық киберпол басқармасы құрылды. Мекеме алаяқтық шоттарты анықтап, бұғаттап, шығындарды қайтарумен айналысуда.
Мерей Бает, Тимур Сейілхан