5800-ден аса қазақстандық түзету мекемелерінен босап шығады.
Мәжіліс депутаттары Конституцияның отыз жылдығы қарсаңында рақымшылық жасау туралы заң жобасын ұсынды. Бұл ел тарихындағы ең ауқымды рақымшылық акциясы. Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, 2012 жылы 3700-ден астам адам рақымшылыққа іліксе, 2016 жылы 5010, ал 2021 жылы ізгілік акциясы аясында 2400-ден астамы мерзімінен бұрын босап шыққан. Бүгінде қылмыстық атқару жүйесінің мекемелері мен тергеу изоляторларында 40 мыңнан астам адам қамауда отыр. Бұдан бөлек 27 мыңнан астам адам пробация қызметінің есебінде тұр. Рақымшылыққа ілігетіндер санатында қоғам қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төндірмейтін қылмыс жасағаны үшін және онша ауыр емес, ауырлығы орташа қылмысы үшін сотталғандар бар. Олардың тәртібіне қарай жаза мерзімін қысқарту көзделіп отыр. Аса ірі мөлшерде сеніп тапсырған бөтеннің мүлкін иемденгені немесе талан-таражға салғаны немесе алаяқтық жасағаны үшін істі болғандар да рақымшылыққа ілігуі мүмкін. Бұл ретте рақымшылық акциясы жәбірленушіге келтірілген залал толық өтеліп, қойылған талаптар орындалған жағдайда ғана қолданылмақ. Ал аса қауіпті қылмыс жасаған адамдарға амнистия жоқ. Заң жобасын қабылдау нәтижесінде күніне 22,5 млн теңге бюджет қаражатын үнемделмек.
Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты