Алматы – әлемдегі ауасы ең лас 10 қаланың қатарына кіреді. Мамандар бұған басты себеп – көмір жағатын жылу станциялары, көліктің көптігі, жеке тұрғын үйлердің көмірмен жылынуы және жүйесіз құрылыстың салдарынан желдің нашар айналуы, — дейді. Алматының нашар экологиясын реттеуге мүмкіндік бар ма? Қандай халықаралық тәжірибеге сүйенуге болады? Айдана Қуантхан жауап іздеп көрді.
Алып шаһарда 2 млн-нан астам адам тұрады. Бұдан бөлек күн сайын қалаға кіріп-шығатын көлік ағынын қоссақ, ауа сапасына қатысты айтылатын сындардың азаймайтыны түсінікті. Бір ғана транспорттық техникадан улы химикаттар көміртегі оксиді, күкірт диоксиді сынды 200-ден астам зиянды зат бөлінеді, дейді мамандар.
Айнұр Сейілхан, эколог:
Дүниеге келетін сәбилердің өзінде туа біткен ауа жетіспеушілігі, яғни кислородтың жетіспеушілігі сияқты мәселелер бар. Толық өкпеге тыныс ала алмауы, қосымша биік ғимараттардың болуы, саябақтардың азаюы және көгалдандыру мәселесінің төмендігі.
Ауа сапасының нашарлауы Түркияның ірі қаласы Стамбұлда да ушығып тұр. Ірі мегаполисте 5 млн-нан аса жекеменшік көлік тіркелген. Бұдан бөлек үш әуежайдан ұшатын ұшақтар мен Босфор бұғазынан өтетін жүк кемелері де ауаның сапасына кесірін тигізіп отыр. Қазір қаланың түрлі аудандарында 40 дана ауа сапасын тексеретін құрылғы орнатылыпты. Сонымен қатар шаһардың бір шетінен екінші шетіне дейін 24 сағат бойы жүретін арнайы автобустардың саны көбейді, дейді мамандар.
Хасан Толга, эколог:
Бұл ауа ластануының ең бірінші себебі. Одан кейін өндіріс орындарына экологиялық талаптарды күшейту қажет. Оларды қаншалықты қымбат болса да сапалы ауа сүзгіштер қолдануға мәжбүрлеуіміз керек. Өндіріс ел экономикасы үшін маңызды болғанымен, адам денсаулығынан, адам өмірінен маңызды емес. Егер ауаның ластануына қарсы арнайы ұлттық жоба дайындап, шынайы күресетін болсақ, жақсы нәтижеге тез қол жеткізуге болады.
Алматылық урбанист Гүлмира Байғабылова да түркиялық экологтың пікірімен келісіп отыр. Маман шаһардың экологиясын жақсарту үшін қоғамдық көлік санын арттыру маңызды дейді. Ал оларды тәулік бойы қолжетімді ету — мәселені шешуге сеп болады деп есептейді.
Гүлмира Байғабылова, урбанист:
Автобустардың интервалдарын қысқартып, жайлылығына мән беру керек. Көліктердің техникалық тексеруіне бақылауды күшейтіп, экотакси санын арттырған жөн. Сондай-ақ, экологиялық талаптарға сай келетін көліктердің базасын құру маңызды деп ойлаймын.
Алматының экологиялық мәселесін шешу – бір күнде орындалатын жұмыс емес. Десе де түтін құрсауындағы қаланы біртіндеп таза тыныс алатын мегаполиске айналдыруға мүмкіндік бар, дейді сарапшылар.
Айдана Қуантхан