Жаппай наразылық АҚШ-тың 20-дан астам қаласында тіркелді, деп хабарлайды 24kz.

Мыңдаған адам Лос-Анджелес тұрғындарына қолдау ретінде көшеге шығып жатыр. Ел арасы неден бүлінді? Наразылық неден туындады?

Ернат Рахметолла, тілші:

- Лос-Анджелестегі наразылық шаралары 9 маусымда басталды. Адамдар көші-қон полициясының заңсыз мигранттарды ұстауда қатаң әдістерге жүгінгеніне қарсы бас көтерген. Бейбіт шерулер ақыры тәртіпсіздікке және полициямен қақтығысқа ұласты. Ереуілшілер басты жолдарды жауып, полиция көліктеріне тас лақтырды, тіпті өртей бастаған. Бұған жауап ретінде сақшылар шулы гранаталар қолданып, резеңке оқтар атты. Жағдайдың ушығуына байланысты президент Дональд Трамп Калифорния штатына Ұлттық ұланның 4 мың сарбазын және 700 Теңіз жаяу әскерін аттандырған. «Ол әскер жағдай тынышталғанша, бейбітшілік толық орнағанша аймақ аумағында қалады», - деп мәлімдеді. Ақ үй басшысының бұл шешіміне Калифорния штатының губернаторы Гэвин Ньюсом қарсы шыққан. Ол Трамп штаттың егемендігіне қол сұқты деп айыптап, сотқа берді.

Карен Басс, Лос-Анджелес мэрі:

- Мен вандализм мен ұрлық-қарлықты тоқтату үшін Лос-Анджелес орталығында төтенше жағдай енгізіп, комендаттық сағат жарияладым. Көптеген кәсіпорын зардап шекті. Қаланың орталығындағы ғимараттарды шимайлап тастаған. Бірақ тәртіпсіздік бүкіл қалада болып жатқан жоқ. Тараған ақпарат осындай әсер қалдырып жатыр.

Гэвин Ньюсом, Калифорния губернаторы:

- Дональд Трамп Калифорния штатының құқық қорғау органдарымен ақылдаспай, еш себепсіз және заңсыз түрде біздің штаттың Ұлттық ұлан әскеріне көшеге шығуға бұйрық берді. Өкілеттігін асыра пайдалану аймақтағы жағдайды ушықтырып, халқымыздың, полиция мен сарбаздардың өмірін қауіпке итермеледі. Шетелде ұрыс қимылдарын жүргізу үшін арнайы дайындалған бұл жауынгерлер елдің ішкі тәртібіне араласуға мәжбүр. Оларға деген құрметіміз шексіз. Бірақ біздің көшелер әскерге толып кетті. Енді бұл іс Калифорниямен аяқталмайды. Басқа штаттар кезекте тұр.

Жаппай тәртіпсіздік негізгі ошағы Лос-Анджелестегі наразылық шаралары басылар емес. Қала орталығында полиция мен сарбаздар кезекшілік етіп жүр. Барлық бұқаралық іс-шаралар тоқтатылды. Кейбір кәсіпорындар жабылған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қала билігі коменданттық сағат енгізді.

Шектеулер жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 8-ден таңғы сағат 6-ға дейін күшінде болады. Жол қозғалысына да тосқауыл қойылды. Қауіпті аумақта жұмыс істейтіндерге ғана жүріп-тұруға рұқсат бар. Бірақ наразы топ тәртіпке бағынбай тұр. Осы сәтке дейін 500-ге жуық белсенді қамауға алынды. Нью-Йорк, Вашингтон, Чикаго, Бостон, Лас-Вегас пен Сиэтл сияқты басқа қалалардың да халқы бас көтерген. Күніне ондаған адам қамауға алынады.

Лили Смит, белсенді (Нью-Йорк):

- Мен мына оқиғалардың бәрін, оның ішінде ұлттық ұлан әскерін кіргізуді де үкімет алдын ала ойластырған деп ойлаймын. Олар осылайша азаматтардың тамырын басып көргісі келеді. Меніңше, солай.

Трамп 20 қаңтарда президенттік міндетіне кіріскен бетте америкалықтарды заңсыз көші-қонмен байланысты қауіп-қатерден қорғау туралы жарлыққа қол қойды. Құжат тексеріс жүргізуге, қамауға алуға және көші-қон қызметкерлеріне басқа да үлкен өкілеттіктер берген. Жыл басынан бері АҚШ бойынша 100 мыңнан астам заңсыз мигрант қамауға алынды. Негізгі рейдтер заңсыз мигранттардың ордасы саналатын Лос-Анджелес, Нью-Йорк пен Чикаго қалаларында болып жатыр. Трапм әкімшілігі қатаң әрекеттерге көшкен.

Клаудия Кинонес, Мигранттар құқығын қорғау ұйымының директоры:

- Лос-Анджелесте болып жатқан бассыздық заңға қайшы. Үкімет адамдарды үркітіп-қорқытып, жаппай депортацияға себеп жасап жатыр. Бұл әлі бер жағы.

«Рейтердің» хабарлауынша, АҚШ-та 15 маусымда 2 мың жаңа наразылық шарасы жоспарланып жатыр. Сондай-ақ дәл сол күні АҚШ әскерінің құрылғанына 250 жыл толуына орай әскери шеру өтуге тиіс. Президент Дональд Трамп: «Әскери шеруге қарсы бағытталған кез келген іс-әрекетке қатаң жауап беріледі», - деп ескертті.

Авторы: Ернат Рахметолла