Цифрлы ғасыр – журналистикаға жаңа талап, жаңа тыныс әкелді. Ақпарат ағынына жұтылып кетпей, оқырманын жоғалтпай, ұлттық мүдде мен қоғамдық ойды бірге арқалап келе жатқан өңірлік баспасөз үшін бұл кезең – әрі сын, әрі мүмкіндік болғаны рас. Ендеше, әлеуметтік желілер мен жаңа медианың қарқыны елдегі газет-журналдардың орнын тарылтты ма, әлде жаңаша даму жолына түсірді ме? Осы сауалдар төңірегінде біз белгілі қаламгер, медиа сарапшы, «Абай-ақпарат» қазақ интернет кеңістігін дамыту қоры қоғамдық қорының» президенті Дәурен ҚУАТПЕН әңгімелесіп, бүгінгі журналистиканың ахуалы мен медианың ықпалы, болашақтағы беталысы мен кемшін тұстары турасында пікірлескен едік.
– Дәурен аға, кәсіби мереке құтты болсын! Мейрам алдындағы қарбаласта бізге де уақыт тауып, оралымды ойларыңызбен бөліскеніңіз үшін бек рақмет. Сіздің жаңа медианың жаңашылдығына көңіліңіз тола ма?
– Жаңа медианың алғашқы қалыптасу кезеңі аяқталды деп айтуға болады. Өйткені, бізде қазақ тілінде хабар таратып, контент ұсынған алғашқы сайттар, ақпараттық порталдар шығып ақпарат кеңістігінде қалыптасып үлгерді. Олардың басты ерекшелігі, алғашқы сайттар оқырмандарымен төте байланыс орната алды. Сөйтіп, ақпараттық портал мен оқырман ортасында тығыз қарым-қатынас пайда болып, қалың бұқара қоғамдық мәселелерге араласты. Халық қандай проблемаға болса да өзінің пікірін, көзқарасын электронды БАҚ-та ашық айтты.
Жаңа медианың тағы бір ерекшелігі – жедел ақпарат тарататындығында. Егер бұрын біз жылдам ақпарат тарататын радио, телевидение дейтін болсақ, сайттар олардың алдын орап кетті. Соның бірі – «Abai.kz» ақпараттық порталы. Мәселен, бірде түнде Қызылағаш ауылын су алды. Келесі күні таңертең ерте төтенше оқиға бар көрінісімен «Abai.kz» ақпараттық порталында жарияланды. Оқиға басында болған жандар, су шайып кеткен ауылға едел-жедел барған журналистер бірден суреттерге түсіріп, оны электронды пошта арқылы бізге жолдады. Осылайша, елдің басында болған төтенше жағдайды ақпараттық порталымыз алғашқылардың бірі болып хабарлады.
Қалыптасу кезеңі болғандықтан, онда міндетті түрде кем-кетіксіз болмайды. Сондықтан қазіргі жаңа медианың қалыптасу кезеңінің екінші сатысына көңілім толады деп айта алмаймын. Өйткені, жақсы контенттер беріп отырғандар аз, сұхбаттардың барлығы дерлік арзан дүние. Дейтұрғанмен, сапалы контенттер беретіндер болады. Алдағы уақытта оқырман сапалы, салиқалы сұхбаттарға ден қоюы тиіс. Қоғам сабасына түспей, жаңа медианың сапалануы мүмкін емес.
– «Газет гаджетті алмастыра алмайды. Бұл – өтпелі кезең, одан да өтеміз» дейміз. Бірақ бүгінде көптеген газет электронды форматқа көшті. Шынымен де, мерзімді баспасөздің дәуірі өтіп кетті ме?
– Біз қағаз өнеркәсібін жолға қоя алмай келе жатқан елміз. Газет-журналдарды басып шығаратын дайын өнімдерді Ресейден, Қытайдан, Еуропа елдерінен сатып аламыз. Яғни, импортқа тәуелдіміз. Ал мұндай елде жағдай қандай болатыны айтпаса да түсінікті.
Естуімше, қытайдың өнертапқыштары құмнан қағаз шығаратын болыпты. Сол технологияны елге әкеліп пайдаланып, кең байтақ даламызда жатқан құмнан бума-бума қағаздар шығарып, типографияларды жаңалап, елдің қолына гаджет емес, газет ұстатын мүмкіндікке ие болмасақ, жағдай күрделі сияқты. Меніңше, оған Үкіметтің де мүдделігі байқалмайды. Әсіресе, қаржы-қаражаттың әрбір тинын есептеп отыратын қаржыгерлер газет шығару процесін таза шығын ретінде көретін сыңайлы.
Негізі, мұны әу баста бір жолға салу керек болатын. Тым болмаса шығынды жартылай болса да өтейтін өндірісті өзімізден ашса, жағдай әлдеқалай болар ма еді, бәлкім?! Ақыр соңында бұрыннан тарихы бар басылымдар ғана қалды да, кейінгі шыққандар «өз күніңді өзің көрдің» кебін киді. Мәселен, күн сайын шыққан «Алаш айнасы» деген газет болды. Қазір оның сайты ғана бар. Облыстық газеттер шығу жиілігін тоқтатата бастаған.
Аэро-ғылымда мынадай жаңалық бар: күннен үнемі дауыл соғып тұрады. Егер күннен шығатын дауыл қатты көтеріліп кететін болса, айналасындағы жер серіктерін құртып жойып жібереді. Ал, біз барлығымыз сол жер серіктері арқылы ақпарат алып, электронды жүйеде ақпарат таратып отырмыз. Жер серіктері өртеніп кетсе, сол сәтте-ақ біздегі электронды базадағы ақпараттардың барлығы жоғалып кетеді. Міне, осыны ескеру керек. Оның үстіне, жадымыз жұқарған, бүгін болған оқиғаны ертең ұмытамыз. Ертеңгі күні бар жиған ақпаратымыз жойылып кетсе не істейміз? Амал жоқ, гаджет емес, газетке үңілеміз.
Біздің жағдайымызда мерзімді баспасөздің дәуірі өтіп бара жатқан сияқты. Бірақ, электронды ақпарат көздерін дамытып отырған негізгі бұлақт бастауындағы Оңтүстік Корея, Жапония сияқты елдер газет-журналдарын жапқан жоқ. Олар таңертең, кешке, тіпті түс әлетінде тарайтын газеттерін әлі де болса таратып, жарнамаларын сол газеттің бетіне жапсырып, пайдасын көріп отыр.
– Ақпарат ағынының көптігі мен шапшаңдығы журналистиканың сапасына әсер етіп жатқан жоқ па? Бұрын газет тілшілері түрлі деңгейдегі шаралардан мақала жазумен, әрі кетсе суретке түсірумен шектелетін. Қазір видео-контент жасау, яғни, әлеуметтік желіге материал әзірлеу бір журналистің мойнына жүктелді. Сіз қалай ойлайсыз, ертең «екі кеменің басын ұстаған суға кетедінің» кебін киіп жүрмейміз бе?
– Видео контент жасау, оны әлеуметтік желіге материал ретінде әзірлеу – тез қимылдайтын, тақырыбын жақсы білетін немесе барып көріп келген жеріндегі мәселенің мәнісін түсініп жаза алатын журналист үшін түк те қиын емес. Өкінішке қарай, кейбір журналистер бойкүйез болып кеткен. Несін жасырайық, екі қолын алдына салып ертеден кешке дейін отырып, кейін үйіне қайтатын журналистер көп. Бойкүйез журналист барлығын ауырсына береді.
Осыдан жиырма шақты жыл бұрын журналист қолжазба түрінде мақаласын жазып әакелетін. Одан кейін машинкаға бастырады. Соның үстінен қарайды да, тып-тыныш отырады. Қазір заман өзгерді. Сол себепті, мен видео түсіруді, оны тез арада монтаждап, әлеуметтік желіге жүктеп жіберуді аса қиын жұмыс емес деп есептеймін. Қолыңыздағы ұялы телефоныңыз арқылы соның бәрін жасауға болады. Мүмкіндік болса, неге ондай игіліктен бас тартуымыз керек? Өзі еңбек етіп жатқан редакциясының жұмысын жандандыру үшін журналисттің кейде жанкештілікке барып, екі есе жұмыс жасауына тура келеді.
– Тілші бір салаға маманданғаны жөн бе әлде әмбебап болғаны дұрыс па?
– Журналисттің әмбебап болғаны өзіне жақсы. Тақырып бойынша бір салаға маманданған журналистті сол саланың маманы деп түсінуге де болатын шығар. Мысалы, спорт, мәдениет салалары бар. Сол мәдениттің өзі кино, театр, музыка, болып бөлініп кете барады. Олар бұл саланы тереңірек білетін журналистердің қызметін талап етеді. Сол сияқты экономкиа деген тақырып бар. Оған да атүсті бара алмайсың. Дайындық болу керек. Дейтұрғанмен, журналистің әмбебаптығы дегеніміз – осылардың барлығын білгені. Егер журналист бір ғана салаға маманданып алып, тек соған ғана көңіл бөліп жүрсе, айналасындағы өзге де оқиғалардан шет қалуы әбден мүмкін. Мұндай томаға-тұйықтық журналисттің жалпы қызметімен, қызметтік міндетімен аса үйлесе бермейді. Қала берді, мысалы, журналист жаңа орынға қызмет іздеп барды делік, ол редакция саясат немесе экономика тақырыбын жазатын журналистке зәру болып отыр екен. Сол кезде жұмыссыз журналист «мен ондай тақырыпта жазбаушы едім, мен тек қана мәдениетті білемін» немесе «менің тақырыбым – футбол, спорт саласы» деп айта ала ма? Айта алмайды.
Ұтқыр, сезімтал, еңбекқор журналист қандай тақырыпқа да тез бейімделеді. Рас, әрбір редакцияда белгілі бір тақырыпты жазатын журналистер бар. Бұл –әуелден қалыптасқан дәстүр, ол бұзылмайды. Экономика туралы жазатын журналисті театрға жіберіп, театр туралы жазатын тілшіні экономикаға салып қалаймақан жасаудың қажеті жоқ.
– Өңірлік басылымдардың имиджін қалай көтеруге болады? Әсіресе, жазылу науқаны кезінде нені ескеру қажет?
– Аймақтардан жырақ, ірі мегаполисте тұрғаннан кейін өңірлік басылымдардың мәселелерінен алыстаумын. Сондықтан, «олай, бұлай» деп нақты жауап айта алмаймын. Менің пікіріммен өңірлік басылымдардың басшылары келіспеуі де мүмкін.
Бір ғана айтарым, өңір басшысы баспасөзге жақсы қараса, оның болашағы да сондай болады. Жалпы, облыстық газет әкімнің бейнесін бірінші бетке шығарып қоятын қабырға газеті емес. Өңірілік баспасөз – сол елдің тыныс-тіршілігі, облыс халқына қажетті ақпараттар беретін жергілікті биліктің көмекшісі, серігі. Егер осыны түсіне алатын басшы болса, ол жердегі облыстық газеттің жағдайы жақсы болады. Облыс басшысы оң көзімен қарайтын облысттық газеттің редакциясына жақсы журналистер жиналады. Мықты журналистер болған жерде газет қызықты шығады, тартымды болады. Бірден айтайын, жақсының «дәмін алған» оқырмандар одан айырылмайды.
– Қазақ журналистикасы қандай бағытта дамуы керек деп олайсыз?
– Конституция бойынша цензураға тыйым салған елміз. Біздің баспасөз туралы заңда сөз бостандығы қорғалған. Осы мүмкіндікті пайдаланып, қазақ журналистикасын сыншылдық бағытта дамытуымыз керек сияқты. Сыншылдық дегеніміз – міншілдік, түймедейді түйедей етіп көрсету емес.
Баспасөздегі сыншылдық бағыттың жолы ауыр, бірақ оның нәтижесі қоғамның пайдасына шешіледі. Заманға ілесемін деп біздің жұрт осы күні кері кетіп бара жатыр. Осыны қазып отырып айтуға бола ма? Болады. Тіпті, тал бесіктің тәрбиесінен бастап-ақ көп нәрсені айтып, көрсетуге болады. Қазір қалай? Жоғары жақта бір жиын бола қалса, журналисттер жүгіріп барады да, жалаң ақпарат алып қайтады. Бітті шаруа. Бұрынғыдай сараптамалық мақалалар, репортаждар жоқтың қасы. Журналистік зерттеу көрінбей қалды. Бірді айтып бірге кетті деме, осы күні тобырлық санадан шығатын қоғамдық пікірсымақтардың бел алғаны соншалық, ненің не екенін айырып, түсінуден қалдық. Елдің бәрі ыржың-ыржың, тыржың-тыржың. Шоу. Осының өзін аямай сынау керек. Той-томалақ пен шоу-бизнесте жүргендердің бәрі халықты топастандырып бітті. Сонымен күресу керек. Бірақ жазудың да жазуы, этикасы бар. Егер оқиғаны дәлелдеп, табанды, мәдениетті түрде әдемілеп жеткізетін болсаң, сынға алған объектіңнің өзі өзгеруі ықтимал.
Тоқсаныншы жылдардағы журналистер осыны жасай алдық деп ойлаймын. Экономикамыз, әлеуметтік тұрмысымыз қиын болса да азат ұлт ретінде рухымызды жалаңаштатпауға тырыстық. Сол кезде халқымыздың ерік-жігері мен намысы кедейленбеді. Көшеге қайыр сұрап ешкім шыққан жоқ. Баспасөз тәрбие құралы бола білді. Тіпті, елге бағыт-бағдар беретін абыздар институтын атқарған сияқты. Өкінішке қарай, сол миссияны бүгін жоғалтып алдық.
– Журналист блогер бола ала ма? Блогер журналистің орнын баса ала ма?
– Егер тілші бір редакцияда қызмет етіп жүрсе, оны «кәсіби журналист» дейміз. Бірақ, ол өзінің ойын, шағын пікірін әлеуметтік желіде де жариялауға толық құқығы бар. Сондықтан журналист блогердің де қызметін атқара алады. Байқасаңыз, кәсіби журналистер газеттерде көсіліп жазады, телеарналарда нақты ақпараттар беріп отырады. Ешқандай артық эмоцияға берілмейді. Ал фейсбукте, инстаграмда өзінің азаматтық көзқарасын білдіре алады.
Мықты блогерлер журналистерден де артық болуы мүмкін. Жаныңда қоғамда болып жатқан келеңсіздікке шыдай алмайтын жай ғана азаматтар жүреді. Олар «өмірде неге бұлай болып жатыр?» деп тыныштық таппайды. Сол сергек ойлы азаматтың мәселені шырылдап айтуы, басқалар көрмегенді көруі – ғажап қой. Журналистикаға керек талап та осы емес пе?
Ертеректе газет-журналдарға қоғамдағы келеңсіздіктерді айтып, хат жазатындар болған. Олардың жазған хаттарын біз бұрын «хаттарға шолу» деген айдармен жариялайтынбыз. Қазіргі тілмен айтқанда солар – блогерлер. Батыста блогерлер агенттердің рөлін атқарады. Жақсы журналистер оларды агент ретінде ұстайтын. Қандай мекемеде болсын, компанияда болсын, ортасында болып жатқан кемшіліктерге төзбейтін жандар құпия түрде редакцияға хабарласып, журналистерге ақпараттар беретін. Олар да – блогерлер еді. Қазір бұрынғыдай редакцияларға хат жазып, мәселе көтеріп отыратын әлеуметтанушылар, дәрігерлер, ұстаздар, т.б. жоқ шығар, болса да қатары азайған шығар, бірақ оларға әлеуметтік желілер мүмкіндік беріп отыр. Ал, олар айтары бар – блогерлер.
Блогер мен журналистің айырмашылығы неде? Блогер өз ойын айтады. Журналист қандайма мәселеге қатысты адамдарды, тағдырларды, деректерді, көзқарастарды көрсете отырып, зерттейді. Фактлерді барынша анықтайды. Ал қазір хайп қуғыш блогерлер адамдардың тағдырына араласып кетті. Олар жазықсыз жандарды жылатып жатыр. Кәсіби журналист мұндай қадамға бармайды.
Өте мықты сауатты блогерлер бар. Мен солар туралы қайталап тағы да айтқым келеді. Ол блогерлер қоғамның сапалануына, қоғамдық пікірлердің салмақты болуына үлес қосады. Бір жағынан дәстүрлі баспасөзге де көмегі тиіп жатады. «Қазақ әдебиетін» басқарып отырған кезімде «Әлемжелідегі әдебиет» айдарын аштым. Сонда әдебиет туралы жақсы пікірлер айтатын блогерлердің шығармаларынан шолулар жасап немесе толық туындыларын беріп отыратынмын.
– Журналистикада сізді үміттендіретін нәрсе не? Ал алаңдататыны ше?
– Қазір журналистикада үміттен гөрі алаң басым. Өйткені, бұрын журналистика факультетіне осы салаға шын ынтық, бейімі бар дарынды балалар келетін. Мысалы, журналистика факультетіне бір жылда республиканың түкпір-түкпірінен 70-80 бала келсе, соның 30-ы ғана оқитын. Бүгінде журналистика факультеттері, бөлімдері көп. Бірақ жақсы, тәжірибелі мамандар аз. Ал журналистикаға келіп жатқан жастардың көпшілігі екі сөздің басын құрап жаза алмайды.
Бізге тәжірибеден өтуге студенттер көп келеді. Оларды шараларға жұмсап жібереміз. Көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап жібермейміз, әрине, жақсылап тапсырма береміз. Сөйткен кезде қайда барып келгенін немесе қай редакцияда тәжірибеде жүргенін білмей көзі бақырайып отыратындар көп. Бұрынғы балалардың көзінде от болатын. Журналистика факультетіне кәдімгідей дайындықпен келетін. Азды көпті білім жинап келетін. Қазіргілер тик-ток, ютуб көріп өскендер ғой. Жеңіл, шолақ ойлайды. Содан кейін бірден атақты болғылары келеді. Мен кәсіби журналистердің мектебі үзіліп қалды-ау деп алаңдаймын.
Әңгімелескен: Айбөпе САБЫРОВА
Ескерту: Сұхбат Атырау облыстық газетінде жарияланды