Ақмола облысында тазы тұқымын сақтау, дамыту және насихаттауға бағытталған ауқымды «Тазы лигасы – 2025» сайысы өтті, деп хабарлайды 24KZ. Онда елдің түкпір-түкпірінен 220 қазақ тазысы мен жеті қазынаны баптаушылар жиналды.

Дильназ Тұрғазыева, тілші:

- Қазақ үшін тұлпар қандай қастерлі болса, тазы да сондай текті. Қазір менің жанымдағы төрт аяқты серіктес – аңшылыққа шығып, шөл мен шетсіз даланы еркін кезетін нағыз жүйрік. Бұл жай ғана ит емес, бұл дала символы.

Сайысқа қатысушылар арасында бірнеше буыннан бері тазы баптаумен айналысып келе жатқан отбасылар да бар. Атадан балаға мирас болған бұл игі дәстүр олардың өмір дағдысына айналған.

Рамазан Уссейов, тазы баптаушы:

- Жасым 72-де. Өмір бойы осы тазыменен айналысып келемін. Алты жасымнан айналысамын. Әкем де, нағашым да өмір бойы тазы ұстаған кісілер. Тазы баптаушыға тазыны сүю керек. Отаныңды, еліңді, отбасыңды қалай сүйсең, тазыны да солай сүю керек.

Ертолқын Өмірбек, тазы баптаушы:

- Мен ұстап тұрған ағамның Дауыл деген тазысы. Жасы 8-де. Аптасына 3 рет кешкі салқынмен жүгіртіп шығып отырамыз. Тазымен айналысып жүргеніме 6-7 жыл болды.

Эльдар Бегалиев, тазы баптаушы:

- Көкжал деген тазым. Батыс бойынша чемпион болып жүр енді. Қазақстан бойынша мықты тазылармен өз бағымды сынап көрейін дегенмін. Менің 3 тазым бар. Соның біреуін әкеліп, бағын сынап қарап жатырм.

Турнирдің мақсаты – ұлттық спорт түрін халықаралық деңгейге шығару және қазақы ит тұқымын бірегей феномен ретінде таныстыру. Тазы лигасы – мәдени мұраны дәріптеу жолында атқарылып жатқан жұмыстардың қарқынын аңғартатын жарқын мысал.

Нұрқожа Бауыржанұлы, Қазақ тазы спорт федерациясының құрылтайшысы:

- Біз бүгін тарихта ешқашан болмаған 220 тазыны бір жарысқа жинап отырмыз. Оған дейін біз 150 тазы жинаған болатынбыз. Ол да рекорд болатын. Ал бүгін біз өз рекордымыздан асып, 220 тазыны жарысқа қатыстырып отырмыз. Осы арқылы біз тазылардың ішінен мықты тұқымдарын шығарып, іріктелуіне алып келеміз. Екіншіден, көрме жасап, әдемі тазыларға жүлде беріп, тазылардың ішінен әдемі тазыларды іріктейміз.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тазы мен төбет тұқымдарын қорғау мәселесін қолға алуды тапсырған болатын. Қазір бұл бағытта жүйелі шаралар қолға алынған.

Жақып Есполаев, қазақы ит тұқымдарының ұлттық орталығының басшысы:

- Ұлттық бренд бойынша бізге бекітілген мақсат – ұлттық құндылықты сақтау, әрі қарай өсіріп өңдеу. Тазының асылқандылығын әрі қарай бекітіп, болашақта тазыны дүниежүзілік дәрежеде таныту. Сосын екінші іс-шара – кинология жағынан тазыға мамандар дайындау. Қазақстандағы тазы мен төбетті асылтұқымдандыру.

Бағдарлама аясында құмай додасынан бөлек, халықаралық сертификаттаудан өткен сараптамалық көрме ұйымдастырылды. Мамандар әр саққұлақтың дене тұрқын, шашағын, сирақтарын, тіпті тырнақтарына дейін өлшеп, баға берді. Сайыстың жүлде қоры 2 200 000 теңге. Оған қоса қонақтардың жайлылығы үшін арнайы шатыр мен киіз үйлер тігілді.

Серік Егізбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы:

- Бүгінгі жарыстың нәтижесі – мына жиналып отырған ағайынның, қауымның жақсы көңілі. Біріншіден. Екіншіден, біздің ата-бабаларымыздың салт-дәстүріне, біздің құндылықтарымызға қызығушылықты жаңа бір деңгейге көтеріп, дәріптеуді, құрметтеуді жаңа деңгейге көтере алсақ, ең жақсы нәтиже сол болады деп ойлаймын. Мұнда келіп отырған бүлдіршін балаларымыз бар. Аталарынан, бабаларынан олар салт-дәстүрді сіңіріп, соны жалғастырса нәтиже сол болады деп ойлаймын.

Ал енді жарыс қорытындысын таразыласақ, «Арландар» санатында астаналық Алғыс атты тазы топ жарды. Ұрғашылар арасында қарағандылық Аққұмай оза шапты.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Мерей Талап