Астанада "резеңке" үй иелеріне қатысты заң күшейтілмек. Сонымен қатар жалған тіркеу анықталса, тұрғын үйдің иесі де, "тіркеудегі" тұлға да жауапкершілікке тартылады. Жеке тұрғын үйлерге қанша тұрғын тіркеле алады? Лимиттік шектеу туыстарға да жүре ме? Бұл сұрақтарға "Астана" тілшісі жауап іздеді.

Астанаға ағылатындардың қатары жылдан жылға көбейіп жатыр. Елордадағы пәтер иелері бұны пайдаланып, әр шаршы метрге тұрғындарды заңсыз тіркеп, оны табыс көзіне айналдырған.

Астанаға көшіп келген адамға тіркеуде тұру жұмысқа орналасуға, балалар мектепке баруы үшін керек. Сондықтан пәтер алмаса да, тіркеуге тұрады. Былтыр полиция 1348 "резеңке" пәтерді анықтады. Онда 36 мыңға жуық адам тіркелген. Ішкі істер органдары тіркеусіз жүрген немесе жалған тіркеуде тұрғаны үшін 200 мыңнан астам адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты.

"Ол азаматтар, яғни тіркелген азаматтар сол мекенжайда тұрмағаны анықталған жағдайда 10 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған және осындай іс-әрекет қайталанған жағдайда айыппұл сомасы екі есе еселенеді, яғни 20 АЕК айыппұл төлейсіз", — дейді заңгер Жандос Тұяқбаев.

Әзірге шектеу мәселесі ресми бекітілмеген. Дегенмен бейресми ұсыныс бойынша, бір адамға 15 шаршы метрден қарастырылуы мүмкін. Бұл шектеулер пәтердің жалпы ауданына, бөлме санына және өзге де факторларға қарай есептеледі.

Қалалық мәслихат депутаты Нұрлан Өтешовтің айтуынша, бұл мәселенің шешімі — елорданы агломирациялау.

"Қазіргі кезде көріп жатқанымыз, әр ірі қаланың қасындағы агломирация салынуы қажет, мысалы, бүкіл әлемде осындай ірі қалалар 2-3 миллионнан асып бара жатқан кезде, жанындағы бүкіл жерде үлкен үлкен серіктес қалалар салынып жатады", — дейді қалалық мәслихат депутаты Нұрлан Өтешов.

Жаңа ереже бойынша жақын туыстар – жұбайы, балалары, ата-анасы – үшін ерекше жағдай қарастырылған. Олар тіркеу лимитіне жатпайды. Ал бөгде адамдар үшін шектеулер қолданылады.

Қала тұрғындары қоғамдық талқылауға өз ұсыныстарын жолдай алады. Орынды ұсыныстар ескеріліп, тиісті құжаттарға енгізілуі мүмкін.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз