Баспасөз беттерінде Вашингтонда өткен С5+1 форматындағы саммит және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары туралы аз жазылып жатқан жоқ. Екіжақты стратегиялық серіктестікке серпін берген, көпжақты ықпалдастықты тереңдете түскен осы тарихи басқосудағы екі жайт біздің ерекше назарымызды аударды.

Біріншіден, бұл жиын 2015 жылы іргесі қаланған «Орталық Азия плюс» форматының осы он жылда жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін айғақтайды. Халықаралық жағдайдың тұрақсыздығы артқан һәм жаңа дағдарыс ошақтары пайда болған осы тұста бауырластық байланыстарын бекемдей түскен бесеудің беделі арта түскенін көрсетеді. Жалпы көлемі 3 882 000 шаршы шақырымға созылып жатқан Орталық Азияны ортақ мәдени тамырластық, экономикалық прагматизм және географиялық тұтастық жақындастыра түседі десек, интеграциялық үдеріс нәтижелі кездесу алаңынан жаңа өзара тиімді ұйымдық сипатқа айналып келеді. Бұл форматқа мәдениеті ұқсас Тәжікстанның, бейтарап сая­сат ұстанатын Түрікменстанның, Каспий жағалауындағы Әзербайжанның тартыла түсуі жаңғырған заманауи Жібек жолындағы Транскаспий дәлізі арқылы ортақ кеңістіктің мүмкіндігін арттыра түсті. Осылайша, көптеген іргелі мемлекеттің нәтижелі кездесу алаңы болған «Орталық Азия плюс» форматы ұйымдық сипатқа айнала бастады. Мұны «Халықаралық аса маңызды мәселелерде ортақ ұстаным білдірсек, әлемдік қауымдастыққа келісім тапқан ортақ тәсілімізді көрсетер едік. Халықаралық алаңдардағы бәсекелестік ұлттық мүдделерімізге қайшы келеді», деп бесеудің бірлігі берекелі бауырластыққа негізделуге тиіс екенін атап айтқан ел Президенті «Орталық Азияның ренессансы» деп бағалады. Биылдың өзінде алты саммит және жоғары деңгейде кездесу өткені – соның дәлелі іспетті. Әсіресе «Орталық Азия + РФ», «Орталық Азия + Еуропалық одақ басшылары», «Орталық Азия + Қытай» және алдын ала дайындық жасалып, арнайы ұйымдастырылған осы Вашингтон саммитін айрықша атап өтуге болады. Жеке жүріп жетістікке жетуі қиын бес ел жұмылып, сыртқы саясаттағы прагматизмнің үлгісін көрсетіп отыр. Мұнда осы бастамаға ұйытқы болған, оны жаңа деңгейге көтерген Қазақстан дипломатиясының жетістігін айтпай кетуге болмайды.

Екіншіден, сапар аясында Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылуы еліміздің жаһандық бейбітшілік жолындағы маңыз­ды қадамы. Ақ үйдегі кездесу барысында Қазақстан және АҚШ президенттері Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесіп, осы мәселені талқылады. Бұл келісімді «Күш клубы» деп атаған АҚШ Президенті Дональд Трамп «Қазақстан – менің екінші президенттік мерзімімде Ибраһим келісімдеріне қосылған алғашқы ел. Бұл – әлемде өзара түсіністік көпірлерін орнатудағы алғашқы қадам», деп жазды. Таяу Шығыста тұрақтылық орнатып, экономикалық серіктестікті дамыту мақсатында АҚШ-тың бастамасымен 2020 жылы қабылданған бұл тарихи жобаны Израиль, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн, Марокко сияқты елдер қолдаған. Сондықтан да алғашқылардың бірі болып қосылған бұл келісімнің Қазақстанға дипломатиялық, экономикалық және технологиялық мүмкін­діктер берері анық. Осы ретте тарихи шегініс жасап, «Ибраһим келісімі» ұғымының Құраннан бастау алатынын айта кету керек. Қасиетті кітап Ибраһим пайғамбардан тарайтын көктен түскен кітап иелерін өзара келісімге шақырады. Ал бұл Астанада өтіп жатқан Әлемдік діндер мен конфессиялар көшбасшылары жиынының рухына сәйкес келеді. Таяуда ғана өткен алқалы басқосуда Иран-Израиль қақтығысына қарамастан мұсылман, христиан және иуда діні өкіл­дері елорда төрінде бір үстелдің басында бейбітшілікке бастар жолды талқылағаны мәлім. Осы адамзаттық ауқымдағы мәселені өз дәуірінде терең түсінген даңқты философ әл-Фараби мұсылман ойшылдарымен бірге христиан және иуда философтарына да ұстаз болған. Сол сияқты алапат қауіптен ислам әлемімен бірге армян, еврей халықтарын да қорғап қалған сұлтан Байбарыс бабамыз да үш өркениеттің қамқоршы­сы болды. Қазірдің өзінде Иерусалим – Құдыстан сұлтан Байбарыстың қолтаңбасы қалған көптеген мәдени, тарихи жәдігерді көруге болады. Тарихтан бүгінге оралсақ, Қазақстан мемлекеті Сирияға бітімгершілік, араағайындық жасады, Таяу Шығыстағы жағдай ушыққанда Голан жотасына бітімгер әскер жолдады, Палестина мәселесінде өзінің «екі халық үшін екі мемлекет» ұстанымын ашық айтты. Сондықтан Қазақстанның бұл келісімге қосылуы – Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп келе жатқан прагматикалық сыртқы саясаттың нақты жемісі деуге болады.