Елде қаржылық мониторинг жүргізілетін нысандардың қатары көбейеді.
Бұл тізімге тауар биржасында жұмыс істейтін брокерлер, қаржы институттарымен келіссөз жүргізетін ұйымдар, байланыс операторлары кіреді. Депутаттар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясын, Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорын қаржылық бақылау нысандарының қатарына қосуды ұсынды. Бүгін Мәжіліс «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі» заң жобасын бірінші оқылымында талқылап, мақұлдады. Алдағы уақытта тағы қай мекемелер Агенттіктің бақылауында болады?
Ұялы байланыс арқылы жасалатын аударымдар бақылаусыз болмайды. Байланыс операторлары ненің қайда жіберіліп жатқандығы жайында ақпарат беруге міндеттеледі. Электронды Үкімет порталы арқылы жылжымайтын мүлік сату/сатып алу операциялары, егер оның құны 50 млн теңгеден асатын болса, құзырлы органға мәлімет береді. Себебі машықтанған топтар заңсыз жымқырылған миллиардтарды заңдастырудың сан түрлі айласын ойлап табуда. Тіпті ізіне түсіп, мәселенің ақ-қарасын ажырату қиындап барады. Дереу заңды жаңарту қажет, дейді бастамашылар.
Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Әртүрлі дереккөздерге қарайтын болсақ, Қазақстаннан шетелге бүгінгі таңда 150-200 млрд долларға дейін заңсыз капитал шығарылған. Бұл шетелдік үлкен агентстволардың бүгінгі таңдағы сарабы. Қазақстанның ірі олигархтары, ірі зауыттарының иелері шетелге өздерінің ақшасын шығару үшін шетелде өздерінің аффилированный фирмасын ашып, соған құрал-жабдық үшін деп ақша жібереді.
Қаржылық бақылау органдарының құзіреті бұрынғыға қарағанда кеңейеді. Енді Агенттік коммерциялық емес ұйымдардың күмән туғызған аударымдарын сүзгілей алады. Сақтық осындайдан басталады, дейді мамандар. Себебі бұл ұйымдар қаржы ұрлап, заңсыз қызметті қаржыландырмасына кім кепіл? Қауіптің алдын алған абзал. Қаржы саласындағы қылмыстар экономиканың тұрақтылығына қауіп төндіреді.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл заң жобасы аясында қылмыстық жолмен табылған табысты заңдастырудың алдын алу, жүйелі тетіктерін енгізіп отырмыз. Бірақ мен бір нәрсені түсінбей тұрмын. Не себепті заң жобаның 3-бабында қаржы мониторингтің субхектілерінің қатарында мынандай ұйымдар жоқ: Мысалы, заңсыз активтерді қайтару туралы ЖШС, Астана хаб. Бірнеше рет айттым ол жерде былық болып жатыр. Қазақстан халқына қоғамдық қоры. Автоломбардтар. Жасыл даму АҚ, утильсбор бойынша. Бірыңғай есеп беру орталықтары ЕРЦ дейді.
Жеңіс Елемесов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары:
- Қай ұйымдарды біз қаржылық мониторинг субъектілеріне кіргіземіз. Енді жаңа айттық қой басқа шет елдердің тәжірибесі бар. Сол тәжірибелерге сәйкес ФАТФ талдау жасап нәтижесін ұсыныс ретінде береді. Сол ұсыныстардың ішінде айтылған ұйымдар бойынша тағы да субъектілерді кіргізуге ұсынымдарыңыз болса оны қарастыруға біз дайынбыз.
Қаржыны елден заңсыз шығару мүлік немесе актив түрінде болуы мүмкін. Заң жобасында құны 1 млн теңгеден асатын мәдени құндылық нысандарын елден шығару немесе кіргізу жағдайлары назардан тыс қалмайтындығы жазылған. Бұрын тек 45 млн теңдеген бағалы дүние ғана бақылауға жататын. Сосын сомасы 5 млн теңгеден жоғары цифрлық активтерге қатысты операциялар бақыланады.
Жеңіс Елемесов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары:
- Цифрлық активтер бойынша қазір біздің мемлекеттен бір азамат шетелге шығатын болса, 10 мың долларға дейін декларация толтырмайды. Ал 10 мың доллардан асатын болса декларация тапсырады. Ол мәлімет бізге белгілі болады. Осы принциппен мына жерде де 5 млн тг астам цифрлық активтер бойынша транзакция болатын болса, бізге млімет түскені дұрыс болады деп ойлаймыз.
2024 жылдың басынан бері елде қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға қатысты 100-ден астам қылмыстық іс қаралды. Осы кезеңде 420 млрд теңгеден астам қаржы мемлекет пайдасына өтелген.
Рухани Әбдірахман, Абдулхамит Бөлекбаев