Былтыр ел тұрғындарының шетел сапарларына жұмсаған қаражаты 475 миллиард теңгеге жеткен.


Тағы бір маңызды дерек, 2025 жылы Қазақстаннан өзге елге уақытша шыққан азаматтар саны 11,8 миллион адам болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осылайша, отандық туристер баратын ТОП-3 мемлекет анықталып отыр. Жалпы, жазғы демалыс уақыты таяған сайын отандық туристердің қай елдерге көп сапарлайтыны мен саяхатқа қанша қаржы жұмсайтыны қайтадан маңызды тақырыпқа айналады. Соңғы деректерге сенсек, ел азаматтарының туристік талғамы да, шығын құрылымы да өзгеріп сала берген.

Ең алдымен, шетелге шығатын барлық азаматты турист деуге болмайтынын ескерте кетейік. Себебі, сырт елге уақытша сапарлайтындардың арасында жұмыс, ем-дом, туыстық байланыс немесе жеке шаруамен де баратындар жоқ емес. Былтыр Қазақстаннан шетелге уақытша шыққан азаматтар саны 11,8 миллион адамнан асып-жығылды. Бұл – 2024 жылмен салыстырғанда 1,2%-ға төмен көрсеткіш. Бұл туралы ranking.kz сайты жазды.

Сапарлардың басым бөлігі жеке мақсаттарға тиесілі болып отыр. Бұл бағытта 10,2 миллион адам жол жүрген. Ал таза туристік мақсатта елден шыққандар саны 417,1 мың адамға жеткен. Мұнан бөлек, 17,5 мың қазақстандық қажылыққа сапар шексе, 5,6 мың адам шетелде ем-дом қабылдаған.

Ел тұрғындары жиі-жиі баратын мемлекеттер арасында көршілес елдер төбе көрсетеді. Қазақстандықтар негізінен Ресейге (3,1 миллион), Өзбекстанға (2,9 миллион) және Қырғызстанға (2,6 миллион) көп сапарлаған.

Десе де, туристік бағыттар мүлде басқа географияны қозғайды. 2025 жылы ел саяхатшылары арасында ең танымал мемлекет Қытай болды. Барлық туристік сапардың 32,9%-ы осы мемлекетке тиесілі. Бұған Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим мен туристік алмасу бағдарламалары әсер еткен болуы керек. Сондықтан, Қытайға барған қазақстандық туристер саны бір жылда 8,7%-ға өсіп, 137,3 мың адамға жеткен.

Ал осыған дейін көш бастап келген Түркия қазір екінші орынға түсті. Бұл елдің үлесі 29,5%-ды құрайды. Сондай-ақ, қазақстандықтар арасында Мысыр, Грузия, БАӘ мен Вьетнам бағыттарына сұраныс жоғары.

Сарапшылардың сөзінше, соңғы жылдары қазақстандық туристер дәстүрлі жағажай демалысынан бөлек, жаңа бағыттарды көбірек қарастыра бастаған. Әсіресе, Азия елдеріне қызығушылық айқын байқалады.

Саяхат мәдениетінің өзгеруімен бірге туристердің қаржылық әдеттері де жаңарып жатыр деуге негіз бар. Әуе компаниялары мен банктер ұсынатын бонустық бағдарламаларға сұраныс артқан. Яғни, кейбір әуе компаниялары тарапынан жиналған бонустарды тегін билетке, орын класын жоғарылатуға немесе қосымша багаж қызметіне пайдалануға болады. Мұндай мүмкіндіктерді бірқатар қазақстандық банктің премиум карталары қолдайды.

Ал шығын көлеміне келсек, 2025 жылы қазақстандықтардың шетел сапарларына жұмсаған қаражаты 475 миллиард теңгеге жеткен. Бұл – бір жылдағы 26,7%-дық өсім.

Ең көп қаржы туристік жолдамалар мен әуе билеттеріне кеткен – 154,4 миллиард теңге. Қонақүй мен өзге де орналастыру қызметтеріне 98,1 миллиард теңге жұмсалса, тамақтануға кеткен шығын көлемі 74 миллиард теңгеге жеткен.

Сонымен бірге қазақстандықтар шетелде сауда жасауға да қомақты қаржы шығындайды. Тауар сатып алуға 54,7 миллиард теңге жұмсалған. Ал ел ішіндегі көлік қызметіне 34,2 миллиард теңге жаратылған.

Нарықтағы үрдіске қарағанда, алдағы уақытта да қазақстандықтардың шетелге саяхаттау белсенділігі бәсеңдемейді. Керісінше, визасыз режимдердің көбеюі, жаңа әуе бағыттарының ашылуы және қаржылық сервистердің дамуы туристік нарықты одан әрі жандандыра түсуі мүмкін.