Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сәйкес, 2026 жылғы қаңтар-сәуір айларында елдің жалпы ішкі өнімі 3,6%-ға өсті.


Қазақстан экономикасының өсу қарқыны биыл төртінші ай қатарынан жеделдеп келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл көрсеткіш бірінші тоқсанмен салыстырғанда жоғары. Қаңтар-наурыз қорытындысында ЖІӨ өсімі 3% болған.

Төрт айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісі де оң динамика көрсетті. Нақты көлем индексі 102,1%-ды құрады. Ал бірінші тоқсанда өндіріс көлемінің төмендеуі байқалған еді.

Экономикадағы өсімге ең алдымен өңдеу өнеркәсібі әсер еткен. Сектордағы өндіріс көлемі 9,9%-ға дейін өсіп, бірінші тоқсандағы 8,5% көрсеткіштен жоғарылады.

Әсіресе машина жасау саласында жоғары өсім сақталып отыр. Бұл бағыттағы өндіріс 23,3%-ға артқан. Өсімге көлік құралдары, ауыл шаруашылығы техникасы, теміржол жабдықтары мен электр тауарларын шығару көлемінің көбеюі ықпал еткен.

Сонымен қатар:

жеңіл өнеркәсіп өндірісі 2,3 есе,
жиһаз өндірісі 41,7%,
фармацевтика 35,2%,
құрылыс материалдары 27,7%,
химия өнеркәсібі 18,4%,
азық-түлік өндірісі 14,4% өскен.

Ал тау-кен өнеркәсібінде төмендеу сақталғанымен, оның қарқыны баяулаған. Егер бірінші тоқсанда көрсеткіш 88,6% болса, төрт ай қорытындысында 92,7%-ға жеткен.

ҰСБ мәліметінше, биыл ең жоғары өсім құрылыс, көлік, өңдеу өнеркәсібі мен сауда салаларында тіркелген.