Қазақстанда бет-жүзін тұмшалап, қоғам арасына шыққан 1179 адам айыппұл арқалаған. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінен мәлімдеді.
Адамның бетін толық тұмшалауға қатысты бап «Құқық бұзушылық профилактикасы» туралы заңның 75-бабы 3-тармағында жазылған.
«Адамның түр-сипатын көзбен тануға кедергі келтіретіндей дәрежеде бетті жабатын киімдерді кию заң бұзуға жатады. Бірақ, ауа райына байланысты, болмаса, медициналық себептерге қатысты маска тағуға мәжбүр болса, оған тыйым жоқ. Сондай-ақ қызметтік міндетін атқарып жүрген, спорт немесе мәдени іс-шараға қатысатын адамдарға да маска тағуға тыйым салынбайды», – деп ескертеді полиция.
Бұл жағдайларға қарамастан, көшеге бет-жүзін тұмшалап шыққан мыңнан аса азамат анықталған көрінеді.
«Осы уақытқа дейін аталған құқық бұзушылық бойынша 1179 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл тыйым бет-жүзді жасыратын кез келген киім түріне қатысты», – деп хабарлайды ІІМ.