Бүгін Сенаттың жалпы отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, педагог мәртебесі, сондай-ақ Қазақстан мен Оман арасында қосарланған салық салуды болдырмауға қатысты бірқатар заң қаралады


Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Атап айтқанда, сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, білім беру, денсаулық сақтау және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мен оған іліспе құжатты бірінші оқылымда талқылайды. Бұл заңдарды Парламент Мәжілісі биыл мамыр айында қабылдаған еді.

Заңның мақсаты – педагог мәртебесін нақты қорғау. Ұсынылған нормалар мұғалімді артық жүктемеден арылтып, оның кәсіби еркіндігін қамтамасыз етеді. Енді педагогтердің білім алушылар алдындағы жауапкершілігі тек оқу процесі барысында ғана айқындалады. Бұл мұғалімді өзіне тән емес функциялардан қорғайды. Сондай-ақ заң жобасында қағаз және электрондық форматта қатар жүретін «цифрлық бюрократияға» заңнамалық деңгейде тыйым салынады.

Талантты мамандарды қолдау мақсатында халықаралық кәсіби шеберлік конкурстарының жеңімпаздарына жоғары оқу орындарына конкурстан тыс грант тағайындау нормасы қарастырылды. Баланың өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін ата-аналардың жауапкершілігі де кеңейтілді. Білім мен тәрбие – тек мектептің ғана емес, отбасы мен мемлекеттің ортақ ісі екені нақты айқындалды.

Заңда педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша студенттерді қабылдау мен ауыстыру талаптары қатаңдатылды. Бұл салаларға ең үздік, білімді жастардың келуін қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Сонымен бірге, Қазақстан аумағында жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының еркін қызмет етуі үшін қолайлы құқықтық режим бекітілді. Бұл – болашақта елімізді өңірлік білім хабына айналдырудың маңызды тетігі болмақ.

Сенаттың жалпы отырысында қаралатын келесі құжат — «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мен оған ілеспе құжат. Парламент Мәжілісі осы заңдарды биыл мамыр айының басында талқылаған еді.

Заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша алдын алу шаралары күшейтіледі. Осы мақсатта мүдделер қақтығысының алдын алу және реттеу институты осы процесті егжей-тегжейлі реттеу арқылы жетілдірілді. Бұл жұмыста әдеп жөніндегі уәкілдің, комплаенс-қызметтің және персоналды басқару қызметінің рөлі артып келеді. Лауазымдық өкілеттіктерді жеке мүддеге пайдалануға жол бермеу түрінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізіліп, «жеке мүдде» деген ұғымы нақтыланады.

Құжат аясында параны ұсыну, уәде ету немесе талап ету деген әрекеттер қылмысқа жатқызылды. Бұл түзетулерді әзірлеу барысында жақын және алыс шетелдердің халықаралық тәжірибесі мұқият зерттелді. Мысалы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының барлық 38 елінде осы әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Мұндай нормалар посткеңестік кеңістіктегі көптеген мемлекеттің заңнамасында да бар. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, пара туралы келісім жүргізу аяқталған қылмыс деп тану мемлекетке зиян келтірмес бұрын парақорлықтың жолын кесуге мүмкіндік беретін профилактикалық әсерге ие.

1,2 миллионнан астам кәсіпкер жеңілдетілген декларациямен арнаулы салық режимін таңдады
Фото: Gov.kz

Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Үкіметі мен Оман Үкіметі арасындағы табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімді және оған Хаттаманы ратификациялау туралы» Заңды қарайды. Бұл құжатты Парламент Мәжілісі биыл сәуір айында қабылдады.

Келісім салық саласындағы мақсаттарда ақпарат алмасу үшін де заңнамалық негіз болады.

Қаржы министрлігінің мәліметіне қарағанда, биыл осы мәндегі келісімдерді Иран Ислам Республикасымен, Мысырмен, Израиль, Кувейт мемлекеттерімен, Португалиямен, Әзербайжанмен, Индонезиямен, Тайландпен жаңартып бекіту жоспарланған.

Келісім мынандай мәселелерді реттейді:

— салық салу мақсатында резиденттікті анықтау;

— тұрақты мекеме құру;

— салық салуға жататын табысты бөлу (дивидендтер, пайыздар, роялти, кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыс және т.б.);

— екі мемлекеттің уәкілетті органдары арасындағы өзара келісім механизмі;

— салықтық ақпарат алмасу тәртібі;

— жеңілдіктерді шектеу туралы баптар.