АҚШ-тың түсіндіруінше, олар Америка әскері мен Ормуз бұғазындағы коммерциялық кемелерге қауіп төндірген.
28 мамырға қараған түні АҚШ әскері Иран аумағындағы нысандарға соққы жасады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, америкалық күштер әскери нысанға шабуыл жасап, ирандық төрт дронды атып түсірген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
АҚШ шенеунігінің мәліметінше, әскерилер бесінші дронды ұшырмақ болған Бендер-Аббас қаласындағы басқару пунктіне соққы жасаған. АҚШ-тың түсіндіруінше, олар Америка әскері мен Ормуз бұғазындағы коммерциялық кемелерге қауіп төндірген.
“Мұндай қимылдар таза қорғаныс мақсатында болды және атысты тоқтату режимін сақтауға бағытталған” деді ақпарат агенттігінің дереккөзі.
Ирандық ақпарат құралдары аталған аумақта жергілікті уақыт бойынша түнгі сағат 01:30 шамасында жарылыс болғанын хабарлады.
Көп ұзамай Иран да АҚШ-тың әуе базасына соққы жасағанын мәлімдеді. Ислам революциясы сақшылар корпусының хабарлауынша, Бендер-Аббас әуежайы маңындағы шабуылдан кейін жергілікті уақыт бойынша сағат 04:50-де америкалық әуе базасына жауап соққысы жасалған. Алайда базаның нақты қай жерде орналасқаны нақтыланбады.
Өз кезегінде Кувейт әскері бейсенбі күні зымырандар мен дрондарды жоюға арналған әуе қорғанысы жүйелері іске қосылғанын хабарлады.
Еске салайық, АҚШ пен Иран арасындағы атысты тоқтату режимі сәуір айының басында күшіне енген болатын. Бұған дейін АҚШ Ормуз бұғазында мина орнатуға әрекеттенген кемелерге соққы жасағанын мәлімдеген еді.