Бөлімдер
Жаңалықтар

Грузияның туристік әлеуетінің жаңа қырлары

Грузияның туристік әлеуетінің жаңа қырлары

Оның аясында Грузияның жетекші туристік компаниялары мен Грузияның Ұлттық туризм әкімшілігінің (GNTA) басшылығы Қазақстанның туризм саласы өкілдеріне жаңа өнімдер мен бағыттарды таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Роуд-шоудың басты мақсаты – екі елдің туристік бизнесі арасындағы тікелей іскерлік байланыстарды дамыту, ынтымақтастықты кеңейту және Грузия бағыты бойынша жаңа туристік өнімдер жасау болды. Қазақстанның туризм саласындағы кәсіпкерлері серіктестік мүмкіндіктерін, жаңа бағыттар мен туристік пакеттерді, топтық және жеке бағдарламаларды, сондай-ақ бірлескен жобаларды одан әрі дамыту мәселелерін талқылауға мүмкіндік алды.

Іс-шараға Грузияның 10 жетекші туристік компаниясының өкілдері, атап айтқанда, Kazin DMC, Travel Door, Georgian Bus, V holidays, Voyager, Vector Travel DMC, The Biltmore Tbilisi Hotel, Silk Hospitality, IBIS STYLES TBILISI CENTER, Mosaic Georgia, сондай-ақ 50-ден астам қазақстандық туроператор мен туристік агенттік, отандық әуе компаниялары мен туризм саласының өкілдері қатысты.

Emotions are Georgia Kazakhstan Roadshow 2026 шарасы бірнеше блоктан тұрды. Грузия Ұлттық туризм әкімшілігінің (GNTA) маркетинг бөлімінің басшысы Мака Макацария елдің туристік әлеуетін дамытудың негізгі бағыттарын таныстырды. Ол бүгінгі таңда Грузиядағы туризм саласындағы ынтымақтастық әртүрлі бағыттар бойынша, атап айтқанда, курорттық демалыстан бастап мәдени, бальнеологиялық және гастрономиялық туризмге дейін, соның ішінде ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра нысандары болып саналатын орындарды қоса алғанда дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. 

"Грузия әрқашан қонақтарды қарсы алуға дайын және біз саяхат картасынан көптеген бірегей орындарды ұсынуға дайынбыз. Ел аумағы 67 мың шаршы шақырымды алып жатыр және елімізді бір аптаның ішінде аралап шығуға болады. Біздің туризм саламыз әрі қарай дамып, қонақтарға демалыстың жаңа түрлерін ұсынып келеді. Мәселен, мен Сванетияда өте жақсы дамыған хелискайтингпен айналысу үшін Грузияға арнайы келетін қазақстандықтарды талай рет кездестірдім. Дегенмен, таудағы демалыс пен курорттардан бөлек, біз басқа да қызықты әрі тартымды өнімдерді де ұсынуға дайынбыз.

Біз қазақстандық туристердің Грузияны тек жаздағы теңіз жағасындағы демалыс немесе қыстағы Сванетияның шаңғы курорттары деп қана ұғынбауын қалаймыз. Біз елдегі жылдың төрт мезгілінде де демалу мүмкіндіктерін көрсеткіміз келеді. Мысалы, қазір Тбилиси опера және балет театрының балет труппасы әйгілі прима-балерина Нино Ананиашвилидің жетекшілігімен әлемдік деңгейдегі керемет бағдарламаларды ұсынып отыр. Біз бальнеологиялық курорттарда демалуды ұсынуға дайынбыз. Боржомиде демалыс пен емделуге барлық жағдай жасалған заманауи бес жұлдызды қонақ үйлер бар. Минералды сулармен емделуге немесе сталактиттер мен сталагмиттердің көркіне таңдай қағып қана қоймай, емдік ауасымен тыныстауға болатын бірегей табиғи үңгірлер кешеніне баруға болатын Цхалтубо курорты бар.

Бұдан бөлек, бұл аймақ қазір фото мен бейнетүсірілімдерге арналған бірегей орындарды іздеп келетін көптеген туристерді, әлемге танымал фотографтарды өзіне баурап отыр. Грузия аумағында ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген көптеген нысандар бар және олардың басым бөлігі саяхатшыларға ашық", – деді Мака Макацария.

Emotions are Georgia Kazakhstan Roadshow 2026 екі елдің туристік индустрия өкілдері үшін танысу және іскерлік байланыстарды дамыту алаңына айналды. Саладағы мәселелер келіссөз үстелдерінде ғана емес, сонымен қатар Алматыда өткен шара аясында бейресми жағдайда да талқыланды.

Роуд-шоудың негізгі бөлігі – грузиялық туристік бизнес өкілдерінің қазақстандық туроператорлармен және агенттіктермен танысқан тікелей B2B-кездесулері. Мұнда ынтымақтастық мәселелері талқыланып, жаңа бағыттар мен туристік пакеттер, сондай-ақ топтық және жеке бағдарламалар таныстырылды.

Бірлескен жобаларды одан әрі дамыту мәселесі де қаралды. Роуд-шоу бағдарламасында қазақстандық саяхатшылардың талап-тілектері мен екі ел арасындағы туристік алмасуды одан әрі дамыту мүмкіндіктері сөз болды.

"Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы" АҚ директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, Қазақстан туристік қауымдастығының президенті Рашида Шайкенова атап өткендей, бұл іс-шара Грузияның туристік индустриясын маркетингтеу мен ілгерілетудегі жаңа, жүйелі тәсілді көрсетіп, қазақстандықтарға туризм саласындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерін таныстырды.

"Қазақстандық туристерге келсек, олар ізденімпаз, серіктестеріміз де олардың басқаларға қарағанда экскурсияларға жиі қатысатынын растайды. Ал Грузия – мәдени-танымдық және әдеби туризм қарқынды дамып келе жатқан, тарихы терең ел. Ғасырлар бойы сақталып келген барлық көне қамалдар мен бекіністерді айтпағанның өзінде, гастрономиялық туризм де бөлек назар аударуға тұрарлық".

"Қазақстан мен Грузия арасында қазір туризм үшін өте қолайлы жағдай қалыптасқанын атап өту қажет. Визасыз режим мен екі ел арасындағы әуе рейстерінің көптігі туризм индустриясындағы екіжақты байланысты дамытуға ықпал етеді. Яғни, турист қайда барады? Турист көбінесе виза талап етілмейтін, ұшу уақыты да, бағасы да қолайлы бағыттарды таңдайды. Қазір бұл халықаралық туризмде трендке айналды. Тұрақсыз геосаяси жағдай аясында саяхатшылар қауіпсіз бағыттар мен қауіпсіз елдерді жөн көреді. Біз қазір Грузияның туристік индустриясы көтерген бастама қазақстандық туризм саласы өкілдерінің үлкен қызығушылығын тудырып отырғанын көріп отырмыз", – деп атап өтті Рашида Шайкенова.

Алматыдағы іс-шараны түйіндеген жағымды сәттердің бірі – оған қатысқан қазақстандық туристік сала өкілдері арасында жүлделер ұтысының ұйымдастырылуы болатын.

Emotions are Georgia Kazakhstan Roadshow 2026 шарасының іскерлік бөлімін қазақстандық би ұжымы өнер көрсеткен концерттік бағдарламамен ашылған гала-кеш қорытындылады. Әртістер қонақтарға грузин биін тарту етіп, қатысушылар мен ұйымдастырушылардың ыстық ықыласына бөленді.

Лотерея жеңімпаздарына грузиялық туристік бизнес өкілдері арнайы турлар мен қонақ үйлерде тегін орналасу сертификаттарын, сондай-ақ "Air Astana" әуе компаниясының билеттерін табыстады.

Кештің басты оқиғасына айналған би жарысына Қазақстан мен Грузияның туристік саласында еңбек ететін арулар қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.

Грузия Ұлттық туризм әкімшілігінің Қазақстан мен Өзбекстандағы ұйымдастырушысы әрі серіктесі "Remark" агенттігі болды.

Emotions are Georgia Kazakhstan Roadshow 2026 қорытындысын шығарған "Remark" агенттігінің басшысы Ольга Альтфатер:

"Грузия – қазақстандықтар үшін бұрыннан жақсы таныс әрі ұнайтын бағыт. Ақпараттық науқанымыздың басты мақсаты – елді жаңа қырынан танытып, көпшілік біле бермейтін аймақтарды, тың бағыттар мен саяхаттың жаңа мүмкіндіктерін ашу. Баспасөз-турына қатысушылардың шынайы әсерлері мен бөліскен оқиғалары арқылы Грузияға деген назарды арттыра алдық. Бүгінгі шара да осы бағыттағы жұмыстың жалғасы болып, туризм саласындағы серіктестермен бірге халықтың қызығушылығын жаңа саяхат өнімдеріне әрі нақты сапарларға айналдыруға жол ашты", – деп атап өтті.


Telegram

БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ
Ең соңғы жаңалықтар осында

Жазылу

Дереккөз: Inbusiness · Балжан Смаилова