Тек биылдың өзінде полицейлер ірі көлемде шығын келтірілген төрт ұрлықты ашты.


Ұлытау облысында 2025 жылдан бері полиция "Қазақмыс" корпорациясының аумағынан ұрлық жасаған бірнеше қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты. Қабылданған шаралардың нәтижесінде келтірілген шығынның 94,5 пайызы өтелген, деп хабарлады Polisia.kz.

ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс Қазақстанның стратегиялық маңызы бар және қала құраушы кәсіпорындарында заң мен экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүйелі негізде жұмыс жүргізіп жатқанына тоқталды. Өнеркәсіп секторына залал келтіретін ұрлықтарды, көлеңкелі схемаларды және өзге де заңсыз әрекеттерді анықтау мен олардың жолын кесуге ерекше назар аударылып отыр.

"Мысалы, жергілікті қылмыстық топтардың жетекшілігімен әрекет еткен қылмыстық топ мүшелері сотталды. Олар құрамында бағалы металдардың мөлшері жоғары кен қорытпаларын ұрлау схемасын ұйымдастырған. Тек биылдың өзінде полицейлер ірі көлемде шығын келтірілген төрт ұрлықты ашты. 7 мамыр күні Мемлекеттік күзет қызметімен бірлесіп компания аумағынан жанармай ұрлауға байланысты заңсыз әрекеттердің жолы кесілді. Жедел іс-шаралар барысында ұрлықты ұйымдастырды және кейін жанар-жағармай материалдарын сатумен айналысты деген күдікке ілінген тұлғалар ұсталды", – деді Қуандық Алпыс.

Сондай-ақ, бір тоннадан астам жанармай, ірі көлемдегі қаражат, көлік құралдары, оқ-дәрілері бар қару және заңсыз схемада пайдаланылған өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленген. Тергеу барысында ұрлық арнайы техникаға жалған жанармай құю және құжаттарды қолдан жасау арқылы жүзеге асырылғаны анықталды.

"Күзет құрылымдарының жекелеген қызметкерлері тарапынан көмек көрсету факілері де әшкереленді. Қазіргі уақытта тергеу-жедел іс-шараларының кешені жүргізілуде, қаржылық-шаруашылық құжаттамаға талдау жасалып жатыр, келтірілген шығын көлемі анықталуда. Алдын ала мәлімет бойынша шығын аса ірі көлемде болуы мүмкін", – деді ІІМ өкілі.


Оқи отырыңыз:

  • Қазақмыс Мыс балқыту зауытында желдету жүйесін жаңғыртып жатыр
  • Өмірді сақтап қалатын бес минут: Қазақмыс "Тоқтату жиналысын" енгізуде