Атырау облысының Жанкелдин ауылында тұтас бір отбасының өліміне қатысты алғашқы сот отырысы 18 мамырда өтеді, деп хабарлайды "Астана" арнасы.

Төрт бірдей адамды аяусыз пышақтап, көміп тастады деп күдікке ілінген сол әулеттің бұрынғы күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев сотта 13 эпизод бойынша жауап бермек. Оның қылмыс барысында қолданған пышағы табылмапты. 15 томнан тұратын істі халық арасында танымал судья Зарема Хамидуллина жүргізеді.

Мұқанғалиевтардың қызы Ақбаянның ата-анасы мен бауырларының өліміне қатысы жоқ. Прокурорлар Ақбаянға қатысты бөлек қылмыстық қылмыстық іс тергеліп жатқанын айтты. Ол Атыраудағы психикалық денсаулық орталығына жеткізілген.

"Ақбаян Мұқанғалиеваның кісілерді, тұлғаларды өлтіру фактісіндегі қылмыстық құқық бұзушылығы анықталған жоқ. Өлтіру фактісіне қатыстылығы болмағандықтан, ол жөнінде оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылып, яғни қылмысты хабарламау фактісі бойынша бөлек қылмыстық іс тіркеліп, ол бойынша құқықтық бағасы берілген жоқ. Ақбаян Мұқанғалиеваның күдікті ретінде іс-әрекеті сараланбады. Оған қатысты бұлтартпау шарасы қолданылған жоқ", — дейді облыс прокурорының көмекшісі Жандар Болатбек.

Еске сала кетейік, Атырау облысында 2025 жылдың соңында жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен бір отбасын полиция іздестіріп жатқаны хабарланған еді. Полицияға 2025 жылдың 25 желтоқсанында Атырау қаласының тұрғыны жүгінген. Ол ағасы мен оның отбасы бір айдан астам уақыттан бері хабар-ошарсыз кеткенін айтқан.

6 қаңтарда отбасының екі мүшесі, атап айтқанда ерлі-зайыпты Қарабалин Мақсот пен Өтешқалиева Нәсіп өз үйінде өлі табылған. Аталған оқиғаға қатысты "кісі өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

8 қаңтарда ерлі-зайыптыны ауыл халқы жер қойнына тапсырды.

Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, жедел-тергеу тобы құрылды.

Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы ер адамға, яғни осы отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге ерлі-зайыптының кіші қызы да халықаралық іздеуге берілді. Бұрын ол күдіктімен некеде тұрған.

Күдікті Индонезияда ұсталды. Онымен отбасының кіші қызы бірге жүргені анықталды.

Ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындады. Оның көрсетуімен жедел-тергеу тобы қосымша тергеу әрекеттерін жүргізді. Атыраудағы үй ауласын тексеру барысында бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен ұл мен қыздың мәйіттері табылды.

"Қылмысқа ұзақ уақытқа созылған тұрмыстық жанжалдар себеп болған", — деді ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз