Жазғы туристік маусым қарсаңында Алакөлге қатынайтын теміржол рейстері көбейеді.

Ұлттық тасымалдаушы компания биыл жаз айларында 15 қосымша теміржол бағытын іске қосуды жоспарлап отыр.

ҚТЖ мәліметінше, 2026 жылғы жазғы маусымда шамамен 4,2 млн жолаушы тасымалданады. Оның ішінде 230 мыңға жуық адам Алакөл жағалауына пойызбен барады деп күтілуде.

Маусымдық сұраныстың артуына байланысты Астана, Алматы, Семей, Өскемен, Павлодар және Қызылорда қалаларынан қосымша пойыздар мен тіркеме вагондар қатынайды.

Қосымша бағыттар қатарында:
– №54/53 «Нұрлы жол – Достық»;
– №253/254 «Нұрлы жол – Достық»;
– №207/208 «Алматы – Достық»;
– №211/212 «Алматы – Достық»;
– №221/222 «Алматы – Достық»;
– №457/458 «Семей – Достық»;
– №459/460 «Өскемен – Достық»;
сондай-ақ Қызылорда, Павлодар және Алматы бағыттарынан тіркеме вагондар іске қосылады.

Бұдан бөлек, жазғы кезеңде басқа да сұранысы жоғары бағыттарға қосымша рейстер ұйымдастырылады.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Дияр Нүсіпқожанов жазғы маусымда 2 мыңнан астам вагон пайдаланылатынын айтты. Оның сөзінше, вагондардың 86 пайызы кондиционер жүйесімен жабдықталған.

Компания мәліметінше, барлық пойыздар алдын ала техникалық тексеруден өтіп, санитариялық өңдеуден өткізілген. Жолаушылар үшін мультимедиялық ойын-сауық жүйесі, онлайн билет рәсімдеу сервистері және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған арнайы вагондар қарастырылған.