Әлем әдебиетінде «адасқан ұлдың оралуы» деген мотив бар. Сол мотивті біздің саяси-экономикадағы «жылыстаған капиталды елге қайтару» дейтін маңызды іспен байланыстыра айтуға әбден болады.
ПРЕЗИДЕНТ ПӘРМЕНІ: ШЕТКЕ АҒЫЛҒАН АҚШАНЫ ҚАЙТАРУ КЕРЕК!
Тәуелсіздік жылдары ессіз-көзсіз шетке ағылған капиталды заңсыз шығару мәселесін Мемлекет басшысы 2022 жылдың басында, Парламент Мәжілісінің кеңейтілген отырысында жасаған «Қайғылы қаңтардың сабақтары: қоғамның бірлігі – тәуелсіздіктің кепілі» атты баяндамасында көтерді.
Сурет: kz.kursiv.media сайтынан алынды.
Ал «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында капиталды қайтару үшін арнайы заң әзірлеуді тапсырды. Бас прокуратура құрылымында заңсыз шығарылған активтерді қайтару үшін жеке бөлімше құру туралы нұсқау берілді.
Осы міндеттерді орындау мақсатында Парламент депутаттарының бастамасымен, 2023 жылғы шілдеде «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң қабылданды. Ал 2023 жылғы 5 қазанда Бас прокуратура құрамында «Активтерді қайтару жөніндегі комитет» дейтін арнайы ведомство құрылды.
БОДАУ БЕРГЕН БОРАНБАЕВ ӨЗГЕЛЕРГЕ ҮЛГІ БОЛА МА?
Содан бастап бұрын «жалғанды жалпағынан басқандарға» тықыр таяна бастады. Мысалы, 2023 жылғы наурызда экс-президенттің экс-құдасы, олигарх Қайрат Боранбаев сот шешімімен кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленді, бірқатар лауазымдарға тағайындалуына өмір бойы тыйым салынып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сурет: kaztag.kz сайтынан алынды.
Кейін Боранбаев мемлекетке бодау төледі. Ұзын-ырғасы 90 млрд теңгенің активтерін қайтарды. Олардың ішінде мұнай кен орындары, газ тарату компаниясы, сауда кешендері, қонақ үйлер, фитнес-орталықтар және басқа да нысандар бар.
Айта кету керек, Қайрат Боранбаев түрмеде отырса да, «Қайрат» клубы оның иелігінде қалатыны хабарланды. Ал күні кеше ғана Алматының «Қайрат» футбол командасы Еуропа Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне өтті.
Айыбын мойындап, бодауын өтеген Қайрат Боранбаев қазір Қазақстанда. Кәсібін дөңгелетіп, қалтасын еселеп қана қойған жоқ. Ел спортын дамытуға капитал салып, Қазақстан мүддесіне қызмет етуде. Ал оның осы шешімінің нәтижесін күні кеше ғана алматылық «Қайрат» көрсетті.
Ендеше Қайрат Боранбаев Қазақстанды майшелпек көретін өзге де дәу-дөкейлерге үлгі бола ма? Бұл басы ашық сауал...
Сурет: orda.kz скрині.
АР-ОЖДАНЫНЫҢ ҚҰНЫН 1 МЛН ТЕҢГЕГЕ БАҒАЛАҒАН ШОДИЕВ....
Енді суымызды ішіп, құдығымызға түкіріп жүрген, ескі билік тұсында ебін тауып, есеп жасап, Қазақстанның қазба-байлығы есебінен қоң жиып, бүгінде Астананың адресін ұмыта бастаған Патох Шодиев дейтін дәу туралы осыған дейін егжей-тегжейлі жаздық. Сол Шодиев өзі құрушысы болған компанияны соттан-сотқа сүйреп, әлекке салып жатқанын да қазақстандық БАҚ тәптіштеп жазды.
Жуырда Патох Шодиев ERG-дің қазіргі басшылығын сотқа беріп, соттың жабық форматта өтуін талап еткен еді. Сонымен қатар, Шодиев моральдық шығын ретінде 1 млн теңге талап еткені де айтылды.
Шодиевтің талабымен, сол соттың алғашқы отырысы жуырда ғана өтті. Жабық форматта. Онда не айтылды, не қойылды, кейінірек ашып жаза жатармыз, мұнда назар аударар басты мәселе – Шодиевтің ERG-дан 1 млн теңге талап етуі.
Қазақстанда жүріп байыған, бүгінде әлем ауқаттыларының рейтингінде шіреніп отырған, дәулеті миллиардтаған доллармен есептелетін Патох Шодиевтің болмашы 1 млн теңгені өз ар-ожданының ақысы ретінде бағалауы – Шодиевтің болмысының қандай екенін аңғартса керек...
(Дереккөзі: https://orda.kz/oligarh-shodiev-potreboval-ot-sobstvennoj-kompanii-million-tenge-za-moralnyj-vred-405750/ )
ПАТОХ ШОДИЕВ КІМ?
Жалпы, Патох Шодиев кім? 1997 жылы Бельгия азаматтығын алған Патох Шодиев – Қазақстандағы ең ірі «ENRC» тау-кен өндіру компаниясының тең иесі және негізін қалаушы болған. Сонымен қатар, ол Бельгияның ең бай азаматтарының бірі ($3,7 млрд-тан астам), филантроп, Дүниежүзілік демократия қорының президенті және саяси ғылымдар докторы.
Шодиевтің Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведевпен достық қарым-қатынасы бар екені де айтылады.
БАҚ оны пост-кеңестік кеңістіктегі алып бизнестің «сұр кардиналы» деп атайды. Шодиев Франция, Ресей және Қазақстан сияқты үш елдің билігіне де есікті еркін ашып кіре алатын адам ретінде танылды. Мұндай бедел – сирек кездесетін жағдай.
Сурет: lemonde.fr скрині.
ШОДИЕВТІ ТҮРМЕДЕН ҚҰТҚАРҒАН КІМ?
Қазақ мафиясының бұрынғы басшысы Патох Шодиевтің меценат ретінде танылуы туралы француз басылымдары – «Le Monde» және «Libération» өз оқырмандарына ақпарат беріп, үлкен қоғамдық резонанс тудырды. Олардың хабарлауынша, 2009 жылы Франция мен Қазақстан президенттері Өзбекстанда туған Шодиевті түрмеден құтқарған. Болжам бойынша, Николя Саркози бұл үшін Астанаға келген, нәтижесінде Бельгия заңнамасына өзгерістер енгізіліп, Шодиевтің бостандықта қалуына мүмкіндік туды.
(Дереккөзі: https://www.lemonde.fr/societe/article/2014/10/07/vente-d-helicopteres-au-kazakhstan-une-enquete-vise-l-entourage-de-nicolas-sarkozy_4501698_3224.html)
Шодиевтің алғашқы жұмысы – қарапайым корректор ретінде «Сырдарьинская правда» газетінде басталған. Кейін Ресейдегі МГИМО-ны бітіріп, Жапониядағы КСРО сауда өкілдігіне жіберілді. КСРО ыдырағаннан кейін, Қазақстанға оралып, Александр Машкевич пен Алиджан Ибрагимовпен бірге «ENRC» компаниясын құрды. 90-шы жылдардың ортасында ол «Tractebel» компаниясымен бірлесіп, мемлекеттен активтерді өте төмен бағамен алу үшін ықпал етті.
1994–1995 жылдары Қазақстанның Энергетика және көмір министрлігі бельгиялықтармен бірқатар бірлескен кәсіпорындар құруға келісім жасады. «Tractebel» «Алматыэнерго» компаниясын небәрі $5 млн-ға сатып алды. 1997 жылы бельгиялық компания Қазақстанның магистральдық газ құбырларын концессияға алды. Сол жылы Шодиев бельгиялық азамат болды және ақшаны жылыстату ісіне қатысты. Сонымен қатар, «Tractebel» сотталушыларға пара бергенін хабарлады.
(Дереккөзі: https://lenta.ru/articles/2015/06/25/patoh/)
Тергеу 10 жылдан астам уақытқа созылып, жаңа фактілер анықталды. Мысалы, 2000 жылдардың басында Бельгияда судья қылмыстық шығу тегі бар ақшаға жылжымайтын мүлік сатып алынғанын анықтады. Тергеу Кука аралдарындағы «International Financial Bank Limited» офшорлық банкін де тапты. Кейін Бельгия заңдары өзгеріп, қылмыстық қудалау ақшалай өтемақымен алмастырылды. Шодиев сотпен келісім жасап, 23 млн еуро төлеп, істі жаба алды.
Француз басылымдарының болжамынша, 2009 жылы 6 қазанда Францияның экс-президенті Саркозидің Қазақстанға сапары кезінде Назарбаев француз президентінен Бельгиядағы қазақ кәсіпкерлерінің, әсіресе Шодиевтің мүддесін қорғауды өтінген. Сол кезде Шодиев ірі еуропалық бизнес өкілдерімен кездесіп, Қазақстан мен Франция арасындағы келісімдерді талқылады.
«Le Monde» нұсқасы бойынша, Саркози қызметі үшін Қазақстан 2010 жылы Астанада «Eurocopter» (қазіргі Airbus Helicopters) тікұшақтарын құрастыру және 2 млрд еуро сомасына басқа өнім сатып алу келісімін жасасты. Мұның қомақты сомасына қарамастан, қазақ-бельгиялық олигархтың ықпалы қандай дәрежеде болғаны әлі де жұмбақ күйінде қалып отыр.
Қазіргі уақытта Шодиев Қазақстанға да, туған Өзбекстанға да кіре алмайтыны белгілі. Екі жыл бұрын «ENRC» Лондон қор биржасында (LSE) сатылатын ашық компанияның имиджінен айырылды. Делистинг кезінде есептілікте заң бұзушылықтар анықталған, бұл Ұлыбританияның мемлекеттік органдарында дүр сілкіндірді.
(Дереккөзі: https://committees.parliament.uk/writtenevidence/45731/pdf/)
Сондай-ақ, «Global Witness» ұйымы ағылшын парламентіне есеп беріп, Қазақстандық компанияның Африка елдеріндегі көшбасшыларға пара бергенін хабарлады. Бұл баяндамаларда қазақтар офшорлар арқылы президент Джозеф Кабиланың сенімді өкіліне ресурстарға қол жеткізу үшін миллиондаған доллар төлегені айтылды.
Шодиевтің оқиғасы әлемдік кәсіпкерлік тарихында Бернард Мэдоффтың жағдайын еске салады. Мэдофф та өз беделін жоғалтқан, ақыр соңында қаржылық пирамида арқылы әлем алдында қара бетке шыққан еді.
ШОДИЕВ ШЕТЕЛГЕ ШЫҒАРҒАН ҚАРЖЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭКОНОМИКАСЫНА ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН УАҚЫТ КЕЛДІ!
Түйін: Әңгімеміздің әлқиссасын шетелге заңсыз шығарылған капиталды елге қайтару ісінен бастадық. Үкіметтің есебінше, қазіргі күнге дейін 1,5 трлн теңгеге жуық актив қайтарылып, ел бюджетіне жұмсалуда.
Бізше болса, «Әділетті Қазақстан» девизімен қолға алынған шетке кеткен капиталды қайтару ісін әйдік олигарх Патох Шодиевтен бастау әділетті болар еді. Француз және ағылшын басылымдары жазған Шодиевтің күмәнді жүрістері оның активтерінің де тексерісті қажет ететінін анық білдіреді...
Шодиевтің осы оңды-солды шашып жүрген қаражаты қайдан келді? Әрине, қазақ жерінен! «Ескі Қазақстанның» еркетотай Шодиеві кезінде еш кедергісіз шетелге шығарып алған қаржы бүгінгі Қазақстанның экономикасына қызмет ететін уақыт келді. Мұндайда қазекем «берсе қолынан, бермесе жолынан» дейді. Бұл- өз еркімен қайтармаса, мәжбүрлеп қайтару деген сөз!