1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация – Қазақстанның қазіргі тәуелсіз мемлекеттілігінің бастауы және саяси-құқықтық дамуының бетбұрысты кезеңі. Бұл тарихи құжат еліміздің егемендігін заң жүзінде бекітіп, демократиялық қоғам құрудың құқықтық негізін қалады. Дәл осы Декларацияның қабылдануы Қазақстан халқының ғасырлар бойы аңсаған еркіндік идеясын жүзеге асырып, ұлттық мемлекеттіліктің қайта түлеуіне жол ашты.
Осы тақырып аясында біз заң ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық заң академиясының академигі Ермек Әбдірасұловпен егемендік туралы Декларацияның тарихи және құқықтық маңызы жайында кеңінен сұхбаттастық.
– Ермек Баяхметұлы, ең алдымен айтыңызшы, 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның тарихи және саяси-құқықтық маңызы неде?
– Республика күні, біздің ұлттық мерекеміз, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылдануымен тікелей байланысты. Бұл айтулы күн Қазақстанның қазіргі заманғы саяси-құқықтық дамуында зор маңызға ие. Өйткені Декларацияның қабылдануымен Республика үшін мемлекеттік-тәуелсіз өмірдің жаңа бағыттары мен перспективалары ашылды. Бұл – Қазақстанда демократиялық құндылықтарға бағдарланған дербес әрі тәуелсіз мемлекеттіліктің құрылуын бастаған конституциялық маңызы бар құжат. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің егемендік туралы ресми мәлімдемесі, академик Салық Зимановтың айтуынша, біздің еліміздің тарихына терең енген бостандық идеясы мен талпыныстың нәтижесі, ал оның маңыздылығы Қазақстан халқының тағдырына, егемен ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасуы мен жандануына әсер еткен баға жетпес жетістік.
– Сол кезеңде бұл Декларацияға қандай саяси және құқықтық көзқарастар болды?
– Академик Г.С. Сапарғалиев Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның тарихи және конституциялық маңызы туралы айта келіп, оның «Республиканың құқықтық жүйесінің маңызды көзі» екенін атап өтті. Өз заманының саяси қайраткері Е.М. Асанбаевтың пікірінше, «Декларация Қазақстан тарихындағы тұңғыш құжат болды, ол кешенді түрде республиканың дербес мемлекет ретіндегі мәртебесінің барлық мәселелерін шешіп, оны қатаң құқықтық нысанда бекітті».
Қазақстанның мемлекеттік егемендігін жариялау КСРО-дағы саяси, экономикалық, идеологиялық дағдарыстың табиғи нәтижесі болды. Дағдарыстың бастауы көптеген объективті және субъективті факторлардан болды. Олардың біріне коммунистік қоғам құрудың утопиялық бағдарламасы жатады.
Кеңес мемлекетінің көшбасшылары бүкіл кеңестік жүйеге қауіп төндіріп тұрғанын болжай отырып, өткен ғасырдың 80-жылдарының екінші жартысында реформалар арқылы социалистік әлемдік тәртіпті жаңартуға, мемлекет пен қоғамның барлық аспектілерін қайта құру арқылы оған жаңа өмір сыйлауға тырысты. Алайда, қарқынды реформалық күш-жігерге қарамастан, бұл қиындықтар жойылған жоқ. Керісінше шиеленісе түсті. Созылмалы тапшылық өсті, азық-түлік және тұрғын үй дағдарысы күшейіп, экономикаға тән өнім мен қызмет сапасының төмендігі арта берді.
КСРО-дағы прогрессивті қоғам алғаш рет осы қиындықтар туралы ғана емес, өмірдің барлық салаларындағы дағдарыстық құбылыстарға алаңдай бастады. Одақ пен одақтас республикалар арасындағы қатынастардағы елеулі теңгерімсіздік, одақтас республикалардың құқықтарын нақты шектеу бастамалары, одақ орталығының қолындағы экономикалық және саяси өкілеттіктерді шамадан тыс күшейту саясаты, ұлтаралық қатынастардағы дағдарыстық құбылыстар айқын сезілді. Ведомстволық диктат жұмыс күшінің шамадан тыс көші-қонын тудырып, бұл жергілікті ұлттардың үлес салмағын азайту арқылы республикалар халқының ұлттық құрамындағы маңызды өзгерістерге әкелді.
– Бұл жағдайлар Қазақстанға қалай әсер етті?
– Қазақстанда аталған проблемалар одан да айқын болғаны сөзсіз. Жинақталған мәселелер мен проблемаларды шешу жөніндегі шараларды талқылау және ұсыну Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны қабылдау үшін жағдай мен негіз дайындады. Қоғамдық-саяси әдебиеттерде ұжымдастыру нәтижесінде халықтың басынан кешкен қазақ трагедиясы, социалистік бесжылдықтардың демографиялық салдары, тың жерлерді игеру мен тоқырау кезеңінің салдары, экологиялық апат қаупі, ядролық сынақтардың зардаптары, қазақ тілінің тағдыры туралы айтылды. Сол кезеңде теріс ойластырылған социалистік эксперимент пен командалық-әкімшілік орталықтың саясатының құрбаны болған қазақ халқының саяси, мемлекеттік және мәдени қайраткерлерін зерттеу және оңалту қажеттілігі туралы көп жазылды.
КСРО басшылығының билікті одан әрі орталықтандыру жөніндегі әрекеттеріне жауап ретінде республиканың тәуелсіздігі мен егемендігіне қарай Қазақстандағы демократиялық күштердің жандануы басталды. Республикада 1989 жылғы 23 қыркүйекте Қазақ КСР-нің «Тілдер туралы» Заңының әзірленуі мен қабылдануы үлкен резонанс тудырды. Қазақстан жұртшылығының бір бөлігі мен одақтық басшылық қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беруді орыс тілді халықтың құқықтарына нұқсан келтірудің бастауы ретінде қабылдады. Қазақстанның белгілі қайраткерлері мұндай қорқынышқа былайша жауап берді: «Қазақ тіліне төніп тұрған жойылу қаупін ең алдымен қазақтардың өздері түсінуі керек және орыс тілді халық тарапынан жанашырлық пен бауырластық қатынас талап етеді. Тек осындай жағдайларда ғана Қазақстандағы тілдік жағдайды сауықтыруға және соның салдарынан ұлтаралық қатынастарды жаңартуға және нығайтуға болады».
Сол кезеңдегі КСРО-дағы реформалардың нәтижесіздігінің басты себебі – өзгерістердің көпшілігі социализмнің бұрынғы моделі аясында жүргізілді және оның мәнін өзгертпеді. Партиялық-бюрократиялық аппарат, ең алдымен, қолданыстағы жүйенің негіздерінің мызғымастығына қамқорлық жасады. Реформалардың нәтижесі экономикалық, идеологиялық және ұлтаралық қайшылықтарды айқындап, одан әрі шиеленістірді.
– Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің рөлі қандай болды?
– Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияны қабылдауға XII шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің барлық қызметі ықпал етті, ол мемлекеттік егемендік туралы ресми мәлімдемеге дейін республиканың экономикалық және саяси дербестігіне сөзсіз әсер еткен қоғамдық қатынастардың әртүрлі салалары бойынша бірқатар нормативтік құжаттар мен шешімдер қабылдады.
КСРО-ның барлық республикаларында егемендік пен дербестік қозғалысының өсуі жағдайында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның жобасын дайындап, ұсынды. Жоба Жоғарғы Кеңестегі депутаттармен және Қазақстанның қалың жұртшылығымен белсенді талқылана бастады. Жобадағы басты қағидаттардың бірі – қоғамдық келісім, халықтық егемендіктің бөлінбейтіндігі идеясы болды: Қазақ КСР-індегі егемендіктің жалғыз иесі және билік көзі – оның халқы. Халық мемлекеттік билікті Қазақстан Конституциясы негізінде тікелей де, өкілді органдар арқылы да жүзеге асырады.
Қазақстанның барлық азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғау – мемлекеттік егемендік туралы Декларация жобасының негізін қалаған маңызды идеялардың бірі. Адам құқықтары мен бостандықтарының табиғи-құқықтық теориясы бұрын үстемдік еткен таптық тәсілді алмастыра отырып, Қазақстандағы адам құқықтарының алғашқы декларациясы болды.
«Демократиялық Қазақстан» парламенттік фракциясы Декларацияның балама жобасын әзірледі. Ол ұлттық мемлекеттілік идеясына қарсы шығып, республикалық егемендік шеңберін тарылтты.
1990 жылғы 25 қазанда алты сағаттық талқылаудан кейін Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Декларацияның Қазақстанның саяси-құқықтық тарихындағы маңызы мен рөлі – оның қазіргі Қазақстанның құқықтық негіздерін қалағанында. Бұл құқықтық негіздер бүгінгі күнге дейін Қазақстан мемлекеті мен қоғамының саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуына өз әсерін сақтап келеді.
– Декларацияның негізгі мазмұны мен қағидаттарына тоқталсаңыз.
– Декларация – азаматтық батылдық актісі, өйткені ол КСРО басшылығы Қазақстан халқы үшін тағдырлы саяси-құқықтық құжаттың әзірленуі мен қабылдануына барынша кедергі келтіріп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің мемлекеттік егемендік туралы ресми мәлімдемесін мойындамаған жағдайларда қабылданды.
Осы қарсылықтарға қарамастан, жоғары мемлекеттік деңгейде Қазақстан халқының атынан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі бүкіл әлемге Қазақстан мемлекеттік билігінің республика ішінде үстемдікке, дербестікке, толықтыққа ие екенін ресми түрде мәлімдеді. Жоғарғы Кеңес Қазақстанның саяси, экономикалық, әлеуметтік және ұлттық-мәдени құрылысқа қатысты барлық мәселелерді дербес шешетінін жариялады.
Екіншіден, Декларация өзгермелі және аморфты құжат емес, барлық өркениетті елдерде мемлекеттік басқару тәжірибесімен дәлелденген тұрақты құндылықтарды білдіреді. Декларацияда жазылған негізгі қағидаттар – адам өмірінің құндылығы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, құқықтық және демократиялық мемлекет, халықаралық құқық субъектісі ретінде ішкі және сыртқы істердегі Қазақстанның мемлекеттік билігінің егемендігі, Қазақстан аумағының бөлінбейтіндігі мен қолсұғылмаушылығы, одаққа еріктілік, ұлттық мемлекет қағидаты және Қазақстандағы барлық ұлттар үшін құқықтық теңдікті қамтамасыз ету, өз азаматтығы институты, биліктің бөлінуі, меншік нысандарының алуан түрлілігі мен теңдігі, Қазақ КСР атынан Қазақстан халқына барлық ұлттық байлықтың тиесілігі, саяси плюрализм және басқалар.
Үшіншіден, Декларацияның нормалары мен ережелері тәуелсіз қазақстандық мемлекет пен қоғамды жаңғырту және қалыптастыру процесінде күрделі, көп еңбекті қажет ететін және алуан түрлі міндеттерді шешуге бағытталған.
Осыған байланысты Декларация ұлттық заңнаманың, 1993 жылғы Конституцияның және 1995 жылғы қолданыстағы Конституцияның негізіне айналды, өйткені ұлттық құқықтың қалыптасуы мемлекеттік егемендіктің көрінісі мен іске асырылуын білдіреді. Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның жоғарыда аталған барлық құндылық ережелері бүгінде Қазақстан Республикасы Конституциясының, Конституциялық заңдардың, салалық заңнаманың нормалары мен қағидаттарында көрініс тапты.
– Осы Декларацияның бүгінгі ұрпақ үшін қандай тарихи және рухани мәні бар деп ойлайсыз?
– Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясының қабылдануының тарихи-рухани мәні зор. Декларация – Қазақстан халқының шынайы егемендікке, қазақ ұлттық мемлекеттілігінің мызғымастығына объективті және тынымсыз ұмтылысының нәтижесі. Сондай-ақ, өркениетті, еркін мемлекеттер мен қоғамдар отбасына кіру жөніндегі халқымыздың жүзеге асырылған ерік-жігерінің көрінісі.