Батыс Қазақстан облысында Жайықтың оң жағалауындағы ауылдар қалың киіктен зардап шексе, сол жақ беттегі шаруалар шегірткенің шабуылына ұшырап жатыр.
Биыл өңірде 300 мыңнан астам гектарға үйірлі және саяқ шегірткеге қарсы химиялық улау жұмыстары жүргізілмек. Қазір Шыңғырлау, Қаратөбе, Сырым, Теректі аудандарында зиянкестермен күрес басталды.
Жерде қап-қара боп тұтасып жатқан мына жәндіктер үйірлі шегіртке деп аталады. Түнде осылай топтасқанымен күн көтерілгенде жан-жаққа жайылып кетеді. Бір шегіртке жаз бойы кем дегенде 100 грамм шөп жейді. Есептей беріңіз зиянын. Ал егер егінге түссе ше? Содан да шығар шегірткені көрген шаруа күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалады. Ерік Есенғалиев биыл өз қаржысына препаратттар сатып алып, алқаптарының айналасына шашып шықты.
Ерік Есенғалиев, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Шегіртке өрт сияқты ғой. Өртті сөндіресің, шегірткені тоқтата алмайсың. Ана жылы біршама соның зардабын көрдік. Биыл ауылшаруашылық басқармасына, үкіметке рақмет алдын ала жұмыстанып, соны қазір қолға алып жатыр. Біздер оған қарап отырған жоқпыз. Өзіміз де у алып, жайлап жұмыстанып жатырмыз. Шегірткенің басы шыққандарын өлтіріп.
Шегіртке дернәсілінің дамуы бес кезеңге бөлінеді. Бірінші кезеңде олар оянып, топырақ бетіне шығады. Ал 4 жаста қанат байлап ұша бастайды. Содан кейін қарақұрым боп, жолындағыны жайпап өтеді. Зиянкесті соған дейін уласа нәтиже болады, дейді мамандар.
Ерлан Орынбаев, АӨК мемлекеттік инспекциясының басшысы:
- 4-5 мамыр күні жер бетіне шықты. Қазіргі уақытта 19-20-нан бастап біздерде улау жұмыстары басталды. Улау жұмыстары 4 ауданда Қаратөбе, Сырым, Бөкей Ордасы бүгін міне Теректі ауданында бастап жатырмыз. 4 мердігер анықталды. Барлығы ауа райына байланысты. Ауа райы жаңбыр, жел болмаса 23 күн ішінде бітіруіміз керек.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Біз қазір Теректі ауданы Аңқаты ауылдық округіне қарасты Хандық ауылы төңірегінде тұрмыз. Дәл осы жерде шегірткеге қарсы күрес жұмыстары жүріп жатыр. Биыл облыста 320 мың гектар алқап өңделмек. Шегірткеге қарсы күресте бірінші рет ауылшаруашылық дрондары пайдаланылуда.
Бұған дейін улау жұмыстары желдеткіш у шашқыштар мен аэрозольді генераторлардың және дельтапландардың көмегімен жүретін. Енді олардың қатарына ауылшаруашылық дрондары қосылды.
Бағдат Жумин, «Фитосанитария» РМК БҚО филиалының директоры:
- Тиімділігі жаңағыдай екі режимде ұшады. Бірі қолмен ұшыру, екіншісі автоматты ұшыру. Автоматты режимді біздер пайдаланып отырмыз. Қазіргі күнде өзінің параметрлері шашу нормаларын программасына қойып бересің, сосын маршрут сызып бересің. Сол маршрутпен барып улап келеді. Тиімді деп ойлаймыз жаңа технология.
Тағы бір ерекшелік, биыл қажетті инсектицидті мердігер өзі әкеледі. Бұрын улау жұмыстарын басқа мекеме жүргізетін, препаратты өзге кәсіпкер жеткізетін. Егер жұмыс нәтижесіз болса, бір-бірінен көретін.
Ерлан Орынбаев, АӨК мемлекеттік инспекциясының басшысы:
- Оның бір жақсысы — химиялық улау жасап кеткесін шегірткелердің өлмей қалып немесе әсер етуі нашар болса, біз қайтадан сол мердігерге міндеттейміз. Сол жерді қайтадан жұмысын жасап шығады. Толық солардың міндеттері. Шегірткенің өлгеніне көз жеткізіп, біз содан кейін актілеріне қол қоямыз.
Шегірткемен күреске биыл өңірге 1 миллиард теңге бөлінді. 135 мың гектар үйірлі, ал 192 мың гектар саяқ шегірткеге қарсы өңделеді.
Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов