Жамбыл облысында жаңа оқу жылы басталғалы жасөспірімдер арасындағы қылмыстар мен өлім жағдайлары жиілеп кетті. Бар болғаны екі апта ішінде өңірде үш оқушы көз жұмды.

Биліктің дәрменсіздігі сонша, аталмыш қайғылы оқиғалар қоғамды селт етпейтіндей деңгейге жеткізіп отыр. Билік пен мектеп әкімшілігінің әдеттегідей «оқиға мектеп аумағында болмаған» деп басын ала қашатынын көрсетіп отыр. Журналистер мен қоғам белсенділері 25 жыл бойы шешілмей келе жатқан мәселелерге назар аударуды талап етуде. Caravan.kz медиа порталы болған оқиғаларға тоқталып, тақырыпты жалғастырады.

Жаға ұстататын статистика

Жаңа оқу жылы басталғалы Жамбыл облысында бірінен соң бірі бірнеше қайғылы жағдай тіркелді:

– 12 қыркүйек күні Шу ауданына қарасты Көкқайнар ауылында футбол матчынан кейін 11-сыныптың оқушысы жеңілістің ашуын 10-сынып оқушысынан алып, соққыға жыққан. Жасөспірім жедел жәрдем жеткенше жан тапсырды.

– Тараз қаласындағы мектептің бірінде 9-сынып оқушысы қатарласымен төбелесіп, дәретханада ажал құшты.

– 1 қыркүйекте колледжге енді түскен оқушы өз қатарласын пышақтап өлтірді.

Бұл оқиғалар 15 күннің ішінде болған. Журналист Диас Нұрақын атап өткендей, бұл сұмдық статистика.

«Қыркүйектен бері өңірде үш оқушы көз жұмыпты».

«25 жыл бұрын да осылай еді…»

Белгілі журналист Асқар Бековтың айтуынша, Тараздағы жағдай 25 жыл өтсе де өзгермеген.

«Жамбыл облысында оқушы өлді деген ақпаратқа дым елең етпейтін болғанбыз. Себебі 25 жыл бұрын мен оқыған Қаратауда да, облыс орталығы Таразда да мұндай оқиға қалыпты болатын. Әлі де сол!

Қоғам дым өзгерген жоқ. Бала үйдегі ата-ананың айнасы, қанша өзіңді жасырсаң да, балаң сені айна-қатесіз етіп көрсетіп қояды. Ең сорақысы сен қылмыс істеген балаңды қорғайтыныңда. Себебі сенің тәрбиеңде ақау болмаған деп есептейсің. Өзіңді де, балаңды да алдайсың. Ал бала әке-шешесі қорғайтынын 100 пайыз сезеді. Осы ұйықта қоғам тәуелсіздік алғаннан бері жүр».

Ол биліктің әрекетіне күмән келтіреді:

«Жамбыл билігі құқық қорғау органдармен бірге бұл мәселені “жылдам шешетініне” күмән жоқ. Бәрін ұсталған балаға жаба салады… Білім ордасының директоры тез арада “оқиға мектеп аумағында болмаған” деп ақпарат таратып, басын ала қашады. Шын мәнінде мектептердің бәрінде, әсіресе жоғарғы сынып оқушылары арасында “бардак”. Неге осы қарапайым, белгілі жайттарды жылдар бойы шеше алмаймыз, әкім мырза?!».

Журналист Диас Нұрақын да аймақ басшыларын сынға алды.

«Жамбыл облысындағы оқушылар жауыз болып кеткен бе? Қыркүйектен бері өңірде үш оқушы көз жұмыпты. Сұмдық статистика ғой мынау.

Жамбыл Облысы Әкімдігі не жетпей жатыр жастарға? Ербол Қарашөкеев қайда өзі? Өңірдің қожайыны ретінде қылмыстық ахуалды жақсарту үшін не жұмыс жасалып жатыр? Әлде бәрін полицияға ысырып тастап, инвестиция тарту, жасанды интеллект дегеннің соңында жүрсіз бе?».

Журналист Думан Бықайдың пікірінше, Жамбылдағы тәртіпсіздікті жоюға жай ғана сөгіс әсер етпейді.

«Жамбыл облысында оқушылар өлімінен кейін бірқатар шенеунікке қатаң сөгіс жарияланды. Қарашөкеевтің «сөгіс терапиясы» бәрібір нәтиже бермей тұр», — деп жазды ол.

Билік пен білім мекемелерінің әрекеті

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бұған дейін де жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайтуға нақты тапсырмалар бергенін, алайда жауапты тұлғалардың әрекетінен нәтиже байқалмай отырғанын айтып ақталды. Аймақ басшысы әрбір ауылдық округке жеке учаскелік полиция қызметкерін бекітуді және бос орындарға тез арада маман тағайындауды тапсырды.

Жиын қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовке жай сөгіс, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке, Шудың әкімі Бақытжан Жәнібековке, облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршубековке, сондай-ақ әлеуметтік саланы басқаратын Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова мен Шу ауданы әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаевқа қатаң сөгіс берілді.

Қарашөкеев Тараз қалалық және Шу аудандық білім бөлімдерінің басшыларын қызметіне сәйкестігін тексеруді талап етіп отыр.

Жамбыл облысындағы қайғылы оқиғалар өңірдің ғана емес, бүкіл қоғамның мәселесі. Бала – отбасындағы тәрбиенің айнасы. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен зорлықтың жиілеуі – ата-ананың, мектептің, биліктің және құқық қорғау органдарының ортақ жауапкершілігін айқындайды.

Қоғамның үнсіздігі бұл проблеманы шешпейді. Керісінше, әр ата-ана, әр мұғалім, әр шенеунік өз үлесін қосып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты әрекет жасауы тиіс. Әйтпесе, жыл сайын қайталанатын қасіретті статистика әдеттегі жаңалық болып қала береді.