Белгілі жазушы Сәуле Досжанның «Өмір бәйтерегі» романының түрік тіліндегі нұсқасы Анкара қаласында көпшілікке таныстырылды. Үздік шығарма ретінде «Меценат» әдеби сыйлығын жеңіп алған романда некесіз туған Нұржан атты баланың өмірі арқылы қоғамдағы өзекті тақырыптар қаузалады. Автор отбасының маңыздылығын шығармаға арқау ете отырып, ата-ананың бала тағдырына әсерін, ұлттық сана мен рухани тамырдан ажырамау қажеттігін қозғайды. Роман түрік тілінен бөлек бұған дейін орыс және ағылшын тілдеріне аударылған. Кітаптың тұсаукесер салтанатына жиналған түркиялық зиялы қауым өкілдері шығармаға жоғары баға берді. Түркиядағы ең үлкен Президенттік кітапханада өткен әдеби кешті «TÜRKTAV» Түркі тарихы және мәдениеті қоры ұйымдастырды.

Сәуле Досжан, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Білесіңдер ме?! Шығарманың өзінің бағы болады мына әйел адамның бағы сияқты. Бір шығармалар болады, өзі дүниеге келгеннен жолы жарық. Осы менің «Өмір бәйтерегімнің» жолы жарық болды. Көрдемше болып келгенімен ол өмірге, қасіретті болып, бірақ бақытты болды. Маған да үлкен абырой, бақыт әкелді.

Айхан Тұғлу, Түркия президенттік кітапханасының директоры:

Бұл шығарма – түркі әлемінің ортақ мәдениетін, қазақ халқының рухани болмысын танытатын маңызды еңбек. Мұндай жобалар бауырлас халықтар арасындағы рухани байланысты нығайта түсері сөзсіз. Кітаптың алғаш рет біздің кітапханада таныстырылуы – біз үшін үлкен мәртебе. Түрік-қазақ достығы мәдени байланыстар арқылы одан әрі тереңдей береді деп үміттенеміз.

Айдос Әшімұлы