Астана қаласында балалар мен жасөспірімдердің психологиялық әл-ауқатын арттыруға арналған ІІ Халықаралық психологтар форумы өтіп жатыр. «El Umiti» корпоративтік қоры мен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған форумға Еуропа, Азия және Қазақстаннан келген жетекші мамандар қатысып, психологиялық қолдаудың тиімді әдістері мен заманауи тәсілдерін талқылауда, деп хабарлайды El.kz порталы.
Форум – Еуропа, Азия және Қазақстаннан жиналған жетекші психологтар, педагогтер мен сарапшылардың басын қосқан кәсіби диалог алаңы болды. Басты мақсат – балалар мен жасөспірімдердің психологиялық саулығын қолдауға бағытталған тиімді әдістерді талқылап, тәжірибе алмасу.
Пленарлық отырыстың ашылуында сөз сөйлеген оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан қазіргі кезеңде психолог мамандардың рөлі бұрынғыдан да артып келе жатқанын атап өтті.
Қазіргі жастарымыз технологиялық және әлеуметтік үлкен өзгерістер кезеңінде өмір сүріп жатыр. Бұл сөзсіз, олардың психологиялық жағдайына әсер етеді. Сондықтан осындай алаңдарда жиналып, балалардың психологиялық қиындықтарын еңсеру жолдарын, олардың бойындағы қабілеттерді ашу тетіктерін бірге қарастыру – уақыт талабы, — деді вице-министр.
Сондай-ақ министрлік өкілі мемлекет басшысының балалар денсаулығын елдің басты байлығы ретінде атап келе жатқанын еске салып, психологиялық саулықты ұлттық деңгейдегі басым бағыт ретінде қарастыру керектігін айтты.
Айтуынша, бүгінде еліміздің мектептерінде 10 мыңнан астам педагог-психолог жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 2 мыңға өскен.
Бүгінгі таңда Үкімет бекіткен жоспар бойынша әр 500 оқушыға бір педагог-психолог маманнан келуі тиіс. Бұл талап еліміздің көптеген мектептерінде орындалуда. Екі мың және оданда көп орындық мектептерде тіпті 8-ге дейін психолог болуы қажет, — деді вице-министр.
Бұдан өзге республика бойынша 20 педагогикалық-психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді. Әрқайсысында 40-қа жуық маман қызмет атқарады. Бұл орталықтар ата-аналарға, мұғалімдерге және оқушыларға кешенді қолдау көрсетуге бағытталған.
Педагог-психологтардың қызметі де қазіргі таңда жаңарып, жаңа мазмұнға ие болуда.
Бұрын педагог-психологтар жалпы мектептің психологиялық ахуалына жауап берсе, қазір әр баланың ерекшелігін анықтап, оған жеке көзқараспен қарауға тырысады. Бұл үшін арнайы диагностикалық құралдар әзірленді. Олар баланың мінез-құлқы мен психологиялық жағдайын нақты бағалауға мүмкіндік береді, — деді Еділ Оспан.
Астана қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевтың сөзінше, бүгінгі таңда қоғамымызда балалардың психологиялық әл-ауқаты күрделі әрі өзекті мәселе болып тұр.
Психологиялық қолдау мен көмексіз, психология саласының мамандарының қатысуынсыз балаларымыз күнделікті өмірде кездесетін түрлі қиындықтармен бетпе-бет келеді. Астана қаласында білім беру саласында инновациялық жобалар мен бағдарламаларды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта халықаралық ұйымдармен, оның ішінде ЮНЕСКО мен дүниежүзілік банк секілді беделді серіктестермен бірлесе жұмыс жүргізілуде. Қалалық білім басқармасының, әкімдіктің бастамасымен қауіпсіздік мәселелерін бақылауға арналған арнайы кеңес құрылды, – дейді.
Сондай-ақ Қасымхан Сенғазыев жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылуда екенін жеткізді.
Бұл күрделі жағдайды шешу үшін әріптестік кең көлемде жүргізіліп, жан-жақты зерттеулер жүргізілуде. Көбінесе мұндай мәселелер отбасылық жағдайлармен тығыз байланысты екені анықталды. Сондықтан да отбасыларды психологиялық қолдау және дағдарысты жағдайларды талқылау маңызды. Психологиялық көмек көрсету жүйесін жетілдіру үшін мектеп психологтарына арнайы құқықтар беріліп, олардың жұмысын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Сынып жетекшілері мен педагогтар да оқушылардың психологиялық жай-күйін бақылауда, – дейді қалалық білім басқармасының басшысы Сенғазыев.
Форум аясында сөз сөйлеген Италиядан келген Тренто университетінің профессоры Джанлука Эспозито Қазақстандағы буллинг мәселесіне ерекше назар аударды. Ол бұл мәселені тек әлеуметтік құбылыс ретінде ғана емес, сонымен қатар елдің экономикалық және мәдени даму контексінде қарастыру қажет екенін айтты.
Қазақстанда экономикалық өсім қарқынды жүріп жатыр. Алайда, осындай үдерістердің аясында әлеуметтік мәселелер де қатар жүретіні белгілі. Солардың бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллинг, – деді профессор.
Эспозитоның пікірінше, буллинг – тек мектеп ішіндегі тәртіпке қатысты мәселе емес. Бұл – қоғамдағы коммуникация, эмоциялық интеллект, және психологиялық тұрақтылықтың көрсеткіші. Ол қазіргі уақытта буллингтің екі негізгі формасы – дәстүрлі (мектептегі) және кибербуллинг (әлеуметтік желілердегі қысым мен қудалау) кең таралғанын атап өтті.
Сондай-ақ профессор Эспозито Италия мектептеріндегі буллингтің алдын алу тәжірибесімен бөлісті. Ол италиялық модельдің басты артықшылығы кешенді тәсіл екенін айтты.
Біз буллингпен күресті оқушыға ғана емес, бүкіл мектеп қауымдастығына бағыттаймыз. Бұл дегеніміз – оқушылармен, мұғалімдермен және ата-аналармен бірлесе жұмыс істеу. Әрбір тараптың рөлі нақты айқындалады, – деді ол.
Профессордың пайымынша, Қазақстанда буллингке қатысты жүйелі әрі деректерге негізделген зерттеулер қажет.
Форум 4 маусымға дейін жалғасады. Пленарлық отырыстар мен тақырыптық сессиялардан бөлек, қатысушылар шеберлік сабақтар мен crunch-сессияларға да қатысады. Форумға еліміздің барлық өңірлерінен 300-ден астам маман келді. Олардың қатарында өңірлік білім басқармаларының өкілдері, мектеп психологтары, халықаралық ұйымдардың сарапшылары және «Дарын» орталықтарының директорлары бар.