Ал әрекетін қайталаса 120 мың теңге төлеуі шарт.
Енді баласы буллинг жасаған ата-ана бір ғана ескертумен құтылмайды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Яғни, бірден айыппұл төлеуге міндеттеледі. Әрі өтеуі тиіс соманың көлемі де қомақты. Мысалы, ұл-қызы сыныптасын мазақтап мазасын алса, қорқытып соққыға жықса 40 мың теңгесінен айырылады. Ал әрекетін қайталаса 120 мың теңге төлеуі шарт.
Бірақ бір реттік төбелес пен әлімжеттіктің айырмашылығы бар. Өйткені, бұзақылық тек жүйелі түрде қайталанса ғана буллинг деп танылады.
"Зорлық -зомбылық бірнеше түрге бөлінеді. Оның ішінде психикалық зорлық-зомбылық деп айтамыз. Бұл адамды кекету, мазақтау, тек қана егер бір рет қана мазақтайтын болса, мұны енді буллинг деп біз есептей алмаймыз. Егер ол жүйелі түрде, қысым жасау бағытындағы әрекеттер болатын болса, онда, әрине буллинг деп есептеуге бізде толықтай негіз бар", – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы Альбина Залмұқанова.
Ата-ана айыппұлды балаға бақылау жасамағаны үшін төлейді. Бұл жазалау емес, ескерту. Яғни, әр әке-шеше өз баласының әрекетіне жауапты екенін түсінуге тиіс, дейді депутат Ерлан Саиров.
Ал буллинг фактісін дәлелдеу үшін куәгерлердің түсінігі мен зардап шеккен баланың шағымы да жеткілікті. Қажет болса, мектеп әкімшілігі мен полиция да қосымша тергеу жүргізеді.
Айта кетейік, жыл басынан бері елімізде 229 әкімшілік іс тіркелген. 127 ата-ана айыппұл арқалап отыр.