Шет мемлекеттермен әуе байланысы күн санап жақсарып келеді. Жаңа рейстер ашылып, бұрын тоқтап қалған бағыттар қайта жанданып жатыр. Мәселен, былтыр 20-дан астам рейс қайта ашылды. Ал биыл 32 рейс жаңадан қосылады. Осының арқасында 15 елмен барыс-келіс жақындай түспек. Сондай-ақ кейінгі жылдары визасыз режим орнатылған мемлекеттердің қатарын арттыруға күш салынып жатыр. Қазір 87 елдің азаматы елде визасыз жүріп-тұра алады. Бұл жұмыстар жемісін бере бастады. Шетелден келетін саяхатшылардың қарасы жылдан-жылға артып келеді. Астананы мысалға алсақ, былтыр қалаға 1 млн 500 мың турист келді. 2023 жылмен салыстырғанда 14% артық. Үкімет көрсеткішті арттыруды жоспарлап отыр.

Әрине, әуе рейстерінің көбейгені маңызды. Себебі елде оқиғалық және іскерлік туризмді дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Кейінгі үш жылда Қазақстанда халықаралық деңгейдегі 21 іс-шара өтті. Бұлардан түскен табыс та қомақты. Мәселен, былтыр елге келген 5 мыңнан астам делегаттың әрқайсысы 4 мың доллар ақша жұмсады. Бұл шамамен 21 млн долларға жуық қаржы. Ал биыл ірі 5 жиынды өткізу жоспарланып отыр. Қазір елордада қызу дайындық жүріп жатыр. Астанада 300-ге жуық қонақ үй бар. Барлық бөлме саны 10 мыңнан асады. 120-дан астам мәдени және ойын-сауық нысаны жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ бас қалада 19 елмен тікелей әуе байланысы іске қосылды. Яғни Астанадан 27 бағытқа ұшып кетуге болады.

Нұрбол Байжанов, ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің басқарма басшысы:

- Халықаралық конгрестер мен конференциялар ассоциациясына «Қазақтуризм» ұлттық компаниясы жыл сайын өзінің ұсынымын жолдап отырады. Мысалы, биыл тамыз айында халықаралық кітапханалар мен конгрестердің қауымдастығының үлкен іс-шарасы өтеді. Оған 130 елден 4 мыңға жуық делегат қатысады деп отыр. Жалпы орташа есеппен осындай әр іс-шараға қатысушы әрбір делегат 4000 АҚШ долларын жұмсайды деп есептеліп отыр.

Жалпы жыл санап туристер саны өсіп келеді. Мәселен, былтыр ішкі туристер 10,5 млн-ға жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 900 мыңға артты. Ал шетелдік саяхатшылар 15 млн-нан асты. Туризм және спорт министрлігінің ақпаратына сүйенсек, әр қонақ орта есеппен 4 күн қонақ болды. Бірақ бұл есепке жұмыс бабымен немесе тұрақты тұруға келгендер енгізілген жоқ. Туристер көбіне экологиялық туризмді жөн көреді. Бурабай мен Катонқарағайға, Алматы мен Шарын шатқалына жиі саяхаттайды. Кейінгі уақытта осы экологиялық туризммен қатар агротуризмді өркендетуге көңіл бөліне бастады. Мәселен, биылдан бастап фермерлерге өздеріне қарасты жерде агротуризммен айналысуға рұқсат берілді. Қазір елде 200 мыңнан астам шаруа қожалығы бар. Егер фермерлер өз шаруашылықтарында туристік қызметті жолға қойса, қосымша жұмыс орындары ашылып, ауылдағы ағайынның әл-ауқатының артуына сеп болмақ.

Нұрбол Байжанов, ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің басқарма басшысы:

- Олардың бәрі агротуризммен айналысып, жақсы туристерді тартса, онда қосымша жұмыс орындары пайда болады. Ол, мысалы, ауыл-аймақта тұратын адамдарға қалаға жұмысқа барып қажет емес. Бұл қосымша табыс қой. Яғни қосымша 10 мыңға жуық біздің есептеуіміз бойынша адам жұмыспен қамтылады деп күтіліп отыр. Бірақ енді қолдау шаралары туралы әлі пысықтаймыз. Дәл қазір агротуризмді дамытуға қолдау шаралары қарастырылмаған.

Мемлекет басшысы былтыр Бурабай, Маңғыстау және Алматы тау кластерін дамыту бойынша кешенді жоспар қабылдауды тапсырған еді. Сонымен қатар салаға инвестор тартуға ден қойылып отыр. Мәселен, Ұлттық парктердегі жер телімдері 49 жылға дейін жалға берілмек. Министрлік өкілі жалға беру мерзімі ұзарса, инвестор тарапынан қызығушылық артатынына сенімді. Кейінгі жылдары ұлттық парктерде базалық инфрақұрылымы бар 8 сапар орталығы тұрғызылды. Экотуристер саны тұрақты өсіп жатыр. Былтыр 14 ұлттық паркке 2 млн 800 мың адам барды. Олардың саны 2023 жылмен салыстырғанда 18% өсті. Артып келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін жаңа сапар орталықтарын салу жоспарланып отыр.

Нұрбол Байжанов, ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің басқарма басшысы:

- Экотуризмды қолдауға ұлттық парктерімізде туристерге жағдай жасалады. Ол жақта соңғы 3 жылда 8 визит орталық ашылды. Олар туристердің саяхаттарын осы жоспарлау үшін, бастау үшін мүмкіндік береді. Астана қаласының медициналық туризмді дамытуға әлеуеті зор. Өйткені көптеген мекеме халықаралық стандарттарға сәйкес қызметтерін көрсетеді. Ол яғни шетелдік туристердің біздің медициналық қызметтерімізге сенімін арттырады.

Иә, елде медициналық туризмге сұраныс артты. Былтыр 45 елдің азаматы емделу үшін арнайы келді. Әсіресе ТМД елдерінен сұраныс көп. Басым бөлігі – ресейлік азаматтар. Олар көбіне тісін емдетеді. Сондай-ақ жүрек пен аяқ-қол буындарына операция жасататындар бар. Өзбек ағайындар да Қазақстанда емделуді жиілетті. Медициналық туризм қауымдастығының ақпаратына сүйенсек, Қырғызстан мен Тәжікстаннан келетін емделушілер саны артып келеді. Себебі мұнда қызмет сапасы жоғары және бағасы да қалтаға ұрмайды. Отандық медицина заманауи технологиямен жабдықталған. Ал дәрігерлер көбіне шетелде білімін жетілдіреді. Яғни бізде әлемдік тәжірибені меңгерген мамандар баршылық. Содан болар, кейінгі кезде Қытай, Германия мен Австриядан келетіндер саны артқан. Олар нейро және кардиохирургия, репродуктивті медицина, ортопедия және стоматология қызметтеріне жүгінеді.