t.me/aqorda_resmi
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне реформа жасау керек деп санайды. Оның айтуынша, миллиардтаған тағдырға әсер ететін шешімді бірнеше елдің қабылдағаны дұрыс емес. Сондықтан Қазақстан әлемнің әр өңірінен өкіл қосу туралы ұстанымды қолдайды. Президент мұндай пайымын Астана халықаралық форумында мәлімдеді.
Жиында қазақ басшысы қақтығысты тұсап, бейбітшілікке бастайтын бірқатар бастама ұсынды. Сондай-ақ елде СryptoCity деп аталатын жаңа пилоттық жоба жүзеге асатынын жеткізді. Бұл қалада азық-түлікті криптовалютамен сатып алуға болады.
Жаңа әлемнің іргесін кім қалайды?
Агрессия мен антагонизмге толы жаһанның шаңырағы шайқалып, қабырғасы сөгіліп барады. Ережелер ескірді, құндылықтар өзгерді. Дімкәс дүние дертінен айығар емес. Бірақ қалың түнек қойнауында жылт еткен үміт ұшқыны да бар. Сол ұшқынды тұтату үшін әлем көшбасшылары Астанаға жиналды.
Келелі кеңеске жаһанның қиыры мен шығысынан 7 мыңнан аса адам келді. Түрлі тараптың туын ұстаған 160 спикер қатысып жатыр. Дәйекті диалог мінберден бастап дәлізге дейін жалғасады. Бұл достық дәріптелетін алаң. Сол үшін талқыланатын тақырып аясы да кең.
Конгресс орталық көздің жауын алатын түрлі технологияға толы. Соның бірі – сізбен шахмат ойнайтын жасанды интеллект. Нейрожеліні жеңу әзірге оңай болмай тұр. Десе де осында кезекке тұрып, ойнап жатқан қонақ көп. Жалпы бүгінгі форум да осы шахмат ойыны іспетті. Тек тақтада фигуралар емес, идеялар қақтығысады. Ал мақсат – жеңіске жету емес, жаһанда тұрақтылық орнату. Себебі тақтада 8 млрд тағдыр тұр. Сол үшін бүгінгі жасалған әрбір қадам болашақ үшін деуге болады.
Келелі кеңестегі алғысөз Мемлекет басшысына берілді. Баяндамасын ілтипаттан бастап, іркіліспен жалғаған Қасым-Жомарт Тоқаев алдымызда маңызды таңдау тұрғанын мәлімдеді. Әлем қай құндылықты сақтап қалуын шешуі керек. Себебі жаһанның 52 мемлекетінде қарулы қақтығыс болып жатыр. Салдарынан экономика 19 трлн доллар шығынға ұшырады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Айрықша алаңдаушылық туғызатын тағы бір дүние бар. Ол әлемдегі шиеленістердің жаһанға мүлдем жаңа түсінік пен құндылықтар ұсынып, бірақ әзірге беймәлім келешекке бастап бара жатқан жасанды интеллектінің даму трендімен еш үйлеспеуі. Бұл орайда тарихи тұжырымдар мен саяси араздыққа негізделген әскери қақтығыстар мен соғыстар мүлдем орынсыз, тіпті ақылға қонбайды. Соғысудың орнына біз халқымызды, әсіресе жастарымызды саналы әрі өркениетті қоғам құруға үндеуіміз керек.
Президент: «Әсіресе ядролық қаруды иеленген мемлекеттер арасындағы шиеленіске айрықша мән берген жөн», – деді. Бүгінде тоғыз елдің арсеналында 13 мың ядролық оқтұмсық бар. Сарапшылар дабыл қаға бастады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан қазіргідей алмағайып заманды сындарлы ықпалдастық тұрғысынан қарастырады. Сыртқы саясатта жікке бөлінбей, диалогқа келуді, кез келген елдің егемендігін құрметтеуді басшылыққа аламыз. Әсіреұлтшылдық танытып, өзге халықтардың тарихы мен мәдени дәстүрлерін менсінбеуге жол берілмейді. Аз халықтардың ана тілінде сөйлеп, төл мәдениетін дәріптеуіне құрметпен қарау қажет. Сондықтан Қазақстанда «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатын қатаң ұстанамыз.
Пленарлық отырыста сөз алған өзге елдің басшылары да шырғалаңға шырмалған державалардың әрекетіне алаңдаушылық білдірді. Ал Руанда президенті соғысты шешуге деген қазіргі талпынысқа көңілі толмайды. Оның айтуынша, тараптарды уақытша бітімге шақырып, мәселені шеше алмаймыз.
Поль Кагаме, Руанда Республикасының президенті:
- Әлем елдері соғыстың себебіне емес, салдарына көп мән беріп кетті. Ахуалды уақытша оңалтып, жараның бетін жылы жауып қоюға тырысып жүрміз. Бірақ ол ұзаққа апармайды. Қақтығыстың себебін тауып, тамырынан түзеу керек. Уақытша оқ атуды тоқтатумен шектелуге болмайды.
Трансұлттық сипатқа ие қақтығыстар күшейіп барады. Бірақ оған қарсы әрекетте бірізділік жоқ. Алпауыттар бір-бірімен алысып әлек. Демек жауапкершілік жүгі орта державаларға түсіп отыр. Президент бұған дайын болуға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан орта державалар әділетті әрі инклюзивті әлемдік тәртіптің орнауына мүдделі болуы керек деп санайды. Қазіргі жүйені мұқият саралап, тың әдіс-тәсілдерге сүйену қажет. Соған сәйкес орта державалар да жауапкершілік жүгін көтеруге дайын болуға тиіс.
Бұл ұсынысты шетелдік саясаткерлер қос қолдап құптап отыр. Мысалы, Франция депутаты Бруно Фукс Қытай, Ресей және АҚШ сынды елдердің ықпалына тап болғанымызды айтады және бұл ықпал көбінесе заңға емес, күшке сүйенетінін жасырмады. Ахуалды оңалту орта державалардың ғана қолынан келеді.
Бруно Фукс, Франция Ұлттық ассамблеясы шетелдік істер жөніндегі комиссиясының президенті:
- Жаңа ықпалды елдер пайды болды. Оның қатарында Еуропа мемлекеттері мен Қазақстан сияқты орта державалар бар. Ең алдымен құндылықтар құрып, бейбітшілік орнату үшін біз бірігуіміз керек. Бұрынғы ұйымдар мен көпжақты құрылымдарға негізделген тәртіп ескіреді. Енді жаңа әлемдік тәртіпті бірге ұйымдастыруымыз керек. Оны Қазақстан, Франция сияқты жаңа орта державалар бірігіп құра алады. Осылайша халық үшін жаңа болашақты жасай аламыз.
Әлемдік құрылымдар демекші, кейінгі уақытта БҰҰ-ның өміршеңдігі жайлы әңгіме жиі айтылып жүр. Бірлестік жұмысына шағым көп. Бұл тақырыпты Президент те көтерді. Оның айтуынша, Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына өзгеріс керек. Сол үшін Қасым-Жомарт Тоқаев реформаны талап етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Миллиардтаған адамның тағдырына әсер ететін аса маңызды шешімді бірнеше елдің қабылдағаны дұрыс емес. Сондықтан Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтіп, оған әлемнің әр өңірінен өкіл қосу туралы ұстанымды қолдайды. БҰҰ өзектілігін жоғалтпай, қазіргі заманның талаптарына сай болуы үшін Қауіпсіздік Кеңесіне құрылымдық реформа жасалуға тиіс.
Президенттің бұл ұсынысы да қолдау тапты. Орта державалар жаһандағы өзгеріске үн қосқысы келеді.
Гордана Силяновска-Давкова, Солтүстік Македония президенті:
- Президент Тоқаевтың пікірімен келісемін. Біз сияқты елдер көршілес державалармен қатар БҰҰ-дағы тиімді мультилатерализмды қолдау керек деп сенемін. Бұл үшін ауқымды реформа керек. Қауіпсіздік кеңесі кеңеюі қажет, өзгерістің уақыты жетті. Бас хатшы лауазымына әйел келу керек деп санаймын. Билікте қару асынған мықты еркектер бар кезеңде дана, ақылды аруларға мұқтаж болып отырмыз.
Мемлекет басшысы баяндамасында елдегі саяси өзгерістерді жіпке тізді. «Президент – халықтың белгілі бір мерзімге жалдаған менеджері», – деді. Сондай-ақ біздің ел цифрлық трансформацияға нық қадам басып келе жатқанымызды жеткізді. Басты мақсат – Еуразиядағы жетекші IT хабқа айналу. Айтпақшы, Қазақстан СryptoCity деп аталатын жаңа пилоттық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Жаңа СryptoCity жобасы жүзеге асады
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан ең қуатты суперкомпьютерді іске қосуға кірісті. Қазірдің өзінде бұл жұмыс басталып кетті. Бұдан бөлек, СryptoCity деп аталатын жаңа пилоттық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Мұнда криптовалютаны азық-түлік сатып алуға, қызмет төлеміне және басқа да мақсаттарда пайдалануға жағдай жасалады.
Пленарлық сессияда тісқаққан тілші, CNN телеарнасының бұрынғы жүргізушісі Джулия Чаттерлей модератор болды. Әлемдік саясатпен етене таныс ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын жоғары бағалайды. Бұл жолы да парасатты ұсыныстарды ерекше атап өтті.
Джулия Чаттерлей, CNN телеарнасының бұрынғы жүргізушісі, журналист:
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық қатынастарға қатысты пайымды көзқарасы бар. Әлемдік ахуалмен бірге өз халқының тұрмыстық жағдайын да назардан тыс қалдырмайды. Ол геосаяси қиындықтарды түсінеді. Сіздер Батыс пен Шығыс елдерінің арасында тепе-теңдік табуға тырысып жатқан елсіздер, ал қазір бұл оңай емес. Маған оның бірлікке шақыруы ұнады. Сондай-ақ «Біздің мақсатымыз – халқымыз үшін жарқын болашақ құру» деген сөзі көңілімнен шықты.
Осылайша әлем назары тағы да Астанаға ауды. Ордалы отырыстың географиясы кең. Сөз майданы да соған сай сансалалы. Қазір жаһанға тұрақтылық жетіспейді. Осынау алмағайып кезеңде бұл сахна бейбітшілікке бастаған бастамалармен тарихта қалады. Әлі спикерлердің сөзі талай талқыға түсетіні анық. Тек осы ұстамды ұсыныстар болашақта нақты шешімге ұласса игі.
Авторлары: Бекзат Аманов, Марат Диханбаев, Бақытбек Нұртаев