Жазда Қызылорда облысындағы Қамбаш көлінің жағасына келіп демалушылар қатары артады, деп хабарлайды 24KZ. Дегенмен мұндағы кейбір дәмханалар мен демалыс аймақтары тиісті талаптарға сай емес. Мамандар Аққұмшық аталып кеткен жағажай инфрақұрылымын толық жаңғыртуды көздеп отыр. Ол үшін ЮНЕСКО-мен бірлескен геотуризм жобасы әзірленген.
Жаздың алғашқы күнінен бастап Аққұмшық жағажайына келіп, Қамбаш көліне шомылушылар қатары артады. Бүгінгі күні бұл жерде 29 кәсіпкер шағын демалыс аймағы мен дәмхана ашқан. Олар биыл мұнда келіп демалушылар қатары жылдағыдан көп болады деп үміттеніп отыр.
Алтынбек Болатұлы, кәсіпкер:
- Бір күнде 500-1000 адам қабылдаймыз деген ойдамыз. Негізі рекорд бар ғой. Осыдан 5-6 жыл бұрын су келген уақытта, демалыс күндері 2 мың адамға дейін қабылдаған кездер болған. Қазіргі таңда тағы да су келді, қуаныштымыз негізі. Осының басына ауылдың өзінен 100-ге жақын адам жұмысқа тартылады.
Алайда мамандар жағажай аумағындағы нысандардың көбі санитарлық және құрылыс талаптарына толық сай емес деп отыр. Осыған орай кәсіпкерлермен арнайы келіссөздер жүргізіліп, жағдайды реттеу бағытында жұмыстар басталған.
Азат Балмырзаева, Қамыстыбас ауылдық округінің әкімі:
- Алда жайлап жаңа ғимараттар салынып жатыр. Осыған қарап, биыл да кәсіпкерлердің өз қаражаты есебінен біршама ғимарат бой көтереді.
Аудандық спорт және туризм бөлімі Аққұмшық жағажайының инфрақұрылымын толық жаңғырту үшін тиісті шараларды қолға алған. Бұл ретте ЮНЕСКО ұйымымен де байланыс орнатылған.
Толыбай Әлжанов, Арал аудандық спорт және туризм бөлімінің басшысы:
- Жергілікті бюджеттің есебінен де үлкен күрежолдан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінен бастап сол Аққұмшық жағжайына дейін жол салу жоспарда бар. «Арал Гоепарк» жобасы ЮНЕСКО ұйымынан қолдау тауып жатса, грант есебінде қайтарымсыз қаржыны қолдаттыруға жұмыс жасап жатырмыз. Жобаның ең басты мақсаты – Қызылорда облысының туризмін дамыту, инфрақұрылымын жетілдіру.
Айта кетейік, бүгінде Арал ауданына жыл сайын 18 мыңнан астам турист келеді. Олардың 5%-тен астамы шетелдік қонақтар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев