Жүйкесі жұқарған адамдар жылдан-жылға көбейіп жатыр. Сөзге қонақ бермей қызылкеңірдек болып айтыса кететіндерді, ашуы мұрнының ұшында тұратындарды күн сайын көретін болдық. Қит етсе жағадан алатындар, көзі аларып бәле іздеп тұратындар, аузына ақ ит кіріп, қара ит шығатындар қазіргі қоғамымызда шынында көп.

Көшеде де, әлеуметтік желіде де көретініміз осы. Ал бұл жүйкесі жұқарған адамдардың қарасы артып келе жатқанының белгісі. Яғни психикалық аурудың алғашқа белгісі деуге де болады. Қоғамда үлкен проблемаға айналған психикалық ауытқуларға себеп не? Сарапшылар не дейді? Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.

Психикалық ауруға душар болғандардың саны да жылдан-жылға ұлғайып жатыр. Бұл үлкен проблемаға айналды. Мысалы 17 шілде күні Қостанай облыстық ауруханасында төтенше оқиға орын алды. Күрделі отадан кейін уролог-хирург Антон Кистанов қабылдау бөліміне түсіп жатқан науқастарды қарауға түскен. Кезекте үшінші тұрған азамат кенеттен агрессия танытып, дәрігерге соққы берген. Салдарынан дәрігер есінен танып қалған.

Облыстық аурухананың баспасөз қызметінің мәліметінше, 34 жастағы Антон Николаевич Кистанов бұл мекемеде 6 жылдан бері еңбек етеді. Осы уақыт ішінде ол ондаған адамның өмірін сақтап қалған. Қазіргі таңда дәрігердің өзі өмірі үшін күресіп жатыр.

Халықаралық зерттеу нәтижесі

Жақында әлемнің 83 еліндегі халықтардың психикалық жағдайы зерттелді. Қазақстан 76-орыннан көрінген. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Украина елдерінің жағдайы бізбен шамалас. Молдова, Ресей, Армения және Беларусь елдеріндегі психикалық аурудың ахуалы бізге қарағанда сәл ғана жоғары.

Рейтингтің ең соңында Ауғанстанмен бірге Ұлыбритания тұр. Психикалық ауруға шалдыққан адамы аз елдер қатарына Доминикан республикасы, Танзания және Панама елдері кіріпті.

Мұнда халықтың басындағы алаңдаушылық, қорқыныш сезімі, күмәнді ойға берілу, уайымшылдық, тұйықтық, адамдарға жоламау, өзін кінәлі сезіну, іштей мүжу, қабағы ашылмау мен тығырықтан шыға алмаймын деп ойлау сынды нәрселер қаперге алынған. Демек, арамызда осындай адамдар көп екенін тағы да бір рет ойлау керек. Олардың саны жылдан-жылға артып келеді.

Мысалы, 2023 жылы психикалық диспансерлерде 6100 жатақорын болды. Оның 5500 ересектерге, 551-ін балаларға арнап дайындаған. Аурулардың бірі шығып, екіншісі барып жатқанын ескеретін болсақ, жыл бойы аталмыш мекемелерге 43800 адам жатқызылған. Дәл қазір 7800 адам жатыр.

Үнемі бақылауда ұсталатын психикасы ауытқыған адамдардың саны елде 296 700 екен. Осы аурудан өліп кететіндер де аз емес. Мысалы биылғы қаңтар мен ақпан айларында жүйке жүйесі ауруының салдарынан 3563 адам көз жұмған.

Қазіргі халықтың психикалық саулығына әсер ететін басты факторлар мынадай:

Экономикалық тұрақсыздық пен кедейлік

• Күнделікті табыс жетіспеушілігі, несиелер, қымбатшылық, инфляция – адамның үнемі уайым, күйзеліске түсуіне себеп.

• Күнкөріс минимумы 46 000 теңге, бұл сомаға лайықты өмір сүру мүмкін емес.

Ақпараттық шу мен қорқыныш

• Әлеуметтік желілер мен жаңалықтардан үздіксіз келетін негатив: соғыс, қылмыс, дағдарыс.

• Адам миы мұндай ақпаратты өңдеуге шаршайды, мазасыздық, үмітсіздік тудырады.

Денсаулық сақтау саласына сенімсіздік

• Психологиялық көмекке қолжетімділік төмен, кәсіби мамандар аз.

• Көпшілік әлі де психологиялық көмек алуды «ұят» санайды, бұл проблема тереңдей береді.

Жұмыссыздық және тұрақсыз жұмыс

• Жастар арасында тұрақты табысы бар жұмыс табу қиын.

• Түңілу, өз құндылығын сезінбеу, өзін кінәлау сезімі пайда болады.

Қоғамдық қысым мен үмітсіздік

• «Жетістік» культі – бәрі бай, әдемі, табысты болуға тиіс деген жалған стандарт.

• Адамдар өз өмірімен риза болмай, салыстырудан күйзеліске түседі.

Отбасы ішіндегі қысым мен түсініспеушілік

• Ұрпақтар арасындағы айырмашылық, материалдық қиындықтар, тұрмыстық зорлық – бұл да миды қажытады.

Экология мен урбанизация

• Шаңды, у-шығынды қалаларда өмір сүру, таза ауа мен табиғат жетіспеушілігі де психикаға әсер етеді.