Дағыстандық қалам қайраткері, авар жұртының даңғыл ақыны Расул Ғамзатов: «Біздің халықта қарғыс көп. Соның ең жаманы – «Ұрпағыңа ана тілін үйрететін адам қалмасын», деп күйінгені бар.
Сол сияқты, қазақта да неше түрлі қарғыс бар. Соның бірі адамдар көп айтатын әрі ең жаман қарғыс – «Бетің тіліңгір». Бұл қарғыс туралы танымал тарихшы Тұрсынхан Зәкенұлы «Egemen Qazaqstan» газетінің 2020 жылғы 28 тамыз күнгі санында жарияланған «Желді қуған жоғалар, жолды қуған оңалар» атты мақаласында: «Ежелгі ғұн заманында мемлекет және жекенің мүлкіне қол салғандардың бетін тілетін болған. Қазақта «бетің тіліңгір» деген содан қалған» деп жазса, атақты ғалым, танымал этнолог, пассионарлық теориясының авторы Лев Гумилев қазақ тілінде жарық көрген «Хұндар» (Алматы, 1998) атты еңбегінде: «Ежелгі хұндардың өзіндік әдеттегі (азаматтық) хұқық жүйесі де болған, ал қытайлар: «олардың заңы жеңіл әрі орындауға қолайлы» деп атап өтеді. Ауыр қылмыс жасау, оның ішінде қару-жарақ жалақтату өлім жазасына кесілсе, ұрлық істеу – дүние-мүлікті ғана емес, ұрының отбасын қоса тәркілеу арқылы жазаланған. Ал ұсақ қылмыс жасағандардың беті тілінетін болған», деп жазыпты (Хұндар. Алматы: «Қазақстан», 1998. – 85-б).