Қазір қоғамда дәстүрлі құндылықтар өзгеріп, жаңа ұстанымдар пайда болды. Алайда зиялылықтың мәні кеміген жоқ. Нағыз зиялы – ұлттың ар-ұяты . Елімізде іргелі ғылым мен өндірістің байланысын өмірінің өзегі етіп жүрген санаулы тұлғалар бар. Соның бірі – Ұлттық ғылым академиясының академигі, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, профессор, Зайролла Дүйсенбекұлы. Отандық ғылымның дамуына зор үлес қосқан көрнекті ғалымның өмірден түйгені мол. Айтары да жетеді. Таяуда ғалым ақсақалмен кеңірек отырып әңгімелесудің сәті түсті.
Сәбеңнен бата алдым
– Аға, осы жасқа дейін қазақтың біраз жақсы-жайсаңымен араласып, сыйластыңыз. Жасы үлкендерден тәлім алдыңыз. Дегенмен адамның азамат болып қалыптасуына оның шыр етіп дүниеге келген туған топырағы әсер етеді деп айтады. Әңгімені осыдан бастасаңыз?
– Қазақ даласының қай бұрышы да аруақ қонып, нар шөккен жер. Сондай бақ дарыған қасиетті өлкенің бірі – Баянауыл. Бұл өңірдің табиғаты ғана емес, тарихы да бай. Баянауылдың аты ертеден жалпақ жұртқа жайылды. Оның даңқын осында туған бірегей тұлғалар шығарды. Мәселен, Абылай ханның ақылшысы Бұқар жыраудан бастап, әйгілі Шоң би, ақын, этнограф, тарихшы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, небәрі 26 жасында құйрықты жұлдыздай ағып өткен ақын Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, жазушы Жүсіпбек Аймауытұлы, академик Қаныш Сәтбаев секілді шоқтығы биік алыптардың кіндік қаны тамды. Әсіресе баянауылдықтардың білімге құштарлығын оятқан тағы бір тұлға бар, ол – Мұса Шорманұлы. Мұсекең билікке жасынан араласты. Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болды. Заман ағымын аңдаған, көзі ашық азамат еді. Ол білімсіз болашақ жоқ екенін түсінді. Мектеп салып, балалардың сауатын ашты. Әр қазақ отбасына бір баласын мектепке беруді міндеттеді. Осы өңірдегі бай, дәулетті адамдарға: «Өз балаңды оқытасың, өз балаңмен бірге салық есебінде кедейдің бір баласын оқытасың», деп бұйрық шығарды. Соның арқасында талапты жеткіншектер ауылдағы мектепте сауатын ашып, одан әрі оқуларын Қарқаралы, Семей, Омбыға барып, жалғастырды. Міне, біздің елден шыққан озық ойлы азаматтардың дені осылай қанаттанды. Солар салған әдемі дәстүр тізбегі әлі күнге дейін үзілген жоқ.
– Ата-анаңыз бен өскен ортаңызға тоқталсаңыз?
– Біз – Абылай хан дәуірінде өмір сүрген Бекше батырдың ұрпағымыз. Бұл бабамыз жоңғарлармен соғыста ерен ерлік көрсетіп, есімі елге танылған. Сұрмерген болған деп айтады. Бұл туралы тарихи деректерде жазылған. Бекше батыр Абылай ханды жаугершілікте екі мәрте ажалдан аман алып қалған. Кейін ел ішіндегі бір оқиғаға байланысты екеуінің арасына ала мысық жүгіріп, аралары суып кеткен. Менің әкем Бекшенің жетінші ұрпағы. Ал белгілі жазушы, дәрігер сонау зұлмат жылдары қуғын-сүргін көріп, он жылдан аса Қиыр Шығыстың дәмін татқан Зейін Шашкин – бізге немере ағайын.
Әке-шешем қарапайым қоңыртөбел тіршілік кешті. Атам Иманбай ағаштан түйін түйген шебер еді. Бұл кәсіпті әкем де жалғастырды. Күнделікті тұрмысқа қажет дүниені өзі жасайтын. Ал анам ауқатты отбасында өскен. Нағашы атам – Баянауыл төңірегіне дәулеті шалқыған танымал адам. Өткен ғасырда 20-жылдардың соңында байлардың мал-мүлкін тәркілеу басталғанда, ол өз еркімен жеке меншігіндегі барлық малын кеңес өкіметіне өткізген. Сосын 1927 жылы Меккеге сапар шеккен. Ол жақтан бір жарым жылдан кейін елге оралады. Қасиетті сапардан оралған атамды таныстары қаумалап Керекуден күтіп алып, Баянауылға алып келе жатқанда, яғни Павлодардан 70 шақырым ұзаған жолда большевик атеист жандайшаптары серіктерімен бірге атып тастаған. Анам мен 6-сыныпта оқығанда өмірден өтті. Әлі күнге дейін шешемнің бейнесін ұмыта алмаймын. 2-3 жасымнан бастап, 10 жасыма дейін ұлы нағашы әжем Шөкімнің бауырында өстім. Бұл кісі Қарқаралының қызы. Әйгілі Қаз дауысты Қазыбек би әулетінен. Сұңғақ бойлы, ажарлы, текті жан болатын. Жұрттың бәрі қадір тұтып, сыйлады. Ешкім алдынан кесіп өтіп көрген жоқ.
– Бала күніңізде Сәбеңнен бата алыпсыз. Соны айтып бересіз бе?
–Жетінші сыныпта оқып жүргенде Баянауылға жазушы Сәбит Мұқанов әйелі Мәриям апаймен келді. Шоқан Уәлиханов туралы «Аққан жұлдыз» романын жазып жүр екен. Шоқан Баянауылға бөтен емес. Мұса Шормановтың жиені. Мұса оны жасынан бауырына басып, тәрбиелеген. Шоқан Омбыға оқуға барғанда оған Жаяу Мұсаны серік етіп жіберген.
Қабырғалы қаламгер мектепте оқушылармен кездесті. Сонда Сәбең алдында өлең оқып, бір поэмасын жатқа айтып бердім. Оған дән риза болып, маған батасын берді. Кейін Алматыға келіп, жоғары оқу орнын бітіріп, кандидаттық еңбегімді қорғағаннан кейін жазушы отбасымен жақын араластым. Сәбеңнің әңгімесін көп тыңдадым. Мәриям апай дүниеден озғанша байланысымыз үзілген жоқ.
Ілияс Есенберлин сұңғыла еді
– Ал Қаныш Сәтбаевты алғаш қашан көрдіңіз?
– Мен Қаныш ағаның есімін жас күнімнен үлгі тұттым. Ата-анам ол туралы мақтанышпен айтатын. 6-7 сыныпта оқып жүргенде қолыма көк сиямен «а» әрпін жазып алып, ғылым жолына түсіп, сол кісідей «академик» болсам деп армандадым.
1946 жылы жазда Қаныш аға елге келді. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына бір-ақ жыл болған кез. Елдің тұрмысы жүдеу. Бірақ адамдардың көңілі көтеріңкі. Мен онда 2-сыныпта оқимын. Сонда ғалымды алғаш рет сыртынан көрдім. Еңсегей бойлы. Біздің көшенің бас жағында Паванов деген банктің басшысы тұратын. Қанекең сол үйге түсті. Екеуі жас күнінен жақын жолдас болыпты. Біз сыртынан қызықтап жүрдік. Алайда Қаныш ағамен жақын араласа алмадым. Ол кісі мен аспирантурада оқып жүргенде қайтыс болды. Бірақ ағамызды ақтық сапарға шығарып салуға қатыстым. Топырақ салдым.
Дегенмен Қаныш ағаның алғашқы зайыбы Шәрипа апамен араластым. Қазақы адам еді. Мені туыс тартып, үнемі елдің жаңалығын сұрайтын. Ал ғалымның үлкен қызы Ханифа апай бауыр тұтты. Шәмшиябанумен де сыйластым. Ол кісінің ері Оразай Батырбеков республика партия комитетінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болды. Кейін бұл қызметінен босап, Жоғары партия мектебіне ректор болып барды. Екеуміз «балдыз-жезде» болып қалжыңдасатынбыз.
– Көрнекті жазушы Ілияс Есенберлинді де жақсы біледі екенсіз...
– Шындығында, Ілияс аға екеуміз – туған бажамыз. Бірақ онымен жақын інісіндей араластым. Жиырма жылдан аса уақыт жанында жүрдім. Барлық шығармасын түпнұсқадан оқыдым. Ілекең туған інісі екеуі жас күнінен әке-шешеден жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленген. Бауыры Раунақ – техника ғылымдарының докторы, профессор. Мәскеуде қалып, ғылыми жұмыспен айналысты. Техника саласында көптеген жаңалық ашқан. «КСРО-ның еңбек сіңірген өнертапқышы» деген атаққа ие болды. Әскери оқу орындарында дәріс беріп, полковник атағын алды.
Қаныш Сәтбаев 50-жылдары Раунақты Қазақстанға шақырады. Бірақ ғалым қызмет істейтін Мәскеудегі әскери ғылыми-зерттеу институтының басшысы «Ол кісіні сіздерге жіберу үшін бізден кейін бес жыл ешқайда жұмыс істемеу қажет. Сонда ғана қызметтен босатамыз», деп жауап беріпті.
Ілекеңмен жиі кездесіп, ұзақ әңгімелесетінмін. Дүниеден озардан екі апта бұрын жүрегінің сырқаты меңдеп, денсаулығы күрт нашарлады. Туған-туыстары мен дәрігерлердің айтқанын тыңдамай, ауруханаға жатпады. Кешкісін үйіне бардым. Үйіміз жақын еді. Көршіміз. Екеуміз далаға серуендеуге шықтық. Сосын: «Сізді дәрігерлер жедел-жәрдем көлігімен ауруханаға алып кетуге келсе, неге бармайсыз?» деп сұрадым. Ол маған себебін айтты. «Бұл жүректі емдеудің басқа да әдісі бар екен. Маған оны Димаш Ахметұлы айтты. Ол кісі таза ауада серуендеп көп жүреді. Мен де осы әдісті қолданып жүрмін. Ауруханаға апарғаннан кейін дәрі беріп, ине салады. Шынымды айтсам, содан шаршадым», деді қиналып. Сосын маған ақ парақ пен қалам берді де: «жаман айтпай жақсы жоқ, егер маған бір жағдай болса, сен осы азаматтарға хабарлас», деп өзі жақын тұтатын адамдардың телефонын жаздырды. Ілекең өте сұңғыла еді. Ажалдың таяп қалғанын іштей бағамдаған сияқты. Осы оқиғаның ертеңінде Ілекеңді ауруханаға алып кетті. Мұнда да көп жатқан жоқ, екі түнеп, үшінші күні жан сақтау бөлімінде қайтыс болды. Мен Ілекеңнің аманатын орындап, өзі айтқан кісілерге хабарластым. Бірінші, Мәскеудегі Орталық комитеттің аппаратында жауапты қызмет істейтін Кәкімбек Салықовқа телефон шалдым. Кәкең ауыр қазаны естігеннен кейін, біраз үнсіз тұрып қалды. Бір кезде: «Ілекең тарихымызды терең қопарып, болашаққа жол салған тұлға еді. Біз содан айырылған екенбіз ғой», ауыр деп күрсінді. Бұдан соң академик Шапық Шөкинге хабарластым. Ілекең Шапықпен жақын араласатын. Көрнекті ғалымға жазушының қазасын айтып едім: «Әй, Зайролла, сен дүниеден кім өткенін сезіндің бе?», деді дауысы дірілдеп. Одан кейін атақты заңгер Салық Зиманов пен Жазушылар одағының бірінші хатшысы, ақын Жұбан Молдағалиевке естірттім. Ілекеңді жерлеу жайында үкіметтік комиссия құрылды. Ілекең қайтыс болғанда інісі Раунақ Мәскеуден жетіп, топырақ салуға үлгерді.
– Жалпы, қандай адам еді?
– Ілекең көп сөйлемейтін, ұстамды болатын. Оның өмірі қиындыққа толы. 1940 жылы Қазақ тау-кен институтын бітірді. Келесі жылы соғыс басталып, майданға аттанды. Одан жаралы болып елге оралғаннан кейін Қазақстан Орталық комитетінде жауапты қызмет істеп жүргенде «халық жауының қызына үйленді» деген айып тағылып, қызметінен босатылды. 50-жылдарда бір топ қазақ зиялысы «ұлтшыл» атанып қуғын көргені белгілі. Бұдан Ілекең де аман қалмады. Оны да қуғындады. Тіпті жалған жаламен абақтыға да жапты. Міне, осындай түрлі қиындық көрсе де, ешкімге шағымданбайтын. Қайсар болатын. Оған сол жылдардағы ел басшысы Дінмұхамед Қонаев көп қолдау көрсетті. Екеуі бір-бірін жас кезінен таныған.
Ілекең кеңестік кезеңнің қаһарынан қорықпады. Қазақ тарихына терең бойлап, бұрын есімін атауға тыйым салынған хандар мен батырлардың тәуелсіздік жолындағы күресін батыл жазды. Жазушының әрі кітабы баспадан жарық көрерде түрлі кедергіге ұшырады. «Қырағы көздердің» сүзгісі шығармадағы ұлт туралы өткір жазылған тұстарын қырқып тастады. Бірақ қаламгер оған мойымады. Күресті. Қайта, одан сайын күш алып, тарихи романдарын жаза берді.
Алғаш немересі дүниеге келгенде құттықтап, үйіне бардым. Бөтен адам жоқ. Екеуміз. Бір кезде Ілекең: «Мен немеремнің есімін «Мағжан» деп қойдым. Қазақтың Мағжан Жұмабаев есімді ақыны болған. Ондай тұлға сирек. Мұндай ұлы ақынның есімі ұмытылмауы қажет. Мағжанды сен білмейсің. Біз білеміз. Жас күнімде оның өлеңдерін сүйіп оқыдым. Содан бері ойымнан кетпейді», деп маған оңаша сырын айтып еді. Ілекең көрген қиындықты бірге кешкен Дилара апамыздың да орны бөлек.
Құр еліктеу жарға жығады
– Енді ғылымға ойыссақ. Еліміздегі ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін бағдарламалау әдісін зерттеп, оны ғылыми айналымға қостыңыз. Осы туралы айтасыз ба?
– Қазақ ауылшаруашылық институтының агроном факультетін үздік бітіргеннен кейін екі-үш жыл елге оралып, Баянауыл кеңшарында бас агроном болдым. Ауылда қызмет істеп жүрсем де өзім білім алған оқу орнымен байланысымды үзбедім. 1962 жылы аспирантураға түстім. 1966 жылы кандидаттық жұмысымды қорғадым. Ғылыми еңбегімнің негізгі бөлігі жоғары математиканың бір саласы – дисперциялық талдауға арналды. Осы саланы 70-жылдардан бастап зерттеп, биология мен ауылшаруашылық ғылымына қолдандым. Алдымен ғылымдағы осы бағыттың авторы, ағылшын ғалымы, генетик Рональд Эйлмер Фишердің еңбегімен таныстым. Жоғары оқу орнында дәріс оқыдым. 1974 жылдан бастап ВАСХНИИЛ-дің бүкілодақтық ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін бағдарламалау жөніндегі үйлестіру кеңесінің мүшесі атандым. Негізінде, ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін бағдарламалауға электрондық есептеу техникасы мен математикалық модельдерді қолдану арқылы қол жеткізуге болады. Осы бағытта біраз ізденіп, одақтық ғылыми басылымдарда бірқатар мақалам жарық көрді.
Жерге түскен дәннің өніп шығуына көптеген фактор әсер етеді. Ең алдымен оған құнарлы топырақ, қалыпты мөлшердегі күн қызуы мен ылғал, топырақты тыңайту, суару, арамшөппен күресу секілді жұмыстар іске асуы қажет. Міне, осындай факторлардың әрқайсының өсіп шыққан бидайға тигізер үлесінің қандай мөлшерде және қаншалықты әсер ететінін дәл анықтауға ешқандай мүмкіндік болмады. Мен осыны зерттедім. Ленинград агрофизика институтының директоры, танымал ғалым Сергей Нерпин қызметке шақырды. Қаланың ортасынан үш бөлмелі пәтер береміз деді. Бірақ мені Қазақ ауылшаруашылық институтының ректоры Хайдар Арыстанбековтің: «Сен ең әуелі пайдаңды өз еліңе тигізгенің дұрыс», деген бірауыз сөзі тоқтатты. Сөйтіп, еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімділігін бағдарлауды алғашқы болып зерттеп, ғылыми айналымға енгіздім. Оның ғылыми-әдістемелік негізін әзірледім. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде фотосинтетикалық активті радиациялардың, топырақ құрамындағы ылғал мен биоклиматтық әлеуеттің үлесі және басқа да факторларын айқындаудың әдіс-тәсілі белгіленді. Ғылымдағы осы саланың қалыптасуы мен дамуына менің ВАСХНИИЛ-дің ауыл шаруашылық дақылдарының өнімділігін бағдарламалау жөніндегі үйлестіру кеңесінің мүшесі ретіндегі қызметім ерекше ықпал жасады. Осы жылдары менің жетекшілігіммен егіншіліктің топырақ-климаттық факторларына жан-жақты зерттеу жүргізілді. Сондай-ақ өнім көлемі молайып, оны тиімді қолдану деңгейі қалыптасты. Бұл ғылыми еңбегім 1984 жылы одақ көлеміндегі Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін бағдарламалау үйлестіру кеңесі мен 1987 жылы осы тақырыпқа арналған бүкілодақтық конференцияда айрықша атап өтілді.
– Тәуелсіздік алғаннан кейін Мемлекеттік жер кадастрының ақпараттық жүйесін құруға басшылық жасадыңыз. Бұл жоба қалай жүзеге асты?
– 1994 жылдан бастап Жер ресурстарын басқару агенттігіне қарасты Жер қоры және жерге орналастыру жөніндегі мемлекеттік ғылыми-өндірістік орталығын басқардым. Мұнда бес мыңға жуық маман қызмет істеді.
Бұл уақытта еліміз жаңа нарықтық экономикаға ауысып, барлық салада жаппай реформа басталды. Соның бірі – жер қатынастары саласындағы реформа.
Біз ең алдымен тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін жер кадастрын құруды қолға алдық. Бір жағынан, бұл – ТМД елдерінің де алдындағы өзекті мәселе болатын. Сол жылдары ТМД елдерінің жер реформасына байланысты кеңес құрылды. Мен соған мүше болдым. 1995 жылы осы кеңесте Мемлекеттік жер кадастарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі жайында баяндама жасадым. Оны осы кеңесте ұсындым. Жоба бекітілді. Аталған жоба Қазақстан мен Ресейде іске асырылды. Мұны жасау барысында АҚШ пен Еуропа елдерінде болып, солардың жұмысымен таныстым. Көптеген шаруа атқарылды. Бар күш-жігерімді осыған жұмсадым. Мәселен, жер мәселесіне қатысты 100-ден астам әдістеме мен нұсқаулық және нормативтік құжат өндіріске енді. Жер ресустарының әлеуетін басқару және пайдалану, монопольді – мемлекеттік меншіктен әртүрлі меншік түрлеріне көшу, ақылы жер пайдалану механизмі жетілдірілді. Геоақпараттық жүйе технологиялары негізінде жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құрып, жер ресурстарының мониторинг жүйесі қалыптасты. Жер ресурстарын басқару мен жерге орналастыру бойынша жаңа инновациялық ғарыштық технология енгізілді.
Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі еліміздегі электрондық үкіметті құру мен қалыптастыруға жол салды. Бүгінгі «Цифрлық Қазақстан» электрондық бағдарламасының негізін қалады.
– Біраз жасқа келдіңіз. Көргеніңіз көп. Өмірдің қызығы неде деп ойлайсыз?
– Қазір жасым тоқсанға жақындап қалды. Осы аралықта өмірдің қайғысы мен қуанышын қатар көріп келе жатырмын. Мен бала күнімнен кітапты көп оқыдым. Білім алуға ынтық болдым. Осы қасиетім ғылымға жетелеп алып келді. Нағыз ғалым ізденісін ешқашан тоқтатпайды. Өз басым әлі күнге дейін сарылып жұмыс істеймін. Оқимын. Зерттеймін. Мақала жазамын. Ғалым үшін өмірдің қызығы – тоқтаусыз ізденіс. Ұлт деңгейін көтерген ғылымның қадірі бар. Әлемдік дүрмек, жалаң ғылыми есеп, құр еліктеу жарға жығады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Азамат Есенжол,
«Egemen Qazaqstan»
 
                         
                                