Қазақстандық банктік карталар шетелде бұрынғыдан да белсенді қолданылып келеді. 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында қазақстандықтар шетелде 200 миллионға жуық операция жасаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20,1%-ға көп, деп хабарлайды Zakon.kz.

Өсу қарқыны әлі де жоғары болғанымен, алдыңғы жылдармен салыстырғанда біршама баяулаған, 2024 жылы өсім +38,3%, 2023 жылы +75,4% болған. Айта кетейік, дәл 2023 жылы көрсеткіш алғаш рет тұрақты екі таңбалы өсімге жетіп, 2022 жылғы қарапайым +5,1% деңгейінен едәуір асқан еді.

Бірінші несие бюросының мәліметінше, барлық операциялардың жалпы көлемі 3,7 трлн теңгеге (шамамен 7 млрд доллар) жеткен. Бұл – 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28,6%-ға көп.

Қолма-қолсыз операциялар

Барлық операциялардың 98%-ын қолма-қолсыз төлемдер құраса, олардың үлесі жалпы айналымның 91%-ына (шамамен 3,3 трлн теңге) тең. Финтехтің дамуы, мобильді қосымшалардың кеңінен таралуы және банктердің халықаралық төлем жүйелерімен интеграциясы қазақстандықтарға шетелде есеп айырысуды әлдеқайда жеңілдетті.

Өз кезегінде, қолма-қол ақша шешу операцияларының саны керісінше азайған: 2025 жылдың тоғыз айында мұндай операциялар 8,3%-ға төмендеп, 3,9 млн болды. Алайда сомалық тұрғыда керісінше 1,7%-ға өсіп, 323,5 млрд теңгеге жеткен. Бір операцияның орташа мөлшері 83,9 мың теңге, бұл өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға жоғары.

Онлайн төлемдер

Барлық төлемдердің 10-нан 7-і (70%) интернет немесе мобильді құрылғылар арқылы жасалады. Бір онлайн-төлемнің орташа сомасы 13,6 мың теңге, былтырғы 12,3 мыңнан жоғары.

Қолма-қолсыз төлемдер жалпы айналымның 91,1%-ын қамтамасыз етіп, 2,9 трлн теңгеге жетті (+33% жылдық өсім). Қолма-қол ақша шешудің үлесі бар болғаны 8,9%, оның көлемі небәрі 2,9%-ға өсіп, 288,1 млрд теңгені құрады.

Қазақстандық карталар ең жиі қолданылатын 3 ел:

  • Ресей – ең көп операциялар мен аударымдар жасалатын нарық.
  • Түркия – саяхатшылар мен онлайн сатып алушылар жиі пайдаланатын бағыт.
  • Өзбекстан – трансшекаралық төлемдер мен аударымдар белсенді өсіп келеді.

Бұл елдердегі белсенділіктің артуы ең алдымен банктік инфрақұрылымның дамуы, яғни шетелдік эквайерлермен интеграция, халықаралық төлем шлюздеріне қосылу және кроссбордер сервистердің кеңеюімен байланысты.