Шетелдік сапасыз, зиянды, «сиқыры» күшті түрлі азық-түліксымақ шекараны «бұзып-жара» кіріп жатыр. Жасық өнімдердің кеңістігімізде ерке баладай еркінсуіне тұтынушы ретінде жол беріп отырған жайымыз бар.
Ойда жоқта көшеде жолығып қалған таныс ағам «үйге кіріп, түскі ас ішіп кет», деп ілтипат көрсетті. «Жарайды» дедім. Зәулім үйге кіргенімізде қарсы алдымыздан 13-14 жас шамасындағы екі ұл бала шығып амандасты. Жеңгей бір туыстарының үйіне шілдеханаға кеткен екен. «Нешауа, өзіміз де түскі астың қамын жасай аламыз, тоқпеш дайын, тамақ бар, нан-пан, салат, тәтті тоңазытқышта толып тұр», деді ағамыз жайдары қалыпта.
Кең де сәулетті, не керектің бәрі бар асханада отырмыз. Есік жақтағы бұрышта дәу мұздатқыш пен бойы екі метрдей, ені жалпақ, мес қарын тоңазытқыш дыңылдайды. Ағам екі баласына дастарқан жасауды бұйырды да: «Сендер таңертеңнен бері тамақ іштіңдер ме өзі?», деп сұрады. Екеуі де жарыса «жоқ» деді. Бұл «неге?» деп еді әлгі екеудің бірі «үйде жейтін ештеңе жоқ, жылан жалағандай, ашаршылықта да мұндай болмаған шығар...» деді жұлып алғандай. Ағамның өңі күреңітіп барып басылды. Сосын маған қарады. Көзқарасынан «міне, естідің бе, тоқшылық заман балаларының сөзін?» деген сыңай анық байқалды. Сосын ол балаларына дауысын қатайта: «Мына тоңазытқышта толып тұрған ас-ауқатты көрмедіңдер ме?» деген сауалына «Көрдік, бірақ оларды жегіміз келмейді. Тәбетіміз тартпайды» деген жауап алды балаларынан. «Иә, сендерге керегі кола-пола, түрлі сусын-пусын, «майонезбен» шыланған «сэндвич», «хот-дог» сияқтылар мен «чипси», «кириешки», тағы не бар еді құдай-ау, сондайлар ғой. Соларға әбден үйреніп қалғансыңдар. Ет жеуді, ағарған ішуді қойдыңдар түге», деді балаларын жақтырыңқырамай.
Тоқ тоңазытқыштың ішінен ас-ауқаттың, салаттың, тәттінің неше атасы «ақтарылып» түсті. Дастарқан жайнап кетті. Қайсысын жеріңді білмейсің. Әсіресе қойдың тоңазыған майлы еті, жал-жая, буы бұрқырап тостаққа құйылып келген нарын қандай дәмді десеңізші, тіл үйіреді.
Ағам алғашқыдай емес пәс көңілде отыр. Үйде тамақтың неше түрі болса да ұлдарының «түк жоқ» дегеніне налып, құнарлы асқа емес, жасық, пайдасынан зияны басым, дайындалуы күмәнді түрлі кәкір-шүкірге құмар, тәуелді қылып қойған мына заманның беталысын ой елегіне өткізіп отырғанын анық сездім.
Екі бала да жарытып ештеңе жемеді. Әрнені түрткіштеген болды да әкесінен рұқсат сұрап, «әумин» деп орындарынан тұрып кетті.
Түскі астан кейін аулаға шықтық. Екі бала көлеңкеде отыр екен. Қолдарында бір-бірден білектей «сэндвич», бұралақтатып соғып отыр. «Иә-әә, бәріне шешесі екеуміз кінәліміз, бұларды әлгі нәрсіз кірме ас-судан тыя алмаған, соларға үйірсек етіп қойған», деді ағам күрсіне...
Мен өз жөніммен кеттім, жолай әлгі көрініс түрлі ойға жетеледі.
Тамақсымақ, зиянды, бірақ қандай сиқыры барын, құлқынды дәмімен құлдық ұрғызып қойған тәбет алдар, ағза былғар дүниелер толып кетті. Жұртты өзіне иілдіріп қойған. Не істейсің? Жарнамасы жаналқымнан алған, алдамшы дәмі мен сыртқы көрінісімен баураған айнала толы ассымақтардың шеңгелінен қалай құтыламыз? Құнды дүниелеріміз шетелден енген арзанқол өнімдерге жол беріп, кейінге ысырылып қала бере ме? Қанымызға сіңген, қазақтың дәм сезу мүшесі ғана құмарта қабылдайтын ұлттық тағамдарымыздан жерініп бара жатқандаймыз ба, қалай?
Қымыз дәмі де бір бөлігімізге жат болып барады. Қымыз ішуді құп көрмейтін, дәмінен тыжырынатын, есесіне түрлі құтыдағы улы сусындарға ден қойған жастарымыздың көбеюі де ұлттық кодымыздан алыстатпай қоймас, сірә.
Дәм тұщыну, дәм сезіну тұрғысындағы ұлттық кодымызды, жадымызды жойып алмау ұлттың болашағын, денсаулығын ойлау, халықтық төл қасиеттерімізді сақтау ісі екенін айтқымыз келеді. Бүгінгі ұрпақ дәм сезуде, ас тұщынуда қазаққа ғана тән түйсіктен ажырап қалмауға тиіс. Сондықтан халқымызды мейлінше құнарлы, пайдалы азықпен қоректендіру, оларды қолжетімді ету жағын да ойлауымыз керек-ақ.