Бұған дейін жаһандағы ең басты әрі абыройлы бірлестік саналып келген Біріккен Ұлттар Ұйымы кейінгі жылдарда әлсірей бастағаны жасырын емес.
Биыл ұйым қаржылық қиындықтарға байланысты әлемдегі мыңдаған қызметкерін жұмыстан қысқартып жатыр. Тіпті, дамыған елдердің өзі ұйымның мәселесіне бас ауыртқысы келмейтін секілді.
Гуманитарлық көмек үйлестіру жөніндегі БҰҰ басқармасы 2026 жылғы қызметін қамтамасыз ету үшін донор елдерден қазір 33 миллиард доллар сұрап отыр. 2025 жылға 45 млрд доллар сұраған болатын. Алайда елдер тек 12 млрд доллар беріп, кейінгі 10 жылдағы ең төменгі көрсеткіш тіркелді. Келер жылы да қаржыландыру аз болатынға ұқсайды.
Сарапшылар бұның себебін геосаяси жағдайлармен ұштастырып отыр. Түрлі қақтығыстарды желеу еткен АҚШ пен Еуропаның ірі мемлекеттері қаржы беруін қысқарта бастады. Оның залалын гуманитарлық қызметпен және босқындармен жұмыс істейтін БҰҰ агенттіктерінің мыңдаған қызметкері тартып отыр.
Енді амал жоқ, БҰҰ басшылығы үнемдеудің қамына кірісіп, гуманитарлық қызметтің құрылымын қайта қарауға көшті. Яғни, көмекке мұқтаж кей аймақ тізімнен сызылуы мүмкін. Ал қазір әлемде соғыс, індет пен табиғи апаттардан зардап көріп жатқан адамдардың саны 135 миллионға жетіп отыр.
– Қазір бүкіл жерде отбасылардың қиындық көріп жатқанын білемін. Бірақ өткен жылы әлем қорғанысқа, зеңбіректер мен қаруларға – 2,7 трлн доллар жұмсады. Ал біз сол соманың 1 пайызынан сәл асатынын ғана сұрап отырмыз, – деп ашынған Гуманитарлық көмек үйлестіру жөніндегі БҰҰ басқармасының басшысы Том Флетчер.
Ұйымның болашағына қатысты күмән көбейген қазіргі кезеңде жаһандық саясаттағы жаңа шындықты мойындау қажет екенін Халықаралық сарапшы, саясаттанушы Жанат Момынқұлов та растап отыр.
– Біріккен Ұлттар Ұйымы бүгінде тарихындағы ең күрделі кезеңді бастан өткеріп отыр. Қаржылық тапшылық, қызметкерлерді жаппай қысқарту, дамыған елдердің жарна аударудан бас тартуы, геосаяси шиеленістердің салмағы, мұның бәрі ұйымның жаһандық саясаттағы рөлін бұрынғыдан да әлсіретті. Үлкен державалар арасындағы бәсекелестіктің күшеюіне байланысты Қауіпсіздік Кеңесінің ортақ шешім қабылдау қабілеті төмендеді. Осының бәрі "БҰҰ енді тек қағаз жүзіндегі ұйым болып қала ма?" деген заңды сұрақ тудыратыны қисынды, – дейді сарапшы.
Саясаттанушының сөзінше, қаржылық және институционалдық дағдарыс мәселенің бергі жағы ғана. бөлігі ғана шығар. Алпауыт елдердің текетіресінен кейін БҰҰ-ның маңызды деңгейі түсіп кетті. АҚШ пен Қытай бәсекелестігі, Ресейге қатысты санкциялық дау, Таяу Шығыс және Украинадағы қақтығыстар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін іс жүзінде әрекетсіз, ықпалсыз, мардымсыз, пайдасыз ұйым ретінде қалдырды. Кеңестің ортақ шешім қабылдау қабілеті әлсіреген сайын мемлекеттер маңызды мәселелерді ұйымға жүгінбей-ақ шешіп жатыр. G20, BRICS+, ШЫҰ сияқты алаңдардың белсенділігі – осының айқын дәлелі.
– Қызығы сол, ұйымның саяси салмағы азайғанымен, оның гуманитарлық, климаттық және әлеуметтік бағыттардағы рөлі бұрынғыдан артты. Ал АҚШ-тың USAID қызметінің орны ойсырап бос қалды. Есесіне UNHCR, UNICEF секілді агенттіктер миллиондаған адамға көмек көрсетуде. Климат мәселесін де БҰҰ-сыз шешу мүмкін емес. COP саммиттері жаһандық келісімдердің жалғыз алаңы болып отыр. COVID-19 пандемиясы кезінде дәл осы БҰҰ мен ДДСҰ халықаралық үйлестірудің негізгі орталығына айналды. Яғни, БҰҰ-ның практикалық қызметін басқалар алмастыра алмайды, – дейді Халықаралық сарапшы Жанат Момынқұлов.
Ал ұйымның болашағы қандай болады? Сасяаттанушы бұл тұста бірнеше сценарийді қарастыруға болатынын жеткізді. Біріншіден, ең реалистік нұсқа – осылай әлсірей береді. Дегенмен қауіпсіздік саласында бұрынғыдай ықпалды болмаса да, гуманитарлық және климаттық бағыттарда басты ойыншы болып қалады.
Екінші нұсқа, көп полюсты әлемге өту барысы. Үндістан, Бразилия, Сауд Арабиясы, Түркия, Қазақстан секілді орта державалардың күшеюі БҰҰ-ны қайта реформалауға итермелеуі мүмкін.
Үшінші нұсқа, жәй тек символдық ұйым болып қалуы мүмкін. БҰҰ ресми мәртебесін сақтағанымен, нақты ықпалынан айырылып, дипломатиялық клуб деңгейінде қалуы да ғажап емес.
– Алайда ұйымның толық жойылуы әзірге ықтималдығы ең төмен сценарий болар. Себебі әлемдегі көптеген мемлекет үшін БҰҰ – легитимділік пен дипломатиялық қорғанның жалғыз көзі. Тағы бір тұсы, теориялық тұрғыдан БҰҰ әлсіреген сайын орта державалардың рөлі артады. Қазақстан үшін бұл халықаралық медиациядағы рөлін күшейтуге, су және климат дипломатиясында бастамашы болуға, аймақтық қауіпсіздік архитектурасында белсенді ойыншыға айналуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, БҰҰ-ның гуманитарлық және даму агенттіктерімен тікелей жұмыс істеу Қазақстанға халықаралық бедел жинауға жол ашады, – дейді сарапшы.
Қорытындылайтын болсақ, БҰҰ бұрынғыдай әлемдік тәртіптің басты тірегі болудан қалғанын Жанат Момынқұлов та айтып отыр. Бірақ ол жойыла салар ұйым емес. Саяси ықпалын жоғалтып жатқанымен, климат, гуманитарлық көмек, даму және халықаралық нормаларды үйлестіру салаларында рөлі әлі де өте жоғары. Сондықтан БҰҰ жаңа әлемдік тәртіпке бейімделіп бара жатыр.