Қазақстандық әнші Біназир Ермағанбетова Қытайдағы беделді музыкалық марапаттардың бірінде жеңіске жетті. Ол қытайлық рэпер JayTrue-мен бірге орындаған «巴适» (Bāshì) әні үшін Pop Songs Chart 2026 сыйлығында «Жылдың танымал әні» аталымын иеленді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қазір бұл композиция Қытайда кеңінен таралып, әлеуметтік желілерде әнге түрлі челлендждер түсіріліп жатыр. Сондай-ақ трек Шанхайдағы клубтарда жиі қойыла бастаған.
Әннің атауы сычуань диалектісінен алынған. «Bāshì» сөзі ләззат, жайлылық, рахаттану, таңданыс секілді мағыналарды білдіреді. Қазақ тіліндегі «рақат» сөзіне жақын ұғым ретінде түсіндіріледі.
Біназир Ермағанбетова үшін биылғы жыл шығармашылық тұрғыдан ерекше болып отыр. Бұған дейін ол Қытайдағы танымал The Rap of China жобасының сахнасына шығып, қытай тілінде өнер көрсеткен еді. Енді қазақстандық әртістің халықаралық сахнадағы қадамы музыкалық марапатпен жалғасты.
Өнер иесінің өзі бұл жетістікке әлі де толық сене алмай жүргенін айтып, болған жағдайды орындалған түс секілді қабылдап отырғанын жеткізді.
Біназирдің сөзінше, жетістікке жетудің басты сыры — көп сөйлемей, жүйелі еңбек ету және істеп жүрген жұмысыңнан ләззат ала білу.
«Сөз аз, еңбек көп болуы керек. Ең бастысы — сол еңбек өзіңе қуаныш сыйлауы тиіс. Халқымыз бекер айтпаған: “Еңбектің наны тәтті”», — дейді ол.
Қазақстандық өнерпаздың Қытай музыкалық нарығындағы бұл жетістігі оның халықаралық аудиторияға танылу аясын кеңейтіп келеді. Біназир Ермағанбетова қытай тілінде өнер көрсетіп, жергілікті орындаушылармен бірлескен жобалар арқылы жаңа тыңдарман жинап жүр.
Дереккөз: Skif News · Марина Ахметжанқызы




