Танымал актер Жанболат Найзабеков анасына қатысты әсерлі естелігін айтып, көзіне жас алды. Бұл туралы ол Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Актер бесінші ұлы дүниеге келген кезде анасы үйіне келгенін еске алды. Оның айтуынша, анасы немересін көре алмайтынына қынжылған.
«Бесінші ұлым дүниеге келген кезде, анам үйге келіп, залда отырды. "Немеремді көрмей отырмын. Даусын естимін, бірақ немеремді көрмей отырмын" деді. "Түк көре алмаймын" деп жүрегі ауырды. Мен сыртқа шығып кеттім. Әрекет жасағым келеді, бірақ не істейтінімді білмеймін. Сынақ қой», – деді актер.
Жанболат Найзабеков анасының көру қабілетіне байланысты жағдайды әкесінің сөзімен байланыстырды.
«Әкем "ұста пышаққа жарымайды" дейтін. Өзім көз дәрігерімін, бірақ әйелімнің көзі көрмейді деп айтты», – деді ол.
Актер анасының бір кездері Дубайға баруды армандағанын да айтып берді.
«Анам: "Балам, байыған кезде Дубайға апаршы", – деді. "Болады, мама", – дедім. Амалсыз деген нәрсе осы екен ғой. "Мен сізді қалаған жаққа апара аламын, бірақ сіз оны көрмейсіз", – дедім», – деді Жанболат Найзабеков.
Актердің бұл әңгімесі жүргізуші Ләйлә Сұлтанқызына да әсер етіп, ол көзіне жас алды. Желі қолданушылары да актерге қолдау білдіріп, пікірлерін жазған.
Дереккөз: Skif News · Сағыныш Назар




