Сырдария деңгейінің төмендеуіне байланысты Қызылорда шаруалары су үнемдеуге көшті, деп хабарлайды 24kz.

Олар арналарды тереңдетіп, су айдау қондырғыларын орнатып жатыр.

Мамандар қашыртқы суларын да қайта пайдалануды жоспарлап отыр. Ал өзеннің төменгі жағындағы Қазалы ауданының диқандары тығырықтан қалай шығады?

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Қазалы ауданындағы шаруашылықтардың бірі биыл күріш алқабын қысқартып, жоңышқа көлемін арттырған. Былтыр 750 гектарға күріш еккен. Биыл бұл дақылды 550 гектарға дейін азайтты. Есесіне жоңышқа көлемі үш есеге ұлғайып, 300 гектарға жетті. «Бұл – жер құнарын сақтап, суды үнемдеу үшін қолға алынған шаралар», - дейді агроном.

Кеңес Шайықов, агроном:

- Шамасын екі жылдай осы үш каналмен жұмыс істеймін. Үш каналды да 45 шақырым қаздырып алдық. Соның арқасында су алу жөнінде бірден судың келуіне де бізге көп көмек болды. Біреу биікке орналасады, біреу төменге орналасады, сол арқылы биіктерді бірінші беріп алады, сосын барып ылдиға түсеміз. Бәріміз келісіп отырмыз. Кезек сол.

Биыл ауданда 6436 гектарға күріш егу жоспарланған еді. Алайда Сырдария өзеніндегі судың азаюына байланысты бұл көлем 800 гектарға дейін қысқартылды.

Сапарбек Қуатов, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары:

- Қазіргі уақытта жоғарғы жақтан судың көлемі аз түседі деген болжам бар. Сондықтан кеше аудан әкімдігіне шаруашылық басшыларын шақырып, ратацияны сақтау жөнінде және нақты көлемді анықтап отырмыз. Сол жөнінде дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Биік жерлерге насостар қойып, шығару жөнінде. Қалай жағдайлар туындаса, сол бағытта жұмыстар істеу жөнінде іс-әрекет жоспарлары дайындалуда.

Облыс бойынша биыл 193 мың гектардан астам жерге егін егу жоспарланған. Оның ішінде күріштің үлесі – 80 мың 900 гектар. Алайда су тапшылығының алдын алу үшін қосымша шаралар қабылданып жатыр. Мамандар қашыртқы арналарындағы суды да кәдеге жаратпақ.

Талғатбек Дүйсебаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Шаруалар да қазір құр қарап отырған жоқ. Осы су тапшылығының алдын алу мақсатында облыс бойынша 357 насос қондырғыларын дайындап отыр. Күріштің көлемін сақтап қалуға қашыртқының суын пайдалану арқылы біз осы су тапшылығының алдын алатын боламыз.

Сонымен қатар су үнемдеу технологиясын пайдалану көлемі де ұлғайды. Биыл тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісімен егілетін алқап көлемі екі есеге артып, 4400 гектардан 9200 гектарға жетпек.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин