Арал ауданындағы Тоқабай, Ерімбетжаға елді мекендеріне ауыз су желісі жеткізілді. Осыған дейін суды тасып ішіп отырған қос елді мекен халқы нысандардың ашылу салтанатына жиналды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық аймағы ауыз сумен қамтылуы керек. Облыс аумағында 3 жылдан бері 14 млрд теңгенің 60 жобасы қолға алынған. Өткен жыл қорытындысы бойынша өңір халқын орталықтандырылған ауыз сумен қамту деңгейі 98,6 пайыз болса, биыл 9 елді мекенге ауыз су жеткізіледі.
Осы ауданның өзінен 8 млрд 100 млн теңгеге Абай, Тоқабай, 1 млрд 45 млн теңгеге Ерімбетжаға, Тастүбек елді мекендерін ауыз сумен қамту жобалары жүзеге асты. Осылайша өңірдегі барлық елді мекен 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов қос ауыл тұрғындарын құттықтап, мердігер мекеме қызметкерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Ел ақсақалдары ұлық мереке қарсаңындағы бастамаға ризашылық білдіріп, баталарын берді.