Қазақстандағы заңдар жиі өзгереді . Кейінгі он жылда құжаттардың әрқайсына 100-ден астам өзгерту мен толықтыру енгізілген, деп хабарлайды 24kz.

Сондықтан қолданыстағы заңдарда қарама-қайшылық көп. Оларды ғылыми негіздемеге сай реттеу керек. Астана Халықаралық университетінде өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда ғалымдар осындай ұсыныс жасады. Шара Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық-атқару және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне 10 жыл толуына орай ұйымдастырылған. Сарапшылардың айтуынша, құжаттардың ретсіздігі заңнаманы қолдану кезінде қиындықтар туындатып қана қоймай, білім беру жүйесіне де әсер етеді.

Исидор Борчашвили, заң ғылымдарының докторы, профессор

- Заңдардың жиі өзгеруінен студенттерге дұрыс білім бере алмай отырмыз. Себебі, оларға түсіндіру үшін жаңадан енгізілген нормаларды ғылыми тұрғыдан зерттеуіміз керек. Ал өзгерістер мен толықтыруларды талдап болам дегенше студент оқу бітіріп кетеді. Ғылыми әдебиеттер де тез ескіреді. Жаңа кітап жазып үлгере алмаймыз.

Нұрбек Исабай, Астана халықаралық университеті жоғары құқық жоғары мектебінің деканы:

- Бүкіл заңдар мен кодекстер Конституцияның бірінші бабына негізделуі керек. Бірақ бүгінгі таңда осындай жүйесіз, кейбір жағдайларда әртүрлі ведомстволардың мүдделері негізінде енгізілген өзгерістер нәтижесінде бірқатар қайшылықтар туындап отыр. Конференция соңында осы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жүйелі бір негіз қалыптастыруға ұсыныстар жасалатын болады.