Ақтауда контрафактілік тіс пастасын заңсыз сатқан кәсіпкер жауапқа тартылды. Оған 90 мың теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Маңғыстау облысы соттарының Telegram-дағы ресми арнасында хабарланғандай, Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында жеке кәсіпкер қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 158-бабы бойынша іс қаралған (Бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердің атауын заңсыз пайдалану).
Сотта белгілі болғандай, 2026 жылғы 30 қыркүйекте Маңғыстау облысы Әділет департаментінің қызметкерлері азаматтың өтініші негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізу барысында жеке кәсіпкердің контрафактілік тіс пастасын заңсыз сатқанын анықтаған.
Сот отырысында құқық бұзушы кінәсін мойындап, соттан жеңіл жаза қолдануды сұраған.
Құқық бұзушының кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, өзінің түсініктемесімен, тексеру жүргізу жөніндегі актісімен, айғақ заттармен және өзге де құжаттарымен дәлелденген.
Сот жаза белгілеу кезінде оның жауаптылығын жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәні мойындауын, құқық бұзушылықты алғаш рет жасауын, ал ауырлататын мән-жайлардың жоқ екенін ескерген.
Осыған байланысты сот кәсіпкерге ӘҚБтК-нің 158-бабының санкциясында көзделген 30 АЕК (129 750 теңге) мөлшеріндегі айыппұлды 30 пайызға қысқартып, айғақ заттарды тәркілеумен бірге түпкілікті 90 825 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл жазасын белгілеген.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Дереккөз: Nur.kz · Гүлмира Ерубаева




