Бөлімдер
Актуалды

Тоқаев жасанды интеллектіні бейбіт әрі жауапкершілікпен дамытуды қолдайтынын айтты

Тоқаев жасанды интеллектіні бейбіт әрі жауапкершілікпен дамытуды қолдайтынын айтты

Сурет: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев AI & Digital Bridge – 2026 халықаралық форумында жасанды интеллектіні дамыту, оны қауіпсіз әрі жауапкершілікпен пайдалану мәселелеріне тоқталды.

Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

Мемлекет басшысы елімізде цифрлық трансформацияның құқықтық негізі қалыптасқанын атап өтті. Бұған дейін Қазақстанда Цифрлық кодекс пен «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданған болатын.

Президенттің айтуынша, ендігі маңызды міндеттердің бірі – жаңа технологияларды тиімді пайдаланып қана қоймай, жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану мәдениетін қалыптастыру.

«Жасанды интеллект – жаһандық құбылыс. Ешбір мемлекет оның әлеуетін жалғыз өзі толық пайдалана алмайды. Бізге халықаралық деңгейдегі білім алмасу, бірлескен зерттеулер, инвестициялар қажет. Технологиялық ынтымақтастық пен кадрлық әлеуетті дамытқан жөн. Қазақстан жасанды интеллектіні бейбіт мақсатта, қауіпсіз әрі жауапкершілікпен ілгерілетуді дәйекті түрде қолдайды. Технология адамға қызмет етіп, өркениеттің катализаторы болуы керек. Біз осы ұстанымнан айнымаймыз. Жасанды интеллект жікке бөлмеуі қажет. Технологиялық кедергілер елдердің арасын алшақтатып, дамуымызды баяулатады. Сондықтан бүгінде ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың қалыптасқан арналарын сақтау өте өзекті. Халықаралық ықпалдастыққа қатысты көзқарасымыз ұлттық мүдделерді құрметтеу және технологияны бейбіт мақсатта қолдану қағидасына негізделеді», – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев жасанды интеллектінің мүмкіндіктері артқан сайын жаңа қауіп-қатерлер де пайда болатынын атап өтті. Оның сөзінше, киберқауіпсіздік, деректердің қорғалуы мен алгоритмдердің ашықтығы ерекше назарда болуы керек.

«Киберқауіпсіздік, деректерді қорғау, ақпараттың сенімділігі, алгоритмдердің ашықтығы, қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілік – мұның бәрі кезек күттірмей қаралуға тиіс мәселелер. Шын мәнінде, жасанды интеллектіні қазіргі заманның мықты құралы, тіпті, қаруы деп те айтуға болады. Сондықтан оның әлемдік дамуға пайда немесе зиян әкелуі ең алдымен адамзатқа тікелей байланысты болмақ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жасанды интеллектінің жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отырғанына да назар аударды.

«Жастарымыз осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, жасанды интеллектіні еркін меңгерген, әр нәрсеге сын көзбен қарайтын білімді тұлға болып қалыптасқаны маңызды», – деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, жаңа технологиялық кезеңде елге тек дайын цифрлық өнімдерді пайдаланатын емес, оларды өзі жасай алатын жоғары білікті мамандар қажет.

Сөз соңында Президент Қазақстан жаңа технологиялық экономиканың берік негізін қалыптастырғанын айтты.

«Цифрландыру және жасанды интеллект жылының басты мақсаты – қол жеткізілген табыстарды әр азаматтың игілігіне айналдыру. Жаңа технологиялық дәуірде еліміздің лайықты орын алуына қажетті алғышарттар бар. Табысымыз терең білімге, батыл шешімдерге, прагматикалық тәсілдер мен жауапты іс-әрекетке байланысты болмақ. AI & Digital Bridge таланттар мен идеяларды біріктіріп, халықаралық ынтымақтастықты тереңдете түсетініне, өршіл жобаларды қолға алуға ықпал ететініне сенімдімін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Форум аясында Мемлекет басшысы жасанды интеллект, роботты техника және цифрлық технологиялар саласындағы отандық жобалармен де танысты. Олардың қатарында AI-Enabled University моделі, Trusted Kazakhstan, ALFA жобалары және Aitu ұлттық мессенджерінің жаңа мүмкіндіктері таныстырылды.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Дереккөз: Qazaq Today · Алмас Жарасхан