Блогер Эльмира Төлегенова әлеуметтік желіде күйеуі Ерболат Жанәбіловпен жанжал болғанын айтып, гардеробқа кіріп, есікті ішінен жауып алғанын көрсетті. Оның сөзінше, күйеуі жеке заттары мен телефондарын алып, әлеуметтік желідегі стористерін өшіруге тырысқан, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
«Күйеуім Ерболат Жанәбілов менің жеке заттарымды, телефондарымды, әлеуметтік желілерімді тартып алғалы жатыр. Қазір мен гардеробқа кіріп, есікті жауып, іште отырмын. Екінші телефонымда 5 пайыз ғана қуаты қалды. Ол қазір осы жерге өзінің туыстарымен, ағайындарымен бірге кірмек. Олар маған қысым көрсетіп, манипуляция жасап жатыр. Өйткені мен олардың отбасына қатысты қандай да бір ақпаратты әлеуметтік желіге жариялап қоямын деп қорқады. Ол менің барлық стористерімді өшіріп жатыр», – деді блогер.
Оқиғаға қатысты Астана полициясы ерлі-зайыпты арасында отбасылық-тұрмыстық жанжал болғанын растады. Ведомство мәліметінше, полиция оқиға орнына барған кезде жанжал фактісі расталған.
Алайда кейін Эльмира Төлегенова ешкімнің өзіне қол көтермегенін айтып, әлеуметтік желіде жалған ақпарат тарап жатқанын мәлімдеді.
«Арамызда төбелес немесе басқа да күш қолдану болған жоқ. Қазір кейбіреулер жалған ақпарат таратып, жағдайды басқаша көрсетуге тырысып жатыр. Сондықтан бұл жерде қандай да бір хайп іздеудің қажеті жоқ. Ерболат екінші телефонымды алып қоймақ болғандықтан, мен гардеробқа кіріп, есікті жауып алдым», – деді ол.
Блогер сонымен қатар Ерболат Жанәбіловпен ажырасып жатқанын айтты.
Еске салайық, бұған дейін Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шыққан. Ерболат Жанәбіловке 2 жыл шартты жаза тағайындалса, Эльмира Төлегенова 2 жылға бас бостандығынан айырылған.
Дереккөз: Skif News · Сағыныш Назар




