Жаз келмей жатып-ақ кейбір аймақтарда тұрғындар кененің зардабын тарта бастады.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, күн жылығалы бері елде 6 мыңға жуық адам кене шағуға байланысты медициналық көмек алған. Мамырдың алғашқы аптасының өзінде 1500-ден аса дерек тіркелген, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Әдеттегі жылдарға қарағанда кененің белсенді болып тұрғанын ведомство өкілдері де жасырмайды. Тіпті, бір адам Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын жұқтырып, қайтыс болған. Оның үстіне кенеге қатысты шағымдар да көбейіпті. Ал медициналық көмек алғандардың тең жартысы – балалар.
Әсіресе оңтүстік өңірлер – Алматы, Жетісу, Жамбыл және Абай, Шығыс пен Солтүстік Қазақстанда қауіп басым. Астананың саябақтарының өзінде бұндай жағдай кездескен.
Бір қарағанда қарапайым жайт көрінгенімен, кенеден туындайтын аурудың түрі көп. Оның қатарында кене энцефалиті, Лайм ауруы, туляремия, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, қайталамалы сүзек пен риккетсиоз секілді аурулар бар. Бұл дерттер тым қауіпті санатқа жатады.
Мәселен, бірнеше күн бұрын Жамбыл облысының Шу ауданында бір ер адам конго-қырым геморрагиялық қызбасын жұқтырып қайтыс болды. Марқұм мал шаруашылығымен айналысқан, кене шаққан кезде де немқұрайды қарап, дәрігерлерге тым кеш жүгінген. Ақыры қайғылы оқиғаға соқтырып отыр.
Мамандар қазір оңтүстік өңірлерде қауіпті инфекция тасымалдауы мүмкін кенелердің көбейгенін айтып отыр. Оның үстіне кененің кеселін үй жануарлары мен мал да тасымалдай береді.
Эпидемиологтар иксод кенесі шаққаннан кейін аурудың асқынуы 14 күнге дейін созылатынын алға тартады. Осы аралықта адамның қаралып үлгергені жөн. Әуелде белгілері тым қорқынышты көрінбейді, жай тұмау секілді, қызу көтеріледі. Кейін жағдай тоқтаусыз нашарлай береді. Жоғарыда конго-қырым геморрагиялық қызбасын қайта-қайта текке айтпадық. Себебі бұған қарсы вакцина әлі жоқ.
"Ауыл-аймақтарда медициналық көмекке жүгінбейтін, өз бетімен үй жағдайында кенені алып тастап, бәрі жақсы деп жүре беретін адамдар бар. Дәрігер ретінде кеңесім: кенені беталды алып тастауға, жұлып алуға болмайды. Тек медицина мамандарына барып көрініп, орнын тазалату керек. Дегенмен ахуал күрт нашарлады деп айтуға келмейді. Қай өңірде де көктем ерте келсе, кененің белсенділігі де соғұрлым ерте басталады. Қазір елімізде кене арқылы жұғатын аурулар қатарында Қырым-Конго қызбасы мен кене энцефалиті тұр. Ертерек емделмесе түрлі асқынуға ұласып, мүгедек болып қалуы ықтимал", – дейді медицина сарапшысы Жазира Жұрханқызы.
Бір қызығы, дәрігерлер Қазақстанда кене шаққаннан кейін менингит те жиі пайда болатынын жеткізді. Уақытылы емделмеудің салдарынан орталық жүйке жүйесі, бауыр, қантамыр жүйесі зақымдалады, тіпті ішке қан кетуге дейін болуы мүмкін. Яғни, өзі кішкентай жәндіктің зияны біз ойлағаннан тым үлкен.
Кене кейде елордада демалыс орындары мен саябақтардан да шығып жататынын айттық. Ата-аналар баласының үстінен көріп, шағым айтқан жағдайлар да кездескен.
"Кененің өзін жұқпалы, жұқпалы емес бөлуге болады. Біз жыл сайын жағдайды зерттеп, бақылап отырмыз. Байқағаным, қаламыздағы кенелер шақса да, денеге тисе де, аса қауіпті ауру туғызбайды. Оңтүстіктегі, шығыстағы, Ақмола облысындағы орманды, шөбі қалың жерлердегі кененің қоздырғыштары күшті келеді", – деді №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы директорының медициналық бөлім бойынша орынбасары Роза Өтегенова.
Сайып келгенде, "сақтансаң, сақтайды" деген заңдылық тап осы кенелерге де қатысты болып тұр. Жаздың жаймашуақ күнінің осындай да залалы тиер, жағымсыз жақтары барын әр адам ескеріп жүргені абзал. Әйтпесе айналдырған 2 айдан астам уақытта 6 мыңға жуық адамды кене шағуы бейқам қарайтын жайт емес.