Әскерді заманауи техникамен жабдықтау және цифрландыру басым бағыт ретінде аталды.


Алматыдағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов төрағалығымен Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиын 2026 жылғы қысқы оқу кезеңінің қорытындысына арналды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қорғаныс министрі әскерлердің жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын, техникалық жарақталуын, сондай-ақ басқару мен дайындық процестерін цифрландыруды жетілдіру қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар армияны әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерімен, ұшқышсыз басқарылатын аппараттармен, артиллериямен, зымыран кешендерімен және оқ-дәрілермен қамтамасыз ету басым бағыттардың бірі екені айтылды. Қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарында техниканы жөндеу қарқынын арттыру мәселесіне де назар аударылды.

Жиында әскери қызметтегі тәртіпті күшейту, кадр саясатын жетілдіру, әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау және қауіпсіздік мәселелері де көтерілді.

Қысқы оқу кезеңіндегі әскерлердің жауынгерлік әзірлігі туралы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы Қаныш Әбубәкіров баяндама жасады. Ол жауынгерлік даярлық бағдарламасын жаңарту, бірыңғай атыс курсын енгізу және "Бес қару" бағдарламалық модулін іске қосу жоспарлары туралы айтты.

Алқа отырысында әскери техниканың дайындығы, қару-жарақ пен оқ-дәрілердің қауіпсіз сақталуы, сондай-ақ "Батыл тойтарыс-2026" оқу-жаттығуына дайындық мәселелері қаралды.

Жиын қорытындысы бойынша Қорғаныс министрі әскерлердің жауынгерлік қабілетін арттыру, әскери техниканы тиімді пайдалану және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді.