11шілде 2025 ж. «Егеменді Қазақстан» газеті Мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің «Ұлы дала көшпенділер өркениетінің алтын бесігі» атты көлемді, ойтолғау мақаласын жариялады. Әрине, бұл мақала ең алдымен еліміздің тарихшы ғалымдары үшін маңызды: себебі, мұнда «ҚР Мемлекетік кеңесшісі авторлығы»арқылы жақын болашақтағы тарихи ілімнің даму бағыты астарлы түрде көрсетілген: ондағы аталған іргелі категориялық ұғымдар болашақтағы тарихи зерттеулерге «ресми ұсынылған» әдіснамалық және базалық ұстанымдар екені сөзсіз...

Егер аталған мақаланы абстрактілі түрде бірнеше бөліктерге бөліп оқысаңыз, онда әлемдік ғылымда «номадизм» деген атпен қызығушылық тудыра бастаған, өзіміз әуел бастан «Көшпенділер өркениеті» деп атаған түсініктің – отандық тарихшылар үшін базалық ұғымға айналуы тиіс екенін байқауға болады. Оның да себебі болса керек, өйткені, 19 ғасырда оған деген батыстық теріс көзқарас болған. (Мысалы, Гегельдің философиясында оған орын табылмады).

Батыс ойының алғашқы кезеңдерінде көшпенділерді жиі «тағы» әрі «өркениеттен тыс» деп, отырықшы халықтарға, әсіресе қала тұрғындарына қарама-қарсы қоятын. Көшпенділер тұрақтылық пен тәртіпке қауіп төндіретін, зорлық-зомбылық пен қираудың тасымалдаушысы ретінде қабылданды.

Бірақ, уақыт өте келе, тарихи және этнографиялық зерттеулердің дамуына байланысты, батыс философтары көшпенді халықтардың тарихтағы маңызды рөлін мойындай бастады. Атап айтқанда, олар сауда жолдарының қалыптасуына, жаңалықтардың таралуына және әртүрлі өркениеттер арасындағы мәдени алмасуға қосқан үлесін мойындады. Оларды көшпенділік «қирату» емес, – «үздіксіз қозғалыс» екені тәнті етті. Ал, кейбір батыс ойшылдары көшпенділердің еркіндігіне, бейімделгіштігіне және рухани мәдениетіне тәнті болды. Көшпенділер – еуропалық рыцарлардың (серілердің) прототипі ретінде айтыла бастады...

Осы тұрғыда Е.Қариннің «Ұлы дала көшпенділер өркениетінің алтын бесігі» мақаласында төл тарихымыздың адамзат өркениетімен астарластығы, әлемдік өркениетке ықпалы және болашақ бағдары нақты көрсетіледі.

Әсіресе, көшпенділердің өздері иемденген территорияларға бір қалыптағы белгілер балбал тастарды (Е.Қаринде ол «тас сақшылары» деп әдемі айтылған) қалдырып отыруы – сол замандардағы пассионарлық қуатты көшпенділер қауымдастығының өр бейнесін көз алдыға келтіріп, ұлттық жігерге күш беретінін ерекше атап өтуге болады. Шынайы тарих осындай ғылыми көңілкүйде мейлі, ол романтикалық сипатта болсын – жазылуы тиіс деп ойлаймыз.

Енді, кейбір нақты мәселелерге қысқаша тоқталайық:

«Тарихи әділдік – ұлттық жоба» неге? Себебі, әрбір халықтың өз тарихы сол халық үшін әрқашанда Ұлы! Ол оның тарихи жадын қалыптастыра отырып, оның мемлекеттілігі мен дербестігін қорғап отыратын рухани ұлы күш!

Тарихи еңбектер жазу неге көп уақытқа созылады? Себебі,өмірдің алға басуы – тарихтың өзін түзейді, ол – шексіз ілім. Сол сияқты, адамзаттың ақылойы мен ғылымитехникалық мүмкіндігі артқан сайын «тарихқа үңілу» де – шексіз бола береді...

Картографияны тарихи еңбекте қолданудың маңызы. Тарихи еңбекте карталардың көп болуы – «балбал тастар» сияқты құбылыс. Олар да «сақшылар» қызметін атқарады. Өйткені, сол заманғы карталар – сол замандағы ақиқатты көрсетіп тұрған «сақшы тастар» емес пе?

Тарихи көптомдық не себептен жеті томды құрайды? Бқл біз үшін таза символикалық мағынасы бар сан. «Жеті ата» шежірелік ұғым – қазақ тарихының мәні мен мағынасын білдіретін атау. Сонымен қатар, космостық шексіздікке бағытталған аспанның өзі де «жеті қабаттан» (жеті түсті кемпірқосақ сияқты) тұрады емес пе? Ендеше, оны тарихи іліммен байланыстыруда осында терең мағына бар сияқты...

Соңғы мәселеде «Редакциялық алқа құрамында неге философтар жоқ?» деген сұрақты қойғымыз келеді. Негізі, тарихтың өзі белгілі бір логикалық оқиғалар тізбегі десек(тарих философиясы), онда оның мағынасын түсіндіріп отыратын философғалымның алқа құрамында болмауы бізге түсініксіздеу деп, өз назымызды білдіруді жөн көрдік...

Әбдірашит Бәкірұлы, философпублицист, «Қазақ әлемі» қоғамдық бірлестік жетекшісі

Берік Аташ, ӘлФараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия кафедрасының ұстазы