Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15 мамырда Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымы бейресми саммитінің қорытындысы бойынша жиналыс өткізіп, маңызды халықаралық іс-шараға жан-жақты дайындалған облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен өңір тұрғындарына ризашылығын білдірді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы 17 мамырда Мемлекет басшысының кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Telegram-арнасында мәлімдеді.
Осы атқарылған жұмыстың арқасында түркі жұртының қасиетті қарашаңырағы саналатын Түркістан қаласы мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың әлеуетті орталығы ретінде ірі халықаралық іс-шараларды өткізуге әзір екенін көрсетті.
Президенттің айтуынша, шет мемлекеттердің басшылары мен саммитке қатысушылар көлік жолдарының сапасына, жасыл желегі мол көшелердің, саябақтардың тазалығына жоғары баға берген.
Мемлекет басшысы облыс және қала әкіміне еліміздің ғана емес, тұтас өңірдің жауһары – көне Түркістан шаһарын дамыту мен абаттандыру жұмыстарына айрықша мән беруді тапсырды.
Сонымен қатар, Президент Қазақстанның абырой-беделі үшін адал еңбек еткен әкімдік пен мемлекеттік мекемелердің, әскери және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, коммуналдық қызмет жұмысшыларын, еріктілерді, сондай-ақ басқа да белсенділерді мемлекеттік наградалармен, құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапаттау туралы шешім қабылдағанын жеткізді.
Мән-жай
Түркі мемлекеттері ұйымы бес елдің басын біріктіреді: Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстан. Түрікменстан мен Мажарстан — бақылаушылар. Ұйым түркі халықтары арасындағы саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастықты нығайту мақсатында құрылған.
Түркістанда 15 мамырда өткен ТМҰ-ның бейресми саммиті жасанды интеллект және цифрлық даму тақырыбына арналды.
Түркістан ресми түрде түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесіне ие — бұл мәртебе 2021 жылғы наурызда бекітілген. Содан бері қала ірі мемлекетаралық кездесулердің тұрақты алаңына айналды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!