Бүгін – Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері күні. Осыдан тура 33 жыл бұрын Ту, Елтаңба мен Әнұранымыз бекітілді .

Содан бері төл таңбаларымызға бірнеше рет өзгеріс енгізілгенімен, бейбітшілік пен бірліктің қасиетті символы болып қала берді. Тарихи датаға орай бөбекжайлардан бастап түрлі мекемелерде патриоттық шаралар өткізілуде. Онда рәміздердің мән-маңызы мен тарихы айтылып жатыр.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Астанадағы балабақшалардың күнделікті бағдарламасы бұл жолы қастерлі мерекеге арналып отыр. Патриоттық үлгіде киінген бөбектер Әнұранды бірге шырқап, айшықты шараның шымылдығын түрді. Кейін тәрбиешілер мемлекеттік рәміздерде бейнеленген әрбір элементтің мағынасын түсіндіріп берді.

Индира Омарова, балабақша тәрбиеленушісі:

- Елтаңбада қанатты тұлпар бар, шаңырақ бар, күн бар.

Әлия Темірболат, балабақша меңгерушісі:

- Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран балалардың өте қызығушылық тудырады. Өйткені балаларда кіші жастан бастап еліне деген сүйіспеншілігі, отансүйгіштік, патриоттық сезімдері ерте оянады. Біздің мақсатымыз, біздің жоспарымыз елінің нағыз патриотын дайындау.

Мұндай патриоттық шаралар мемлекеттік рәміздерді ұлықтап қана қоймай, ұлт тарихын өскелең ұрпаққа насихаттауға бағытталған. Елдің алғашқы әнұраны 1992 жылы бекітілді. Алайда онда кеңестік кезеңнің сарыны басым-тұғын. «Сондықтан егемендігін алып, етек жеңін жиған елге жаңа гимн қажет болды», - дейді мамандар.

Асылжан Бижан, Геральдикалық зерттеулер орталығының бөлім басшысы:

- Түп төркіні 1956 жылы тың игеру жылдары кезінен бастау алады. Ш. Қалдаяқов пен Ж.Нәжімеденовтер сол кездері Алматыда студент болып жүрген ғой. Ж.Нәжімеденов шахтадағы жұмысынан кейін барып, оқуға түскен кезі. Сол кездегі саяси жағдайларға байланысты туындаған патриоттық ән болды. Одан кейін Е.Хасанғалиевтің «Атамекенімен» бірге бейресми әнұран сияқты болып жүрді де, кейін 2006 жылы кейбір сөздеріне өзгеріс енгізіліп, біздің қазіргі гимніміз болып қабылданды.

Ал Елтаңбаны белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шотаман Уәлиханов дайындады. Кейін ондағы «Қазақстан» жазуы кирилл қарпінен латынға ауыстырылғанымен, негізгі үлгісі сол күйінде сақтаулы.

Автор ішкі істер министрлігінің академия ұжымымен кездесуде елтаңбадағы әрбір элементтің сырын айтып берді.

Ал жарқыраған күн мен самғаған қыран бейнесі бар мемлекеттік тудың алғашқы нұсқасында қызғалдақ пен раушан да болғанын көбі біле бермейді. Әрі соңғы екі элемент қызыл түспен берілген. Алайда кейін олар ұлттық ою мен сары түске алмастырылды.

Асылжан Бижан, Геральдикалық зерттеулер орталығының бөлім басшысы:

- Түрлі түс болып, түрлі эксперттердің, сол кездегі басшылықтың ұсынысымен «неге үш түс?», «көп түс керек емес?» деген оймен, кейін газет бетінің өзінен қиып алып тастаған нәрселерін көрсеңіз болады. Мұрағат құжаттарында да бар. Кейін қызғалдықтың орнына ою қойылған болатын.

Елдің төлтаңбалары терминологиялық тұрғыда да өзгерді. Алғашында олар «Мемлекеттік нышандар» деп аталса, кейін рәміздер болып бекітілді. «Жалау» мен «әнұран» ұғымы ресми тілде «ту» мен «гимн» терминімен алмастырылды. Ал «елтаңба» атауы сол қалпында қалды. Бұл қасиетті символдар әрдайым елдің мәртебесін, бірлігі мен тарихын айқындап тұрады.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Ержан Канапияұлы, Канат Махмұтов